2.08.2019, 16:52
Қараулар: 405
КӨЗІЛДІРІКТІ БАЛА КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

КӨЗІЛДІРІКТІ БАЛА КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Ғаламтордан алынған ақпаратқа жүгінсек, дүние жүзінде 45 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейді екен.  Одан бөлек 135 миллион адам көздің түрлі ауруларына шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы 30 жылда миопиямен (алыстан көре алмау) ауыратындардың саны 4,5 есеге артқанын алға тартты. Яғни, әрбір үшінші адам миопиямен ауырады. Сол көпшіліктің ішіне сәби және мектеп оқушыларының арасындағы миопия деп аталатын көз ауруын кіргізсек те болады.

Миопия дегеніміз ол алыстан көре алмаушылық. Бұл ауруға шалдыққан бала алыстағы нәрселерді анық көре алмайды. Мысалы,  тақтаға жазылғанды ажырата алмайды. Және бала есейген сайын миопия дәрежесі де ұлғая түседі. Бір елеңдететіні жыл сайын осы дертке шалдығатындар бес пайызға артып отырады, ал қорқыныштысы ол уақыт өте мүгедектікке әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

БАЛАҢЫЗҒА АУРУ СЫЙЛАП ЖҮРСІЗ

Ауданымызда көз ауруы ахуалын, мектеп оқушылары арасында аталмыш дерттің азабын шеккендердің санын білу мақсатымен аудандық орталықтандырылған аурухана басшысы Анарбек Белисановты сөзге тартқанбыз.

Қазіргі күнде ең жиі кездесетін көз ауруларының бірі миопия екені рас. Бұл аурудың алғашқы себебі – тұқымқуалаушылық. Тек миопия ғана емес, көптеген көз ауруы тұқым қуалайды. Және тағы да бір маңызды себептің бірі ол жүктіліктің дұрыс жоспарланбауы. Толық диагностикалық тексерістен өтпей, ата-анасы дайындалмаған себептен сәбидің босануға дейін даму жүйесі нашарлайды. Бұл да баланың сәби кезінен көз ауруына шалдығуына себеп болады. Балалардың көзге салмақ салмау үшін оқитын бөлмелері арнайы стандарттарға сай болуы шарт. Байқап жүрген шығарсыз, мектеп терезелері оқушының сол жағынан орналасқан. Өз басым осы тиісті стандарттарды ұстанбаған елді мекендердің мектептерін көргем. Және кітапты оқығанда, жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болу керек. Ең тиімдісі 37 см. Осы стандартты талап еткен ата-ана да жоқ,  қадағалайтын мұғалімдеріміз де аз. Өзімізді бастауыш сыныптарда көзге жаттығу жасататын, казіргі кезде бір мұғалім жаттығу жасатса, екіншісі ол жаттығудың атын білмейді.

Көзілдірікті балақайлар санының артуына басты себептің бірі –  теледидар, компьютер және ұялы телефон. Бала кезімізде теледидарға тым жақын отырсақ, әке-шешеміз ұрысатын еді, ал компьютер мен телефонды көрмей өстік. Ал қазіргі кезде бала шуламай, үйде тыныш отыру үшін теледидардан қалаған бағдарламасын, компьютерден ойынын және телефоннан мультфильмін көріп отырады. Кей кезде телефонның батарейкасы отырса, баламыз да қоса сөніп қалатын секілді. Уақыттарында ешкім шектемейді. Тек бала жыламаса болды. Былайша айтқанда, баламызға ауруды өзіміз тауып беріп отырмыз.

Ұялы телефондар тек көздің көруін ғана кемітіп қоймайды. Зияны көп. Басты қатер – ұялы телефондардан бөлінетін радиация сәулелерінде. Ол балалардың ойлау қабілетін шектеп, дамуын тежейді екен. Одан кейін ағзаға тигізетін әсері айтылады. Мәселен, оңтүстік кореялық ғалымдар зерттеу жүргізіп, смартфондарды үздіксіз пайдалану балалар көзінің қыли болуына әсер ететінін анықтаған. Мамандар 7-16 жас аралығындағы жеткіншектерді іріктеп, оларға күн сайын 4-тен 8 сағатқа дейін смартфон пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға гаджетті 20-30 см қашықтықта ұстау міндетті болады. Тәжірибе көрсеткендей, сынаққа қатысушылардың көбінің көзі қылилана бастаған. Балалар смартфонды екі ай пайдаланбаған кезде ғана көздері жазылыпты. Көпшілігінде ұялы телефондарды ұзақ пайдалану себеп болады. Офтальмолог компьютерге қарағанда планшет пен ұялы телефонның көзге көбірек зиян келтіретінін айтады.  Компьютердің мониторы үлкен. Одан мәтін оқу кезінде көзге көп күш түсірмейміз. Ал, смартфон мен планшет, ұялы телефондағы мәтін кішкентай болғандықтан, оны көзімізге қатты жақындатып ұстаймыз. Осыдан көз бұлшықеттеріне салмақ түседі екен.

Бүгінгі күні Бөкей ордасы аудандық ауруханасының диспансерлік есебіндегі балалар саны 41 соның ішінде миопиямен 22, астигматизм ауруымен 8, көз қылилығымен 9, ал туа біткен ауруымен 2 бала тіркеліп отыр. Және жылдан жылға көбейіп келеді. Мысалыға 2018 жылы миопия көз ауруы анықталған, мектеп жасындағы балалар саны 18 адам болса, 2019 жылы сол санға төрт мектеп оқушысы қосылып отыр.

Жастар ортасында миопия жиі кездессе, аға буын арасында су қараңғы (глаукома) ауруы өршіп тұр деп айтсақ болады. Аудандық аурухана диспенсерлік есебіне жүгінсек қазіргі күнде \«Жаман айтпай жақсы жоқ» деген ата-бабамыздың сөзі бұл жерде өте орынды. Су қараңғылық ауруын анықтау және күресу үшін  скрининг арқылы 40 жастан асқан азаматтарымыз тегін зерттеледі екен. Скринингтен өту үшін  азаматымыздың жасы жұп болуы қажет, мысалы: (40-42 жас,42-44 жас).

Осы жылдың қаңтар айынан бастап тек көз ауруымен портал арқылы облыстық аурухана, медициналық орталыққа және «Талап» емханасының қызметіне жүгінгендердің саны 30 адам болса, 18 азаматымыз әлі де өз кезегін күтуде екен.

Өкінішке орай барлық көз аурулары тек дәрі-дәрмек, көзілдірік және линза мен емделе бермейді. Дереу көзге ота жасау керек десе, өкінішке орай кез келген ота Оралда жасала бермейді.

– Бұл жағдайда Алматы немесе  Нұрсұлтан  қалаларының арнайы емханасына жолдама беріледі. Үлкен қалалардағы емханалар кезегін айлап күтуге тура кеп жатады. Сондықтан азаматтарымыз көршілес Ресей елінің Орынбор қаласына барып, өз қаржыларына емделіп жатады,-деді өз сөзінде жоғарғы санатты медбике Балғаным Зұлқашева.

 

НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ПЕН ШАЛАҒАЙЛЫҚ – ӨРШУГЕ КҮШ

Көз дәрігері жасөспірімде көз ауруы анықталып жатса да, науқастың ата-анасы көз ауру мәселесіне тиісті түрде назар аудармайды. Жауапсыздықтың әсері портал кезегінде де білінеді. Қаражаттың жоқтығынан немесе басқа да себептермен уақтылы барып емделмегесін, кезегі өтіп кетеді. Ал енді қайтадан барып тіркеуден өтіп және ендігі кезегі жеткенше бірнеше уақыт өтеді.

Енді емделем деген адамға казіргі заманда барлық мүмкіндік жасалған. Нақты көз ауруын айтсақ, хирургия және лазер операциялары, көзілдірік және көз линзалары арқылы шешім табуға болады. Миопия, көз қылилығы және астигматизм аурулары портал арқылы тегін емделеді.

 Миопия емдеу әдістеріне тоқталатын болсақ, ол: көзілдірік таңдау, жанамалы линза тандау, түрлі жаттығулар жасату, дәрі-дәрмекпен емдеу (қантамырын кеңейтетін дәрілер, кальций препараттар, биогенді, стимуляторлар, витаминдер), физио емдеу (мойын маңайына массаж жасау, электрофорез тамырларды кеңейткіш препараттармен, көз бұлшықеттеріне электростимуляция жасау) және хирургиялық емдеу (склера бекітуші операциялар, кераторефрационды операциялар, лазер операциялары),- деп айтып өтті бас дәрігер Анарбек Белисанов

Жалпы миопия тұқым қуалайтынына өзіміздің де көзіміз жетіп отыр. Мысалыға бір жанұяның төрт бірдей адамы миопия аруына шалдыққан екен.

– Жұбайым екеумізде миопия жүре бара пайда болған ауру, ал екі баламызға сол ауру тұқым қуалап туа біткені рас. Балаларымыз да сәби кезден миопия ауруының нышандары белгіленбеді, сәл өсе келе анықталды. Бірақ арнайы тексерістерден өтуге шаршамадық. Жұбайымның денсаулығынан, ол ауруды өшіктірсең операция көмегіне жүгінетінімізді жақсы білеміз. Дер кезінде емделгеннің арқасында қазіргі күнде тұңғышым екеуіміз линза тағамыз, ал кіші балам көзілдірік тағады, кейін линзаға көшеді деген ойдамын. Жыл сайын арнайы тексерістерден өтіп, дәрі-дәрмектерімізді алып, линза немесе көзілдірікті ауысып тұрамыз. Шүкіршілік, балаларымыздың көз көру жүйесі жақсарып келе жатыр,- деп бөлісті бізбен есімін көрсетпеуін сұраған азаматшамыз.

Көз ауруының бәрі ата-ананың немқұрайлылығынан ғана емес, дәрігердің шалағайлығынан да орын алып жатқаны рас.

Ауылдас апамыз жүкті кезінде ауруханаға тұмау ауруымен дәрігер көмегіне жүгінген екен. Дәрігерлеріміздің сауатсыздығынан ба әлде жауапсыздығынан ба, тұмауға шалдыққан жүкті әйелге әсері мықты антибиотик және дәрі-дәрмек тағайындаған. Жүктілік мерзімі жақсы өтіп жатқанына қарамастан, емдеу салдары қайғылы нәтижеге ұласып, сәби туа біткен көз ауруымен дүниеге келіп, ақыр соңында көз протезіне тәуелді боп қалды.

– Өткен оқиғаны қайта қопсытқаннан не пайда? Қызым да, өзім де көндіктік қой,-деп кейіпкеріміз аты-жөнін ашық көрсетпеді.

САПАСЫЗ КӨЗІЛДІРІК – СОҚЫРЛЫҚҚА СҮРЛЕУ

Көз ауруын көбейтіп тұрған тағы бір мәселе – сапасыз көзілдірік. Көзілдірік болғанда жаз мезгілінде бәріміз киетін күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік. Қазірде бұл көзілдірікті бесіктен жаңа шыққан сәбиге дейін тағады.

Осы тұрғыда  күннен қорғайтын көзілдірік – сізді сәнді, стильге сай  ететін аксессуар ғана емес, ең алдымен ол сіздің денсаулығыңыз үшін аса маңызды құрал екенін ұмытпағаныңыз жөн.

Көзілдірік таңдаудың да ерекшелігі бар. Бүгінде күннен қорғайтын көзілдіріктер екінің біріне қолжетімді екені белгілі. Дегенмен, ақша үнемдеймін деп көз ауруына тап болып жүрмеңіз. Өйткені, сырты әдемі көрінгенімен арзан көзілдіріктер жанарыңыздан айыруы әбден мүмкін.

Ең алдымен көзілдірік таңдар кезде оның шыныдан, әлде пластмассадан жасалғанына мән бергеніңіз жөн.

Шыныдан жасалған көзілдірік ультракүлгін сәулелерінен қорғайтындығына кепілдік береді. Дегенмен, шыны линзалары 100%  қауіпсіз емес және кез келген жағдайда сынып, көзіңізді жаралауы мүмкін. Сондай-ақ, ол пластикалық линзаларға қарағанда ауырлау болып келеді, әрі көзіңіздің айналасын терлетіп жібереді. Тағы да бір жетіспеушіліктің бірі ол шыны линзаларының әр затты алыстатып,  бір сөзбен айтқанда кішігірім иллюзиялық жалған тудырады. Шыныдан жасалған көзілдірікті балаларға қолдануға мүлдем болмайды.

Ал пластикалық линзалар әйнекке қарағанда жеңіл әрі қауіпсіз. Бірақ пластик ультракүлгін сәулелерін ұстап қала алмайды, керісінше жанарыңызға қауіп төнеді. Дегенмен, олардың арасында күн сәулесіне төтеп бере алатын түрлері де бар. Мұндай көзілдіріктерді көшедегі базардан іздемегеніңіз жөн, арнайы оптика орталығына барып, мамандардан кеңес алғаныңыз дұрыс шешім.
Жалпы, линзаның сапасын өзіңіз де анықтай аласыз. Көзілдірікті киіп, кез-келген затқа қарап көріңіз. Егер ол формасын қатты өзгертпесе көзілдірік сапалы деген сөз. Ал, оның линзасы кішкентай және көзді толық жаппайтын болса, ол көзіңізді күн сәулесінен нашар қорғайтындығын білдіреді.

Мамандардың айтуынша, көзді күннің зақымынан қорғау үшін қара­сұр және қара-жасыл түсті көзілдірік дұрыс. Алғашқысы айналадағы түстерді шынайы етіп көрсетсе, екіншісі ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерден жақсы қорғайды. Көк линзалы көзілдірікті тақсаңыз, сізге тіптен ыңғайсыз болады, олар көзді күйдіріп жіберуі де мүмкін. Ал көз көру қабілеті нашар адамдарға мамандар сары түсті линзаларды ұсынады.

Ал жақсы деген көзілдірігіміздің бағасына тоқталатын болсақ, Орал қаласында орналасқан «Вид Престиж» оптика дүкені ұсынған тауар бағалары 6000 теңгеден бастап 35000 мыңға дейін көрсетілген екен. Әрине, әр азаматымыздың қалтасы көрсетілген 35000 мыңды көтермейтін шығар, бірақ 6000-8000 мың ақша қол жетерлік сома.

 

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ