2.08.2019, 16:59
Қараулар: 1283
БАРЕЛЬЕФШІ НӘРЕГЕЕВ

БАРЕЛЬЕФШІ НӘРЕГЕЕВ

Адам суретші болып туылады, ал, егер мұндай дарын, басқа дарындар сияқты оның бойында болмаса, оны дарыту мүмкін емес дейді. Үнсіз сөйлеу, сезім біткенді мөлдірлетіп жеткізіп тұратын осы сурет өнерінің құпиясы мол. Әйгілі суретшілер Винсент ван Гог, Пабло Пикассо, Леонардо да Винчидің туындыларының тылсым сырының құпиясы ғасырдан ғасырға жалғасқан жұмбақ. Ал, Ә.Қастеев, Г.Ысмайлова, жерлесіміз М.Жоламановтың туындылары күрделі композициясымен, шынайылығымен талай көрменің көркі болып келеді.

Сурет сиқырына арбалып, суретшілікті мамандығына, табыс көзіне айналдырған бисендік Алмас Нәрегеев те өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шебері.

– Суретшілік қанмен беріліп, тума талант болмаса да, адам біткеннің бәрі әріп танымас бұрын сурет салады. Бала кезде бәріміз де шатпақтап портрет, натюрморт салуға талпынғанымыз рас. Менің ойымша, Пикассодай суретші болу екінің бірінің маңдайына жазбаса да, тым жақсы суретші болып қалыптасуына әбден болады. Жақсы ұстаз кездесіп, баули білсе, ебі бар баланың суретші боп төселіп кететіні сөзсіз. Бұлай дейтінім, біздің жанұяда ешкім сурет салмайды, ешкім де маған бояу қарындаш ұстатып, түрлі фигураны салғызып, баулыған емес. Мектепке барғанымда Ғарифолла Әлесов пен Мұхтар Шаутимовтай мықты ұстаздар кездесті. Осы ағайлар менің суретке де қызығушылығымды көріп, бағыт берді,-дейді кейіпкеріміз Нәрегеев.

Мектепте технология мен бейнелеу өнерінің ұстаздары Ғарифолла Әлесов пен Мұхтар Шаутимовтер түрлі үйірмелер ашады. Сол үйірмелерге қатысып Алмастың да өнерге деген қызығушылығы, ынтасы артады. Сол кезден ол табиғат, натюрморт, т.б. суреттерді гуаш, акварель, қарындашпен салса, ағаштан домбыра, кәдесыйлар жасап, көпшіліктің көзіне түсті. Кейін мектепішілік, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, мектептің мерейін де көтерген-ді.

– Ең алғаш ұстазым Ғарифолла және сыныптастарымызбен бірге жұмыс үстінде түскен суретіміз «Технология» журналына шығып, қатты қуанғанбыз. Міне, сол сәттен бастап менің шығармашылық өнерге деген сүйіспеншілігім оянды,-дейді ол сөз арасында. Мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығына оқуға түседі. Университет қабырғасында жүріп,  әр түрлі факультеттің ұстаздары мен студенттеріне сурет салып, қабырғаға стендтар шығарып, өзіне қосымша күнделікті қаражатын жинап, нәпақасын тауып жүрген.

Одан әрі өзін шыңдау бағытында кітаптардан, әлеуметтік желілерден суреттің түрлі жанрларымен танысады. Айталық, барельеф – бедерлі мүсіннің бір түрі болғандықтан онымен екінің-бірі жұмыстанбасы анық.

– Барельефты алғаш рет жақын досымның үйіне салып көрдім. Ол кезде арыстан мен екі бұғының табиғат аясында жүргенін бейнеледім. Ойлағанымнан жақсы шықты. Содан кейін барельефпен жұмыстанбағаныма көп болған екен. Қазіргі таңда досым Есетхан екеуміз түрлі тапсырыстар алып, өзара қосымша табыс табудамыз. Мәселен, оюлы немесе қарапайым өрнекпен керілмелі төбелер жасаймыз. Көбіне тұрғындар қазақи үлгіде жасатады. Ал, қаражатқа келер болсақ, керек-жарақтарымызды басқа қалаларға тапсырыс беріп, такси жалдап, өзіміз алдырамыз. Сол себепті әр уақытта әр қалай,-дейді Алмас.

Қолы шебер азаматтар тек Бисен ауылына ғана емес, басқа аудан орталықтарына барып, өздерінің қолтаңбаларын қалдырып жүр. Олардың жұмысына үй иелері де дән риза.

Алмас бүгінде өзін сиқырлы сурет өнеріне еліткен ұстаздары Ғ.Әлесов, М.Шаутимовтардың жолын жалғап, Б.Жәнекешев атындағы мектеп жанындағы интернаттағы ұл балалардың тәрбиешісі балғындарды қылқалам өнеріне баулып жүр. Қабілет қанмен берілмесе де, жақсы ұстаз көрген талапты шәкірт жолда қалмайды деп білетін Алмас Нәрегеевтің талай жас өрендерге жол көрсетеріне сенімдіміз.

Айша ҚҰРМАШ