2.08.2019, 17:05
Қараулар: 1219
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

 

 

Мұғалім боп, бала оқытқан ата-анасын үлгі тұтып, солар салған сүрлеуді даңғыл жолға айналдырған әулеттер аз емес. Соның бірі – Жұмашевтар әулеті.

Отағасы Кәкімнің ата-анасының ұстаздық жолын жалғастыруды арман етсе де, заман талабына сай Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумға түсуді құп көрді.

1975 жылы зоотехник мамандығын меңгеріп келген жас маман сол кездегі Құрманғазы совхозына қызметке кірді. Көп ұзамай, әскерге шақырту қағазы келеді, Кәкім ағамыз жұмысын қоя тұрып, әскери міндетін өтеуге аттанды. Тағдырдың жазуы солай болған болар, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Кәкім аға Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепке есепші болып жұмысқа кіреді. Сонда жүріп Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына география пәні мұғалімдігіне оқуға тапсырады. Оқу оқи жүріп, географиядан сабақ та береді. Ынталы жас ізденімпаздығымен аз ғана уақытта ұжым ортасында үлкен беделге ие болады.  «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтпақшы, Кәкім Хаблиұлы шәкірттеріне үлгілі тұлға болды. Сабырлы, тиянақты, өз ісіне мығым жан үлкен-кішіге ізет көрсетіп, ақылы мен тәлім-тәрбиесін беруге де аянған емес. Ол ұстаздықпен қатар халық қалаулысы танылып, депутат та болды. Ол қызметін де абыроймен атқарды.

Кәкім ағаның сүйікті жары Тойған Дүйісова да тәжірибелі мұғалім. Ол алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен Қазталов ауданы Әжібай ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Ағамызбен отау құрған соң Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепке биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасып, әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінен өзіндік орын алды. Бұл ұстаздардың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден ерекшелендіреді. Ерлі-зайыпты педагогтердің жетістіктері де аз емес. К.Жұмашев аудандық, облыстық білім беру бөлімінің алғысхаттарымен, Қазақстан Республикасы  Білім министрінің Құрмет грамотасымен, ал, оның жары Т.Дүйісова да дәл осындай талай алғысхат, дипломдарымен марапатталған. Өздері білім нәрімен сусындатқан шәкірттері өз алдына әр саланың маманы болып, мерейлерін тасытып жүр. Қазіргі таңда қос ұстаз да зейнетте.

Кәкім ұстаздың шаңырақты ұстап қалған ортаншы ұлы Әлібек те ата-анасы салған сара жолды жалғап келеді. М.Өтемісов атындағы педагогикалық университетінен дене тәрбиесі пәні бакалавры атанып, мамандығы бойынша өзі түлеп ұшқан Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепке қызметке тұрады. Бүгінде аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген І санатты ұстаз. Оның жары – Бисен ауылының тумасы Назым Қуанышқалиева да жоғары санатты мұғалім. Ол технология сабағында шәкірттеріне гобелен, кілем тоқуды, әшекей бұйымдар жасауды үйретіп келеді. Қолөнермен айналысқанда түсін, тігісін, композициясын келтіруге бар зейінін, ынта-ықыласын арнайды. Оған қызын да дағдыландыруда.

Қазіргі таңда ардагер қос ұстаз бойларынан жылдар өтсе де сол бір жастық жігердің ұшқыны әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Кәкім аға ауылдық билер кеңесінің мүшесі, медиатор болып, ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Ал, Тойған апа болса немерелерінің тәтті қылықтарына сүйсініп, үйдегі балабақтың басты бағбаны.

Өнегелі ғұмыр кешіп, жарасымды жұбайлық өмірлерімен көпке үлгі болған  ұстаздар әулетіне ел сүйсініп, құрметпен қарайды.

Айша ҚҰРМАШ