28.03.2019, 17:00
Қараулар: 551
ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІПТІҢ ТАРЛАНЫ

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІПТІҢ ТАРЛАНЫ

Бөкейліктер мақтан тұтатын танымал тұлғалардың бірі – Сағынтай Рашқалиев. Ол бар саналы ғұмырын әскери қызметке арнаған адам. Қорғаныс саласындп 30 жылға жуық үздіксіз қызмет етіп, полковник шенімен доғарысқа шыққан ағамыз жеке кеңсе ашып, адвокаттық қызмет көрсетуде.

Сағынтай Рашқалиев Бөрлі ауылында дүниеге келіп, осы ауылдағы М.Бегалиева атындағы орта мектепті «жақсы» деген бағаға тәмәмдаған. 1985-1987 жылдары Отан алдындағы мерзімді әскери борышын Қиыр Шығыстағы Амур облысы, Сковородина-5 әскери қалашығында әскери міндетін  өтеп, еңбек жолын  Темір Масин совхозының №3 бөлімшесінде малшының көмекшілігінен бастаған.

1988 жылы Қарағанды қаласындағы  Е.Букетов атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1993 жылы  бітірген. Осы оқу орнында оқып жүрген кезінде болашақ V курс студенті бола жүріп, 1992 жылы Орал ауданаралық табиғатты қорғау прокуратурасының тергеушісі болып, кейін оқу орынын аяқтағасын алғашқы еңбек жолын 1993-1995 жылдар аралығында Орал қалалық прокуратурасында аға тергеуші қызметімен бастаған.

Содан бері қарай Сағынтай Рашқалиев  әр түрлі қызмет сатыларынан өтіп, Орал көлік прокурорының орынбасары, облыстық көлік прокуратурасы анықтама, алдын-ала тергеу және жедел іздестіру басқармасының бастығы,  Ақтөбе гарнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі, ҚР Бас прокуротурасы басқарма бастығының орынбасары қызметіне тағайындайды.

2002-2005 жылдары әскери саласының майталманы Сағынтай ағамыз Оңтүстік әскери қолбасшылығының Жамбыл облысында орналасқан Гвардейск горнизоны әскери прокурорының орынбасары қызметін,  2005-2009  жылдары ҚР Қорғаныс Министрінің  өкімімен Қостанай горнизонының әскери прокуроры қызметін атқарған.  Қызылорда қаласының әскери  прокуроры  қызметін атқарып, ҚР Қорғаныс Министрлігінің өкімімен Батыс Өңірлік қолбасшылығының штабы орналасқан, Каспий теңізін жағалай қонған Ақтау горнизонының әскери прокуроры қызметіне ауыстырылды. Кейін ҚР Бас прокуратурасында арнайы прокурор қызметін абыроймен атқарып полковник шенімен зейнеткерлік жасқа шығады. Қазіргі таңда Алматы қаласында жеке адвокаттық кеңсе ашып, ел тұрғындарына қызмет етіп келеді.

Тәуелсіз Қазақстанда құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайту, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбегі еленіп, Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады. Ағамыз тек әскери қызметтің үздігі ғана емес, ұлағатты әке, үлгілі отағасы.  Жұбайы Бақытгүл Құлмағамбетова  екеуі өмірге  1 ұл, 3 қыз әкеліп тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Жұбайы Бақытгүл Тыныштыққызы Оңтүстік-Шығыс әуе қадағалау Республикалық мемлекеттік мекемесінде аға заң кеңесшісі болса, тұңғышы Әли Қабдолов Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт Министрлігінде заңгерлік қызмет атқарып келеді. Қызы Камила 2015 жылы Оңтүстік Корея мемлекетінің астанасы Сеул қаласында өткен халықаралық олимпиадада жүлдегер атанса, қазіргі таңда Орталық Азиядағы солтүстік америкалық үлгі бойынша жұмыс жасайтын, Қазақстандық менеджмент-экономикалық бағдарлау университетінің ІІ курс студенті.

Қасиетті Орда топырағы өзінің осындай тау тұлғалы перзентімен мақтана алады және мақтан тұтады.

Шыңғыс НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,

штаттан тыс тілші