5.04.2019, 12:35
Қараулар: 565
ӨТІРІКТІҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ

ӨТІРІКТІҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ

Өтірік айту, жалған сөйлеудің жарға жығары бала кезден айтылса да, сабақ қып, санаға түймейтініміз өкінішті. Өтірік жала жауып, өзгені істі қыламын, басын дауға саламын деп өздері жазаға тартылып жатқандар баршылық. Ауданда болмаған қылмыстық оқиғаны болды деп өзге тұлғалардың ар-намысына нұқсан келтіріп, құқықтарының бұзылуына жол беру деректері  жиі тіркелуде.

Аудандық сотта ҚР Қылмыстық Кодекстің 419-бабы, яғни көрінеу жалған сөз жеткізу бойынша 2017 жылы төрт, 2018 жылда үш қылмыстық іс қаралды. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, Орал қаласының 1977 жылы туған А.Ахметова есімді тұрғыны аудандық сотқа (06.01.2022) Мұратсай ауылында тұратын азаматтық некедегі жары Ж.Есекешовтің үстінен шағым түсірген. Ол арызында Ж.Есекешовтің сол жақ аяғының тізесіне пышақ тығып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргенін жазған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 108-бабы бойынша іс қозғалды. Сот мәжілісінде айыптаушы А.Ахметованың, айыпталушы Ж.Есекешовтың, куәлардың жауаптары, сарапшының қорытындысы тыңдалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Ж.Есекешовтың кінәсіздігі анықталды. Сот мәжілісінде сотталушы А.Ахметова азаматтық некедегі жұбайы Ж.Есекешовке ашулы болғандықтан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылсын деген оймен жалған сөз сөйлегенін мойындады. Азаматын айыпты қыламын деген Ахметованың өзінің үстінен іс қозғалды. Десе де Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, сотталушы А.Ахметова қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Мұратсай ауылының тағы бір тұрғыны Ж.Батырханов керісінше  әйелі Г.Набиеваның үстінен арыз түсірді. Әйеліне ашуланған бұл отағасы да өшін сот арқылы алғысы кепті. «Қылмыстық жауапкершілікке тартылсын» деген оймен, «100000 теңге ақшамды ұрлап кетті» деп аудандық ішкі істер бөліміне арыз түсірді. Осы арыз негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Нәтижесінде Г.Набиеваның үй-тұрмыстық заттарды алғаны ғана, ал 100000 теңге ақшаны алмағаны анықталды. Содан арыз иесі мәліметті көрінеу жалған көрсеткенін мойындады. Ж.Батырханов аудандық сот үкімімен кінәлі танылып, бір жыл алты ай мерзім бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сайқындық тұрғын Ж.Кыдыров екі бас қойым қорадан ұрланды деп дабыл қақты. Сөйтсе, Ж.Қыдыров қойларын полиция қызметкерлеріне іздесін деген ойменен жалған айтқанын, қоңырау шалғанда мас болғанын мойындады. Ж.Кыдыров те мұратсайлық жерлесі сияқты бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығы шектелді.

Ал Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылының тұрғындары О.Муса мен А.Өтепберген ауылдастары Е.Сейітовтің үстінен «Саралжын ауылындағы «Ақнұр» дүкенінің жанында соққыға жығып, күш көрсетті, бір бөтелке сыра талап етті» деп шағым түсірді. Тергеп-тексеру нәтижесінде Е.Сейітовтің кінәсіздігі анықталды. Ал А.Өтепберген мен О.Муса жалған арыз түсіреміз деп, жазалы болды. Оларға үш жыл алты ай мерзім бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылауға алынды. Қазіргі уақытта жазаларын өтеуде.

Қылмыстың өтеуі қашанда жаза. Жалған куәлік етіп, дәлелсіз хабар берген адам жауапқа тартылатынын, қала берді бас бостандығынан айырылатынын білгені жөн. Көрiнеу жалған сөйлегені үшін 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салыну, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін екенін ескертеміз. Қала берді үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, тіпті қылмысына байланысты үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Жаза тек осымен шектелмейді. Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан, не пайдакүнемдiк ниетпен жасалған іс-әрекет үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық сот төрайымы