5.04.2019, 12:46
Қараулар: 1093
«ҚАЛЖЫҢ – КҮЛКІ БАЗАРЫ, ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ»

«ҚАЛЖЫҢ – КҮЛКІ БАЗАРЫ, ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ»

Аудандық мәдениет үйінде Сайқын, Бисен, Мұратсай, Хан ордасы ауылдарының өнерпаздары «Қалжың – күлкі базары, ән – көңілдің ажары» атты тамаша ойын-сауық кешін ұйымдастырды. Кешке кіру ақылы болғанына қарамастан, көрермен көптеп жиналды.

Астарлы әзіл мен қағытпа қалжыңды үйлестіре білген сайқындық өнерпаздар саналы көрерменнің жүрегіне ой түйдіре білді. Үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблінің кішкентай бүлдіршіндері бұрала билеп, кеш сәнін кіргізсе, жеке дауыста ордалықтар Ерасыл Есмаков пен Лесбек Бижановтың орындаған әндері де әсерлі болды.

Бүгінде қоғамның дертіне айналған жемқорлықты суреттеген «Әскери комиссариат» қойылымында бисендіктер параның буына қаныққан шенді мырза мен ауылдан келген аңғал баланың арасындағы диалогпен көрерменін күлдіре тұрып заманның теріс тұсын жазбай танытты. Қойылым соңын әсем әнімен әрлеген мұратсайлық Райымбек Нұрғалиевтің сахнадағы мәнері ұмытылмастай.

Қызылға құныққан ауыл байы мен қытайлық көпестің арасындағы әңгімені айнытпай жеткізген ордалық өнерпаздар, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені сөзсіз.

Халықтың қамын күйттеймін деп жүріп, өзінің қарнын тойдырған депутатты сомдаған мұратсайлықтар кейбір шенеуніктердің кейпін астарлы әзілмен айқын жеткізе білді. Әсерлі кешті Махамбет Қалыбаевтың орындауындағы «Күлкі витамин» әні әсем қорытындылады.

Әділет ӘБДІРОВ