28.03.2019, 17:08
Қараулар: 983
МЕРЕЙІ ҮСТЕМ МӘЛІК АҒА

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ МӘЛІК АҒА

Ұстаз! Ұстаз – барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін текті тұлға. Дәл осылай ойлағанда әр кезде ойыма  «Қазақ КСР  халық ағарту ісінің озық қызметкері» Мәлік Өтешов оралады. Ол – Хан ордасының төл тумасы. Мәлік ағамыздың апасы Нәбира Жамашева да кезінде халық ағарту ісінің озық қызметкері танылған жан. Сол Нәбира апамыз: «1959 жылдың ақпанында інім Сисенбай мен келінім Бәтестің шаңырағында тұңғыш атұстарлары дүниеге келіп, оған әкесі Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиндей дара тұлғаның есімін ырымдап, «Мәлік» деп қойды. Әкеміз Жамаштың кіндігінен өрбіген алты баламыз. Олар: Өтеш, Нағима, мен, Сисенбай, Кенжебай, Амангелді. Үлкен ағам Өтеш әскер қатарында, азаматтық борышын өтеп, үйге қайтқалы жатқанда, Ұлы Отан соғысы басталып, сол жақта қаза табады. Әкем Өтештің есімі жойылмасын кейінгі бауырларының жадында мәңгі сақталсын деп Сисенбай інімнің Мәлік атты баласының тегін Өтешов деп жаздырады. Міне, бүгінде сол Мәлік бауырымнан өрбіген ұл-қыздары Өтеш аталарының тегінде» — деп еске алған еді.

Сол кішкентай бала Мәлік ауылдағы мектепті өте жақсы аяқтап, ата-ана үмітін арқалап, ұстаз болмаққа қалаға аттанады. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа түседі. Оқи жүріп, өмірлік серігін тауып,  отау құрады. Мәлік Сисенбайұлының жары Гүлнардың да биология, география пәндерінің мұғалімі болатын. Мәлік Өтешов 1980 жылы жоғарғы оқу орнын физика және еңбек пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Тәмамдап шығады да келіншегін қолтықтап, туған ауылына тартады. Олар М.Горький атындағы мектепте еңбек жолдарын бастады.  Мәлік ағамыз 1981-1989 жылдары М.Горький атындағы мектепте мұғалім, одан соң 1989-1996 жылдары Орда орта мектепте директордың оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.  1991 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Қашан да өз мамандығының қыр-сырына терең бойлап,  тәрбие мен тәртіпті орнықтыруға, өскелең ұрпақ бойында қоғамға деген жанашырлық, патриоттық сезім орнықтыруға сүбелі үлес қоса білді. Бұдан кейін 1996 жылдан аудан әкімі аппаратына қызметке алынып, жауапты жұмыста болған. Көп ұзамай аудандық білім бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Одан соң, 2001-2002 жылдары М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры болады. 2002 жылы отбасымен Бәйтерек ауданы (бұрынғы Зеленов) Рубежинское ауылына қоныс аударады. 2002-2004 жылдары қоныс тепкен мекендегі  мектептің директоры, кейін Бәйтерек ауданы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарады.  Бәйтерек ауданы Калининское ауылындағы Камен жалпы білім беретін орта мектебінің директоры болды. 2010 жылдан бері Переметный ауылындағы мектептің директоры қызметін атқарып келеді. Мәлік Сисенбайұлы басшылық еткен мектеп жыл сайын үздіктер қатарынан көрінуде. Айтар болсақ, «Туристік-өлкетану қызметі бойынша үздік мектеп» номинациясында жүлделі үшінші орыннан көрініп, «Хрустальды шоқырға» ие болды. Бұған қоса аталған мектептің оқушылары физика пәнінен облыстық олимпиада да жақсы көрсеткіштер көрсетуде.

Мәлік туралы замандасы, жерлесіміз Лавр Хайретдинов «екеуіміздің достығымыз әкелерімізден, бірге өткен балалық шақтан бастау алған» десе, сыныптасы бала Мәліктің асқан зейінді, ыждағатты болғанын, физика, математикадан есеп шығаруда алдына қара салдырмайтынын айтса, әріптесі,  зейнеткер-ұстаз Ермек Исмағұлов Мәлік ағамыздың «Шебер қолдар» үйірмесіне жетекшілік еткенін, оқушыларды техникалық мамандыққа баулып, дамытушылық ой-ұшқыр қасиеттеріне көбірек көңіл аударғанын айтады. «Балалардың өзіндік қиялымен жасаған самолет, қайық, машиналарын аудандық, облыстық сайыстарға апарып, жеңіссіз оралмайтын. Соған қарап отырып, жүрек қалауымен жасаған істің жемісі мол болатынына көзім жетті. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға, спорттық ойындарға белсене араласатын. Тіпті жұмысқа кірген күннен «Еңлік-Кебек» қойылымындағы бір кейіпкердің рөлін сомдап, бәрімізді таңқалдырды» -деп өз естелігімен бөлісті. Кейіпкердің шәкірті, біздің әріптесіміз Гүлзада Әбілқайырова: «Мәлік Сисенбайұлы бізге физика пәнінен сабақ берді. Ұстаз, білікті басшы туралы мен ғана емес, менің сыныптастарым да жақсы пікірде. Әр кезде ұстазымыздың адамдарға адалдығы мен жүрегінің тазалығын, өз ісіне беріктігін, салмақтылығы мен сыпайылығын айтып отырады» дейді.

Мәлік Өтешовтың осы еңбегі ескерусіз қалмай, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табысты еңбегі үшін әр жылдары министр Ж.Түймебаевтың, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің «Құрмет» грамоталарымен марапатталса, сондай-ақ, Зеленов аудандық білім беру бөлімінің бөлім басшысы С.Сафиуллиннің, Зеленов аудандық білім беру бөлімі балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Г.А.Терехованың Алғысхатымен марапатталды.

Айта кетелік, «Жақсы жар – ер азаматтың бағы» демекші, отағасының жанын да, қызметін де түсінетін, ақыл-парасатымен де қолдап, қорғап, өрге домалауына тілектес болып жүрген зайыбы Гүлнар Хасенқызы бар. Олар Дәурен, Дастан  атты екі ұл, Розалия есімді бір қыз тәрбиелеп өсірсе,  Дастан ұлынан үш немере сүйіп отыр. Ата-анасының еңбекқорлығы балаларына дарып, әрқайсысы отбасының абыройын асырып, мерейін өсірді.  Отбасы –Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды орта. Алып бәйтеректей әке мен шаңырақтың ұйытқысына айналған анаға қарап, өздерінің өмірлік жолдарын айқындағандар қатарына Өтешовтер әулетін де жатқызуға болады.

Білікті басшы, үлгілі отбасының тірегі Мәлік Сисенбайұлына мерей жасымен құттықтап, көрер қуанышыңыз молынан болсын дейміз.

                   Лаура ТАЙЫРОВА,

Хан ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының маманы