25.07.2019, 18:30
Қараулар: 1254
ТАБЫЛҒАН МҮРДЕ 16-ҒА ЖЕТТІ

ТАБЫЛҒАН МҮРДЕ 16-ҒА ЖЕТТІ

 

 

Бөкей ордасы ауданының орталығына М.Мәметова атындағы іздестіру отряды келіп Шонай, 65, 72 разъездерінде іздестіру жұмыстарын бастады. Отряд командирі Сергей Лапшин – Тасқала ауданы Мерей ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің ұстазы.

– Іздестіру жұмыстарын бастағанымызға екі күн болды. Осы уақыт ішінде екі мүрде таптық. Олардың кімдерге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес. Шамамен 18-20 жас аралығындағы сарбаздар екенін үстеріне киген киім қалдықтарына қарап айтуға болады. Китель түймелерінде зәкір белгіленген. Бұл сарбаздардың теңіз әскері сапында борышын өтегендіктерінің дәлелі болатындай. Әзірге тек қазу жұмыстарын жүргіземіз, кейін білікті мамандар экспертиза жасап, мүрденің кімге тиесілі екендігін анықтауға тырысады. Екінші мүрдені табуға теміржол қызметшісі Серік Құбаев сеп болды,- дейді іздестіру отрядының командирі.

Жүргізіліп жатырған жұмыстарды толықтай қадағалап, іздестіру отрядына қол ұшын созып жүрген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаровтың айтуынша, бұл сарбаздар 1942 жылы Сталинград майданына көмекке жіберілген 74-теңіз атқыштар бригадасының әскерлері болса керек.

– 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде қарсы шабуылды әзірлеу кезеңінде майданның тыл қызметі 600 шақырым ішкері орналасты. Сайқын, Жәнібек және Шонай станцияларында авиация бөлімдерінен басқа 1  танк армиясы мен 57 армия қоймасы орналасты. Соны білетін фашистер теміржол бойындағы станцияларды үздіксіз бомбылады. Бұл сарбаздарды ешқандай жерлеу рәсімінсіз бомба түскен орынға көме салған. Өздерімен бар барлық құжаттарын тірі қалғандары жинап алғандықтан табылған сүйектің кім, қай жаста екенін анықтау мүмкін емес. М.Мәметова атындағы іздестіру отрядының командирі Сергей Лапшинмен байланыс орнатып, арнайы шақырттым. Негізінен мектепте мұғалім болғандықтан кезекті еңбек демалысында толықтай өз қаржысына келіп отыр. Тасқала ауданы әкімдігі көлік, жанармай жағынан көмек берген. Қазу жұмыстарына аудандық туризм орталығының қызметкерлері мен орта мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері ауысыммен келіп көмек етуде,-дейді Жұбан Ғұмаров.

Бұл іздестіру жұмысының алғашқы күндердегі көрсеткіші болса, тағы бір күннің ішінде табылған мүрде саны 16-ға жетті. Іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Әділет ӘБДІРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар