5.04.2019, 12:10
Қараулар: 571
БАҚ-тың АЙМАҚТЫҚ АЛАМАНЫ ӨТТІ

БАҚ-тың АЙМАҚТЫҚ АЛАМАНЫ ӨТТІ

Наурыздың 29-ы күні облыстың оңтүстік аудандарының редакция ұжымдары Жәнібекте бас қосты.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бастамасымен ауданаралық редакциялар арасында әріптестік-ынтымақтастық қарым-қатынасты дамыту мақсатында спорттық шаралар өткізу қолға алынған еді. Жәнібектік әріптестер осы мақсаттағы қанатқақты жобаны жүзеге асырды.

Аудан орталығында бас қосқан төрт бірдей аудан тілшілері бір-бірімен танысып, дидарласып, Жәнібектің көрнекі-тарихи орындарын, туризм орталығы мен аудандық өлкетану мұражайын аралап, аудан тарихынан құды мәліметтер алды.

Түстен кейін қалам ұстаған қауым спортқа деген ептіліктері мен икемділіктерін сынға салды. «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуаналиев пен аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Нұрымбек Жапақов сөз алып, қонақтарға «Қош келдің!» айтты.

Облыс орталығынан арнайы келген аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев:

– Мұндай шаралар әріптестік байланысымызды дамытып қана қоймай, шығармашылық жұмысымызға да жаңаша бір серпін береді деп ойлаймын. Бұл бәсекелестердің кубокқа таласы емес, медиахолдинг тілшілерінің мерейлі, меймандос кездесуі,-деді өз сөзінде.

Қош, сонымен оңтүстік аудандар редакциясының спартакиадасы волейбол мен үстел теннисін қамтыды. Волейболда бөкейліктердің бәсі биік болды. Үш ауданмен бақ сынаған «Орда жұлдызының» жұлдызы жанды. Үш қарсыласымызды да нөлмен қатырды. Бұл ойында команданы жұмылдыра білген команда капитаны Ерлан Сайхаденовтың шебер ойыны мен көшбасшылық қасиетін баса айта кету керек. Талдырмаш Раушан Бақытовамыз да, шынашақтай Айша Құрмашымыз да доп соққанда сен тұр, мен атайыннан еш кем түспейтіндіктерін көрсетті. Команданың жігіттері Алтынбек Темірбекұлы мен Әділет Әбдіров те қарсыласқа оңай шағылмайтын жаңғақ екендерін шебер ойындарымен танытты.

Десе де, үстел теннисінен басымдық таныта алмадық. Әділет әріптесіміз үшінші орынды місе тұтты. Сөйтіп, командалық есептен есе жібердік. Бұл жолы кубок жаңақалалық әріптестеріміздің қанжығасында кетті.

Мұндай спорттық шаралар әлі де жалғасын табатын болады.

Өз тілшіміз