5.04.2019, 12:31
Қараулар: 641
«ӨНЕР ДЕГЕН КИЕ, КИЕ БАР ЖЕРДЕ СЫНАҚ БАР»

«ӨНЕР ДЕГЕН КИЕ, КИЕ БАР ЖЕРДЕ СЫНАҚ БАР»

Нарынның нар ұлдарының бірі, құмның ғана емес күллі қазақтың мақтанышына айналған актер Нұрлыбай Есімғалиев 70 жасқа толып отыр. Нұрлыбай Есімғалиевтің қоржынында қырықтан асқан роль бар. Олардың ішінде тарихи ақтаңдақтың бірегейі Ораз Жандосовтың бейнесі, шынайы сомдалуымен атақты Шерханның таңдайын қақтырған Сүйінбай ролі, шиеленісті, сом тұлға Оралханның Аспаны бар. Оның бері жағында ағамыз мемлекеттік киноқордың директоры. Атаулы күн қарсаңында ағамызды мерейтойымен құттықтап, әңгіме-дүкен құрған едік.

 

Нұрлыбай ЕСІМҒАЛИЕВ:

«ӨНЕР ДЕГЕН КИЕ, КИЕ БАР ЖЕРДЕ СЫНАҚ БАР»

 

  • Әңгімені алыста қалған балалық шақтан бастасақ. Өскен ортаңыз, балалық арманыңыз қандай еді?
  • Нарынның Бөрлі ауылының бел баласымын. Әкем майдангер, Сталинградтан аяғынан жараланып келіп, тылдың ауыр тірлігіне араласқан. Қазіргі Шоңайдың ар жағында Қаракөл Шоңайда кеңшар төрағасы болған. Кейін кеңшар тарап, Бисен ауылына қарасты Түсіпәлі деген елді мекенде құрылған жылқы зауытында меңгеруші болды. Зауыт тарағаннан кейін 1952 жылдары Қақпақсор, Ауыз, Қырыққұдық деген жерлерде жылқы бақты. Анам үй шаруасындағы қарапайым шаруа еді. Соғыс жылдары сиыр сауып, майданға сүт тапсырған екен. Қазақтың қарапайым ғана қоңыр тірлік кешкен отбасында өскен адаммын. 1967 жылы арман қуып, Алматыға келіп, эстрада және цирк студиясына түсіп, оны тәмамдадым. Кейін оқуымды Құрманғазы атындағы консерваторияда жалғастырдым. Бірінші курсын үздік аяқтап, Мәскеудегі бүкілодақтық мемлекеттік киноматография  институтына түстім. Оны 1974 жылы аяқтап, Алматыға оралдым. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына актер боп штатқа алындым. Содан бері қырық бес жыл табан аудармастан қызмет жасап келемін.

  • Кімді пір тұттыңыз?
  • Гүлжаһан Галиева дұрыс бағыт беріп, киноның нағыз маманы болуыма септігін тигізді. Өмірден ерте кетті. Бірақ, білікті ұстаз, майталман маман ретінде шәкірттерінің жүрегінде қалған жақсы жан. Мәскеудегі Борис Бабочкиннің, өзіміздің әпкеміз атақты Шолпан Жандарбекованың қолдауын, көмегін көрдім.
  • Алғаш рет түскен киноңыз? Қай режиссердің таңдауы сізге көп түсті?
  • Мәскеуден келген соң Жәрдем Бәйтеновтің «Бәйшешектер» фильмінде ұстаз ролін сомдадым. Бұл менің алғашқы жұмысым еді. Сол кезде бұл үлкен жетістік болды. Өз қатарымның алды болып дебютант болдым. Белгілі режиссер Қанымбек Қасымбеков мені көп фильміне басты кейіпкер қылды.

  • Сіз үшін кімнің сыны маңызды? Сіз сомдаған роль туралы кімнің пікіріңіз шығармашылығыңызға темірқазық санайсыз?
  • «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сүйінбайдың ролін алып шықтым. Сонда филология ғылымының докторы Сұлтанғали Садырбаев «Сен менің бабамды мөлдіретіп ойнап шықтың» деп ризашылығын білдірген-ді. Атақты Шерхан Мұртаза «Фильмде шаруам жоқ. Сенің ролің ғажап екен. Атаңның аруағы қолдап жүрсін» деп батасын берген еді.
  • Өзіңіз түскен киноны бастан-аяққа көре аласыз ба? Өз көңіліңізден шыға ма?
  • Бастан-аяқ қарап шығуға тырысамын. Әр роль менің іштен шыққан балам сияқты. Әр адам өзіне қатаң сыншы болуы керек. Мүмкіндігі қандай еді, мүлт кеткен жері қандай болды? Осыны білу үшін, әрине, әр туындыны бастан-аяққа қарап, кез келген сынды салқын ақылмен қабылдауға тырысамын. Сын болмай, талпыныс болмайды. Сауатты сын сені шыңдайды емес пе?
  • Кішкентай, эпизодтық роль болмайды, кішкентай актер ғана болады дейді. Сіз үшін роль несімен маңызды? Роль сізді таңдай ма, сіз рольді таңдайсыз ба?
  • Дұрыс айтасың. Кішкентай роль болса да, кішкентай актер болмайды. Эпизодтық рольде ойнап, кино тарихына есімін алтын әріптермен жазып кеткен шеберлер қанша ма? Өкінішке орай, бір ғана рольдің актерлері болады, еңбегі бағаланбаған актер болады. Талант үшін бұл тұсау, бұл – трагедия. Рольді мен таңдамаймын, менің таңдайды. Нақтырақ айтсақ, режиссер таңдайды. Ал өзім роль сұрап көрмеппін.

  • Актер болмағанда кім болар едіңіз?
  • Бала кезімде журналист болуды армандаған едім. Актер болмасам, тілші боп, талабымды сынап көрер едім.
  • Ел білмейтін екі қабілет, қасиетіңіз қандай?
  • Қабілет деп есептейсің бе, жоқ әлде қасиет дейсің бе? Арманшыл адаммын. Өмірді шексіз сүйемін. Осы қасиетім көп күйзеліске түсірмейді деп ойлаймын.
  • Бүгінде актерлер жеке театр ашып, әншілер кино түсіріп кетті. Сіз сияқты аға буын неге әрекетсіз? Әлде ыңғайын білмейсіз бе, жоқ әлде құлқыңыз жоқ па?
  • Иә, кино көп. Бірақ, «Қыз Жібекке» жетер кино жоқ. Қазір қалтасы көтерген адам кино түсіріп кеткені рас. Десе де, ақша кино сапасын шешпейді. Киноның қазан-қақпағын нағыз маман ұстаса, жақсы болар еді. Ал енді киноның саны көп болғаны да жақсы, көптік болған жерде бәсеке болады. Кеңес кезінде актерсың ба, киноға түс, әншісің бе, әніңді айт деген шектеумен өмір сүрген буынбыз. Сол шектеуден әлі шыға алмай жүргендеймін.
  • Ішкі «меніңізге» болмысыңызға үндес кейіпкер кім?
  • Махамбет Өтемісов. Осы кейіпкерді сахнаға алып шығамын деп екі серияға сценарий де жазып, батыр жүрген ізбен де жүріп көрген едім. Жүзеге аспаған жоба болды. Бұлар уақыт өтсе де шығармашылық қоржынымнан түспейді.
  • Германияның атақты әнші, продюсер, режиссері Дин Рид басты рольге, үндісті сомдауға сізді таңдапты. Онымен Дин Рид қайтыс болып кетіп, жүзеге аспай қалған екен. Шығармашылық жолда өкінішіңіз көп пе? Күйзеліс, өкініштен қалай «айығасыз»?
  • Әттегенайлар жеткілікті ғой. Өнерде шығармашылық әлеуетімді жарқыратып көрсеттім, болдым, толдым дей алмаймын. Өнерде аса жолым болғыш адам емеспін. Кейбір шақырылған киноларға денсаулығым сыр беріп, қалыс қалып қойдым. Адамның дегені бола бермейді ғой.
  • Оралханның Аспанын ұлыңызға есім ғып еншілепсіз. Оралхан әлемі, Қатонқарағай, Алтай арбады ма?
  • «Сайтанкөпір» – қазақ киносындағы бренд кино. Көркемдік кеңестегі 20-21адамның көңілінен шығып, оң бағасын алған, алты үміткердің арасынан суырылып шығып, талассыз еншілеген ролім болатын.
  • Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Немере-жиен ата жолын таңдаймын десе, не айтар едіңіз?
  • Мира есімді жеңгең бар. Мамандығы тарих пәнінің мұғалімі еді. Қазір нарық заманының талабымен бизнестің басы-қасында жүр. Аспан атты ұлым, Айнұр атты қызым бар. Осылардан көрген немере-жиендерім бар. Ұлым да, қызым да заң факультетін тәмамдаған. Актерліктің оңай еместігін көріп өсті ғой, қиындығын көрді. Балаларымның ізімді қуғанын қаламас едім. Өнер деген кие, кие бар жерде сынақ бар.
  • Нені ермек етесіз?
  • Саясат пен кітап. Тек өз еліміздің сыртқы, ішкі саясаты емес, әлем елдерінің тыныс-тірлігіне, саясатына құлақ түріп отырамын. Саясаттағы тұлғалардың ойынына, қарап, ендігі қадам, әрекетіне өзімше болжам жасаймын. Кітап оқу сүйікті ермегім.
  • Мемуарлық шығарма жазыпсыз. Мемуар «мені ұғар» деген келешекке аманат дейді екен. Тыңдар құлаққа айтар базынаңыз бар ма?
  • Мемуарлық дегеннен гөрі, эссе жанрында жазылған дүние. Актерлік соқпағымда қиындық та болды, керемет қызықтар да болды. Өмірден, ортамнан алған сабағым жетерліктей-ақ. Сол өмір өткелімді ұрпағыма сабақ болсыншы деген ниет қана менде.
  • Жетпіс жасыңыз құтты болсын! Өнерде де, өмірде орныңыз тек төрден болсын! Ғұмырлы болыңыз! Науқастанып жатқаныңызға қарамастан, уақыт тауып, сұқбат бергеніңізге үлкен рақмет!

Сұқбат құрған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ