5.04.2019, 12:13
Қараулар: 8
МӘСЕЛЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАДЫ

МӘСЕЛЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАДЫ

Газетіміздің № 11 санында «Мәселе» айдарында «Қар кетті, қоқыс қалды» деген тақырыппен көктем келісімен қар бұғауындағы қоқыстардың көріне бастағаны жөнінде айтылған. Онда тілші Әділет Әбдіров теміржолдың арғы бетінде орналасқан қос моланың тасасында төгілген қалдықтарды көріп, «Жан моласын мал моласымен шатастырған» жерлестерін сынға алып еді.

Бір қуанарлығы, әріптесіміз көтерген мәселе аяқсыз қалмады. Сайқын ауылдық әкімшілігі бастамасымен қол алынған тазалық айлығы аясындағы алғашқы сенбілік сол теміржолдың арғы бетіне жоспарланды. Наурыздың 30-ы күні аудандық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен үлкен сенбілік өтті. Аудан орталығындағы 57 мекемеден 220 адамдай қатысқан.

Сенбілік барысында 18 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық жиналып, өзінің тиісті орнына жеткізілді. Сайқын ауылдық әкімшілігінің бас маманы Бисен Қадыровтың айтуынша, «Орда» коммуналдық шаруашылық пен су құбыры Бөкей ордасы өндірістік учаскесінің екі трактор тіркемесі қоқыс төгетін аймаққа бес рет қатынаған екен.

– Әр мекемеге жолданған хабарландыруда сенбіліктің өтетін орны, уақыты, тіпті, қажетті құралдар тізбесі берілген. Десе де, кей азамат-азаматшалар сенбілікке жұмыс жасауға емес, құралсыз, мұнтаздай киініп,  серуенге шыққандай, тек төбе көрсетіп кету үшін келеді. Сенбілікке шыққандар тек мекеме ұжымдары. «Үйіміздің айналасын жинап жатыр-ау, көктемгі тазалық біздің көшеден басталыпты ғой» деп білек сыбанып, қатарға қосылған бірде бір ауыл тұрғыны жоқ. Ауыл тұрғындарының немқұрайлығы көңілге кірбең ұялатады. Ауыл ортақ үйіміз емес пе?-дейді  ауылдық әкімшіліктің бас маманы Бисен Қадыров үлкен қынжылыспен.  Сенбілік алдағы күндері де, нақ осы теміржолдың арғы бетінде жалғасын таппақ. Бұдан басқа да ауылдың кіреберісіне 1000-ға тарта көшет отырғызу, ауылдың өзге маңайын жинау жоспарланған.

«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, сырт көздің сынына ілікпеу үшін сайқындықтар келесі сенбілікке белсенділікпен қатысады деген үміттеміз.

Раушан БАҚЫТОВА

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар