19.07.2019, 12:49
Қараулар: 1003
ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ОРЫН АЛДЫ

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ОРЫН АЛДЫ

«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші бұған дейін де жол қауіпсіздігі ережесінің пәрмені кемшін екенін, кей ауылдастарымыздың  сақтық белбеуін тақпайтындығы, рульде келе жатып телефонмен алаңсыз сөйлесе беретіндігі, т.б. қарапайым сақтық шараларын ескеруді қажет санамайтындарын бірнеше рет газет бетіне жариялаған болатынбыз. Егер  ереже  сақтамай, қателікке орын алдырған көлік тізгіншісін  жол көлік қызметкерлері тиісті заң талаптары бойынша жауапқа тартып, «Сіз, біз» демей,  тәртіпті қатаң қадағаласа көлік тізгіндегеннің бәрі де жол ережесіне бағынып, бас иер еді. Бірақ бізде әсте олай болмай тұр. Өткен айда Жаңақала ауданы аумағында орын алған жол көлік оқиғасы бәрімізді есеңгіретіп жібергені анық. Зардап шеккендердің алды Оралға, жеңіл жарақат алды дегендері  Жаңақалада апталап жатты. Ауыр жарақат алған жолаушы  әйел комада біраз жатып, есін жиды.  Біреудің қателігі біреуге сабақ болса керек-ті. Бірақ тағы да олай болмай тұр.  Күні кеше, нақтырақ айтсақ,  айдың күні аманында Сайқын ауылындағы Қазақстан мен Ғ.Әзірбаев көшелерінің қиылысы бойында «Шаран» және «Лада» маркалы екі автокөліктің қатысуымен және  бір  жол-көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда көлік тізгіншілері зардап шеккен жоқ.

Қатты жылдамдықпен жүйткіген машинаның кілт тоқтағаны, терезе әйнектерінің шырт сынғаны және сол көріністі өз көзімен көрген әйел адамның шошынған дауысы редакция ішінде отырған біздерге де анық естілді. Дереу сыртқа жүгіре жөнелдік. Соқтығысқан көліктерді байқаған тұрғындар жан-жақтан қаумалап, жинала қалды. Көп ұзамай полиция қызметкерлері де, жедел жәрдем де келіп жетті. Қос жүргізушінің өміріне төнген ешқандай қауіптің жоқтығын дәрігер мамандар растады сол мезетте. Сондай-ақ, олардың ешқандай ішімдік ішпегені де мәлім болды.

Десе де осындай жол апатына жол берердей қателік кімнен кетті?

  • «Шаран» көлігін тізгіндеген жас жігіт басты жолда бағыт түзеген. Жол ережесіне сәйкес Ғ.Әзірбаев көшесінен бет алған «Ладаның» иесі оны өткізіп жіберуі тиіс еді. Әйтсе де, «Лада» тізгіншісі негізгі жолдағы көліктің қатты жылдамдықпен жүйткіп жеткенін айтып, ақталды. Екі көлік иесі де өздерінікін дұрыстығын айтып, бой бермей отыр. Сондықтан оқиғаның анық-қанығы анықталу үстінде. Ол үшін Орал қаласынан арнайы эксперт маманды шақырттық,- дейді полицияның жол-көлік қызметкері Қуандық Сұлтанияров.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА