5.04.2019, 12:17
Қараулар: 957
«МЕЙІРІМДІ КӨКТЕМ» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

«МЕЙІРІМДІ КӨКТЕМ» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Көзі қарақты оқырман көктем басталсымен ел бойынша қайырымдылық акциясы қолға алынғанынан хабардар. Қазақстан халқы ассамблеясының «Шашу» қайырымдылық шарасы аясында қолға алынған «Мейірімді көктем» акциясы Бөкей елінде де ұйымшылдықпен жүзеге асты.

Аудандық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілер топтары құрылды. Құрамына 50 ерікті жас кірген бұл топтар әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолғабыстарын тигізді. Қарларын күреп, отындарын жарып, мал азығын түсіріп берді. Ардагерлерге, жалғызбасты қария, әжелерге медициналық, шаштараздық қызмет көрсетіп, үй жайларын жинастырып, үй тірлігіне көмектесті. Мұндай шаралар акциямен аяқталмай, әлі де жалғасын табатын болады.

– Қыстық отынымның шеті көрініп, үнемдеп жағып жүрген едім. Күннің қабағын бағып жүргенбіз. Бір күні есік алдына машина тоқтады. Күтіп отырған ешкімім болмаған соң мән бермедім. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков туралап маған келіп: «Отыннан тарығып жүр екенсің, енді қысылмастан пештің көмейін толтыра жағып, терлеп-тепшіп отыратын боласың. Бір машина тезек келіп тұр»,-деді. Сайқын ауылдық әкімдіктің жігіттері ере келіпті, тезекті түсіріп қана қоймай, қорама кіргізіп, текшелеп жинап та берді. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы екен, тегін отын үлкен қуаныш сыйлады. Алғыстан басқа айтарым жоқ,-дейді ауыл тұрғыны Женни Үмбетова.

Акция барысында мәдени шаралар да өткізілді. Бөрлі ауылында ауылдық шаруа қожалық жетекшілерінің қаржылай қолдауымен «Асыл ана-2019» аудандық көп балалы аналардың байқауы өткізілді. Шараға барлық ауылдық округтен 12 көп балалы аналар қатысты. Байқауға қатысушы аналарға қомақты қаржыға алынған тұрмыстық техникалар табысталды.

«Қайырымды ел» қайырымдылық акциясы бойынша Сайқын ауылының жеке кәсіпкерлері А.Дюсемалиев пен Т.Мухамбетияров әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдар, аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетті.

Қасиетті күні жұма күні Сайқын ауылының жеке кәсіпкерлері А.Иманғалиева, А.Шапихов және Б.Сәменов аз қамтылған отбасыларға тегін нан таратуды дәстүрге айналдырып, үнемі қайырымдылық жасап келеді. 

Аудандық полиция бөлімінің ұжымы да аталмыш акциядан тыс қалмады. Айлық барысында екі бірдей материалдық қолдауды қажет ететін көп балалы отбасыларына барып, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

– Қоғам полиция қызметкерін тек тәртіп сақшысы емес, қолдаушы, қамқоршы ретінде таныса дейміз. Аз қамтылған, моральдық-материалдық қолдауды қажет ететін отбасыларды назарды ұстауға тырысамыз. Тарыққан, қиналған адам ел ішінде отырып, өзін жалғыз сезінбеуі керек. Осындай қайырымдылық шаралары тек акцияны күтпей, алдағы күндері де жалғасын табатын болады,-дейді полиция подполковнигі Әділхан Ғабдушев.

 

«Мейірімді көктем» қайырымдылық акциясы аясында жалпы 87 отбасыға (268 адамға) 867,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Қайырымдылықтың үлкен-кішісі, ерте-кеші болмайды. Мейірімділікпен қарап, қамқорлық танытуды тек акцияға телеп қоймай, айналамызға ізгі ниетпен қарай жүрейік, ағайын!

Өз тілшіміз

Жағымды жаңалық

Басқа да мақалалар