5.04.2019, 12:21
Қараулар: 739
ШАРУАЛАРҒА ТИІМДІ ШАРА

ШАРУАЛАРҒА ТИІМДІ ШАРА

Наурыздың 27-28 күндері аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтың бастауымен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин, осы бөлімнің бас мамандары Серік Айтқалиев, Талғат Әбдірешовтер ауылдық округтерді аралап, шаруа қожалық иелерімен кездесті. Кездесу барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында жүзеге асатын шаралар жайы айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов агроөнеркәсіп саласындағы кешенді жоспарлар, көрсетілетін жеңілдіктер туралы баяндаса, бөлім басшысы Сүйінбек Хайруллин жыл қорытындысы және алдағы қолға алынатын істер туралы айтып берді.

Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев мал басына берілетін субсидия мәселесін талқыға салып, субсидияға қатысты жаңа ережемен таныстырды.

– Биылғы 15 наурызда ауылшаруашылық министрінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын беркіту» туралы бұйрығына сәйкес өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, өтінімді беру уақыты өзгерді. Нақтырақ айтсақ, асыл тұқымды бұқа (1 басқа 150 мың теңге) сатып алу үшін 20 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін; шетелден асыл тұқымды қашар, құнажын (1 басқа 225 мың теңге) сатып алу 20 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін; асыл тұқымды аналық сиыр (1 басқа 20 мың теңге)  20 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін; тауарлы аналық малға (10 мың теңге) 15 сәуірден 1 қазанға дейін қоғамдық табынға бұқа қосу үшін (1 басқа 100 мың теңге) 15 сәуірден 1 қазанға дейін өтінім қабылданады. 1000 бастық бордақылау алаңына 7 айлықтан жоғары 15 айлықтан аспаған, тірілей салмағы 200 келіден кем емес, 300 келіден аспайтын баспақ тапсырғаны үшін тірілей салмақтағы әрбір келіге 200 теңгеден деп белгіленді. Асыл тұқымды қошқар сатып алу үшін 8 мың теңге; асыл тұқымды ешкі сатып алуға 40 мың теңге; асыл тұқымды қойдың аналығы үшін 2 мың 500 теңге; тауарлы аналық малға 1мың 500 теңге; «Кублей» ЖШС-ына қозы тапсырғаны үшін 3 мың теңге берілмекші. Ал, асыл тұқымды айғыр сатып алуға 100 мың теңге субсидия төленеді,-дейді Серік Сұлтаниярұлы.

Талғат Әбдірешов биылғы қаңтардан бастап қолданысқа енген «QOLDAU» атты бизнестің цифрлық платформасы туралы түсінік берді. Бұл платформаның тиімділігі сол, аталған барлық субсидия түрі енді электрондық түрде онлайн-форматта қабылданатын болады. Ол үшін шаруа қожалық иелері электрондық цифрлық қолтаңбаларын алып, аталған бағдарлама жүйесіне тіркеліп, өзіне қажет субсидия бойынша мемлекеттік қызметтерді ала алады екен. Ауыл шаруашылық техникаларын алған үшін – 25%, құдық қазғаны үшін  және күн панельдерін орнатқаны үшін – 80% субсидияларын алуға өтініш беруге болады. Бұл портал ауылшаруашылығы саласында көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартумен қатар уақыттарын, ең бастысы қағазбастылықты азайтуды және бюрократиялық үдерістерді жоюға бағытталған. Анықтама аламын деушілерге Сайқын ауылы Т.Жароков көшесі №31 үй 1-қабатында орналасқан «Бөкей ордасы ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне» немесе 21-2-80 телефонына хабарласуға болады.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар