5.04.2019, 12:26
Қараулар: 603
¬МАНСАП МҰРА МА, ӘЛДЕ ӘКЕ ИДАЕЛ МА?

¬МАНСАП МҰРА МА, ӘЛДЕ ӘКЕ ИДАЕЛ МА?

Аудандағы мекеме басшыларына қарап отырсақ, әке орнына қалған бала-бастықтар баршылық екен. «Ат тұяғын тай басар» дейтін атам қазақтың мақалы осы бір жерге сұранып-ақ тұр. Мансап мұра болып, әкеден қалды ма, әкесі баласымен әріптес болып осы қызметке дайындады ма, әлде балалар әкелерін пір тұтып, әкеден көріп, оқ жоныды ма?

Осы тұрғыда әке ізін басқан бірнеше ауылдас азаматтарды әңгімеге тартқан едік.

Сабыржан Ибрашев – аудандық № 17 өрт сөндіру бөлімінің бастығы. Әкесі Нұрлан Ибрашев 27 жыл жұмыс өтілі бар шенді қызметкер ретінде аудан халқына танымал. Аудандық ішкі істер бөлімінде милиционер болған, 1999-2010 жылдары осы өрт сөндіру бөліміне басшылық жасаған.

Сабыржан, сенің о баста ауылшаруашылығының маман едің. Әкең зейнетке шықсымен орнын суытпастан, осы лауазымға ауыса салдың? Ауылшаруашылығының маманы қалай өрт сөндіруші боп өзгере салды?

– Дұрыс айтасың, 2001 жылы мектепті үздік бітіріп, Жәнгір хан атындағы Батыс Қазақстан агралық-техникалық университетіне түсіп, грант иегері болдым. Қосымша 2003-2005 жылдары әскери кафедрасында оқып лейтенант атағын алдым. 2006 жылы жоғарғы оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, елге келіп, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы болып жұмысқа тұрдым. Үйдегі үш ұлдың екеуі әке жолын қуып, әскери қызметті қалады. Мемлекеттік қызметте өзімді таппадым десем дұрыс болмас. Дегенмен, әкемнің жолын қууға бел байладым. Көп ұзамай өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыс қызметі арнайы бөлімінің инженер-механигі болып өрт сөндіру саласындағы алғашқы қадамымды жасадым.  2008 жылы аға инженер атағын алдым. Әке жолын басып, мансабымды, қызметтік салада көтерілу жағдайымды сол кезден бастап ойладым. Жалғыз жоғарғы оқу орнымен шектелмей, Орал қаласындағы инженерлік-гуманитарлық университетінің «құқықтану» факультетіне  оқуға түскенді жөн кордім.  2010 жылдан бастап, әкем басқарған аудандық № 17 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауызымын иеленіп отырмын. Майор шенім бар.

Аудандық статистика басқармасының басшысы Тілек Қадимов та әке орнын басқан. Негізгі мамандығы – агроном. Ал әкесі Ноқаш Қадимов ауданға білікті ұстаз, белсенді ақсақал ретінде танымал. Ол кісі де статистика тізгінін он шақты жыл ұстаған екен.

????????????????????????????

­

????????????????????????????

-Тілек Ноқашұлы, сіз де әкеңіз жасаған статистика саласына ауысып келген екенсіз. Статистика саласында Қадимовтар династиясын қалыптастырғыңыз келді ме?

  • ­Әкем Ноқаш Қадимовтің негізгі мамандығы – мұғалім. Мектептен басқа Кеңес кезінде аудандық атқару комитетінде, депутаттардың аудандық кеңесінде  қызметте болған. 1993 жылдан 2003 жылға дейін аудандық статистика басқармасында жұмыс жасады. Сол кездегі аудан басшысы Нұрлыбек Бірманов әкемді осы қызметке ұсынған екен. Облыстық статистика басқармасының бастығы Абай Хамзин қабылдаған. Осы қызметті он жыл атқарып, абыроймен зейнетке шықты. Әкем зейнетке шықсымен орнын суытпастан, басымды тыға қойғам жоқ. Тырыспадым да. Өзімнің мамандығым – агроном. Оқу бітіріп келгеннен кейін аудандық жұмыспен қамту-еңбек биржасына қызметке тұрдым. Осы бөлімде 1998-2003 жылдары жетекші маман, бас маман боп қызмет атқардым. 2003 жылы бұл бөлім жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі болып, қайта құрылып, мен бөлім бастығының орынбасары болдым. Осы жұмыста жүргенімде сол кездегі аудан әкімі марқұм Өтеміс Уәлиев шақырып, «статистикаға барсаң, қайтеді, тәлімгерің үйде, қинала қоймассын» деп ұсыныс айтты. Көп ойланбастан келісімімді бердім. Мені де облыстағы статистика басқармасының бастығы Абай Хамзин  қызметке қабылдады. Өтақаң айтқандай, әнебір қиындық көргем жоқ. Әлі күнге нәпақамды осы саладан тауып келемін.

Капитан шеніндегі тергеуші Қажыбай Жанғалиевтың жұмыс өтілі – 11 жыл. Әкесі Қарасай Жанғалиев ішкі істер саласында 25 жыл еңбек еткен. Майор шенімен зейнетке шыққан. Қарасай ағамыз әскерден келсімен әскери қызметке бел шешіп кіріскен екен. Шымкенттегі арнайы милиция орта мектебін бітіріп келген екен.

– Қажыбай, мыңдаған мамандықтын ішінен, полицей жүйесінің қызметкері болуыңа  не итермеледі? Әлде 25 жыл ішкі істер бөлімінде қызмет еткен әкеңіздің қалауы ма?

– Әкемнің қалауы болды десем де артық емес. Полиция қызметкері болу – бала күнгі арманым. Бала кезімнен әкемнің формасына қызығып, «ғашық болдым». 2004 жылы мектептен соң Қостанай қаласындағы ҚР Әділет министрілігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің заң институтының курсанты атандым. Әкем менің таңдауымды әр кезде қолдап келді. Мамандық таңдауыма еш қарсылығын білдірген жоқ. Әкемнің арқасында бала кезден әскери тәрбиенің не екенін біліп, полиция қызметкерінің жұмыс режимін біліп өстім. Бала күннен қызыққан мамандығым мені еш жалықтырған емес. Қиындығы көп екен деп өкініп көрген жоқпын. Оқу бітірісімен 2008 жылы Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне жолданып, учаскелік инспектордың көмекшісі болып, қызметімді бастадым. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің академиясында біліктілігімді арттырдым. Жәнібекте алты ай жасап, Бөкей ордасы АІІБ-іне ауысып келдім. 2009-2012 жылдары ауданда жол полиция инспекторы болып жұмыс жасадым.  2012 жылы кезекші бөлімінің инспекторы ретінде АІІБ сабына қайта оралдым. Сол жылдың қараша айынан бастап, тергеуші қызметін атқарып келемін. Капитан шенім бар. Әкем майор шенімен доғарысқа шықса, мен майор атағымен шектелмей, жоқ дегенде подполковник атағын алсам деген арманым бар.

Дәурен Сертековтің полиция формасын тоздырып жүргеніне 12 жыл болған екен. Шені – майор. Қызметі – кезекші бөлімнің аға инспекторы. Әкесі Жұмағали Орынғалиұлы 27 жыл ішкі істер саласында қызмет жасап, зейнетке шыққан. Әскерден келіп, милиция қатарын толтырып, кейін Алматыдағы ІІМ милицияның арнайы мектебін тәмамдаған екен. Табан аудармастан осы салада жұмыс жасап, майор шенімен доғарысқа шыққан.

– Дәурен, о баста мұғалімдікті таңдаған екенсің. Қазір ат ауыстырып, полиция қызметкері боп отырсың. Мектеп бітірген кезде полиция болуына әкең қарсы болып, амалсыздан мұғалімдікке оқыдың ба? Неге бірден әскери оқуға бармадың?

– Сөздің ашығы, мұғалім болам деген ой ешқашан болмады. Бала кезден полицей қызметкері болуды армандадым. 2001 жылы М.Мәметова атындағы орта мектепті бітіріп, қалаға оқу іздеп бардым. Алайда, мен ойлағандай болмады. Өзім қалаған мамандыққа оқуға түсуге қалтам көтермей, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих және құқық факультетіне оқуға түстім. Ішкі істер бөлімі кадр бөлімінің сауатсыз мәлімдемесінен кейін есеңгіреп қалғандай болдым. Ондағылар маған «мұғалім мамандығымен ішкі істер бөлімінің қатарына тұра алмайсың» деді. Уақыт өте келе ондай мүмкіндік бар екенін білдім. Арманымды сандық ішіне жасырмай, керекті білім алу үшін 2005-2007 жылдары М.Мәметова атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, қаражат жинадым. Орал қаласындағы ҚазИИТУ-да сырттай оқып, «заңгер» мамандығын иелендім. Қажет дипломды иеленген соң көп кідірмей Қарағанды қаласына барып, екі ай арнайы оқу даярлық курсынан өттім. Сол жылы аудандық ішкі істер бөліміне кәмелетке толмаған балалар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалдым. 2009-2012 жылдары анықтаушы (дознаватель), 2013-2015 жылдары  учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, 2015 жылдан кезекші бөлімінің  аға инспектор майоры қызметіндемін. Әлдилеген арманым орындалып және  27 жыл ішкі істер саласына үлесін қосқан әкемнің «ізін басты» деген сөз мен үшін мақтаныш десем болады!

Мақпал Бекқалиева нәзік жанды болса, әскери қызмет атқарған әке жолын қуған перзент. Көші-қон қызметінің аға инспекторы. Әкесі Исатай Бекқалиев ішкі істер саласында 33 жыл қызмет етіп, полковник шенімен доғарысқа шыққан екен.

– Мақпал, әйел затына әскери сала қиын, шен ауыр емес пе? Әкеңіз таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?

– Әкем қарсы болмады. Керісінше, бұл саланы таңдауыма бір жағынан балалық арманым арқау болса, екіншіден әкемнің қолдауы ықпал етті. Ақ-қараның ара жігін енді айырып, өмірдің өткелдеріне кезіккенде, әкем осы саланы таңдауыма негіз болды.

Ер адам ортасында жұмыс жасау мәселесіне келсек, әрине басында қиын болды. Оқумен қатар 2003 жылы қылмыс атқару жұмысы департаментінің пробация инспекторы болып жұмыс жасадым. Әкемнен көп қолдау көрдім, көріп те келемін. Жұмыс әдістерімен бөлісті, кеңесін берді.  Бүгінде әскери форма киіп, заң жолында қызмет етіп жүргеніме 16 жыл толды. Капитанмын. Полиция қызметі тек ерлер жұмысы деген стереотиппен келіспеймін. Жұмысыңды сүйіп, қызыға еңбек етсең, әр мамандықты игеріп, сол салада биіктен көрінесін деген ойдамын.

Әке орнын басқан ұрпақ осылай дейді. Әкеме ұқсау үшін погонды қызметті таңдадым дейді. Кез келген әкенің бақыты осы болар.

                                           Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ