19.07.2019, 12:52
Қараулар: 1078
ЖҰМА КҮНГІ САУАПТЫ ІС

ЖҰМА КҮНГІ САУАПТЫ ІС

Қолында барды қанағат көріп, айналасындағыларға барынша көмек қолын созып жүрген жандар жоқ емес арамызда. Солардың бірі жеке кәсіпкер Айсұлу Иманғалиева. Ол аудан орталығындағы қос наубайхананың бірінің тізгінін ұстап, ісін алға бастырып отырған жан. Аптаның әр жұмасында ол халыққа 10 нан тегін таратуды әдетке айналдырған. «Аптасына бір мәрте жақсылық жасағаннан қолға алған шаруам жүдеп қалмайды. Қайта ауылдастарымның ризашылығын аламын. Таратылатын 10 нанды кез-келген адамның қолына ұстатып жібермеймін. Шаруасы төмен, көп балалы шаңырақтарға ғана беремін. Жағдайын айтып, сұрап келгендерге тек қасиетті жұмада ғана емес, басқа күндері де тегін көмек етуден жалыққан емеспін. Ауа райының қолайсыздығына қарамай таңсәріден келіп нанды басып, қалыпқа салып, пешке қоямыз. Сондағы ойымыз дүкен сөрелерінен бөлке нанының үзілмеуі»,-дейді кәсібім-нәсібім деп білетін Айсұлу Иманбаева.

Адам психологиясын түсініп болмайсың. Басынан бағы тайып, қапыда дегені болмай жатса депрессияға түсіп, өмірге көзқарасын мүлде өзгертіп алатын қаншама таныстарымыз бар. Жолында кездескен түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, жетістікке жетіп жататындары қанша? Сондай жандардың бірі Анаргүл Дәулетова апамыз. ІІІ топ мүгедектігіне қарамай талай жыл аладорбаны серік қылып, сауда-саттық жолында табанын тоздырып, бармаған жері, баспаған тауы қалмады десе болатындай. Себебі, халықтың сұранысына сай киім-кешек табу қиынның қиыны бүгінде. «Сапалы тауар іздеп Алматы, Түркістан шаһарларын шарлап келгендегі табатын табысың бес-он тиын. Соны қанағат қылып түскен қаражатты ұқыпты жұмсап, орталықтан дайын ғимаратты (бұрынғы «Әсел» дүкені) сатып алдық. Азын-аулақ жөндеу жұмыстары бітсе толықтай ашып, халықтың игілігіне жұмыс жасамақ ойымыз бар. Әзірге бір бұрышын дәмхана ретінде ашып отырмын. Алдын ала тапсырыс арқылы ет асып, бас пісіру немесе болашақта шағын той-томалақты өткізіп беруге де жараймыз. Бүгінде ас мәзірінен тұтынушылардың талғамына сай біркелкі тағам түрлерін көре аласыздар. Шаруам ауылдастарымның ізгі тілегімен қарыштап алға басатынына кәміл сенемін. Сондықтан мұсылман халқы үшін қасиетті саналатын жұма күні түске дейін халыққа бауырсақ, сүт қатқан шәйді тегін таратуды жөн көрдім», -дейді Анаргүл Дәулетова.

Ауылдастар ризығын алып жүрген бұл жандардың жұма күнгі сауапты ісі шаруасы шалқығаннан тасып жүрген кей дәулеттілерге үлгі боларлықтай.

Әділет ӘБДІРОВ