28.03.2019, 16:24
Қараулар: 1011
ҮШ БӨКЕЙЛІК ГРАНТ ҰТТЫ

ҮШ БӨКЕЙЛІК ГРАНТ ҰТТЫ

Халықтың әл-аухатын көтеруді көздеген мемлекетіміз, «тірлік қылайын, тұрмысымды түзейін», «өз-өзімді қамтимын» деген әр азаматқа жағдай жасауда деп айтылып та, жазылып та жатыр. Наурыздың 27-сі күні дәл осы ниеттегі үш бірдей бөкейлік  Айболат Хабеновке, Айгүл Бекқалиева мен Данагүл Шынғалиеваларға 252 500 теңге көлемінде мемлекеттік грант сертификаттары табысталды.

  • Бүгін қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендер — «Бизнес бастаудың» тыңдаушылары. Бұл қаражат, әрине, аяққа тұруға жеткіліксіз болар, десе де, істі бастауға едәуір қаржы. Дәл осындай қаржылай қолдауға кез келген азамат ие бола алады. Тек ниет болса, болғаны. Іс бастаймын деген аудан тұрғыны бізге келіп жолығып, бизнес әліппесін үйрене алады. Ал, қаржының қолға тиюін аудандық жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады, деді өз сөзінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Бөкей ордасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова.

Өткен жылы осындай қайтарымсыз қаржыны иеленген көпбалалы ана Жұлдыз Әбдірешева аздан көптің құралатынын, жақсы іске жақсы ой, ниет бастама болатынын айтып, берілген қаржыға екі іс машинасын алып, бүгінгі таңда ауылдастарының қалауы бойынша киім тігіп, нәпақасын айырып отырғанын айтты.

Айта кетелік, осы жолы Бисен ауылдық округінің Көктерек ауылының тұрғыны Айболат Хабенов қой қырқу ісін қолға алмақ, ал, шаштараздық кәсіби білімі бар Данагүл Шынғалиева кәсіпкер ретінде тіркеліп, шаштараздық өнерін ұштамақшы. Ал, Сайқын ауылдық округіне қарасты Шоңай елді мекенінің тұрғыны Айгүл Бекқалиева ауылдастарына түрлі тәттілерді ұсынбақ. Шараға қатысушылар арасында донер пісіріп, бесік жасауын тігуді қолға алмақ ниеттілер де бар екен. Тек курсты тәмамдаған соң, қажетті құжаттарды реттемек көрінеді.

Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оз бүгін екі жасымыз мемлекеттік грантқа ие болғандығын алға тартып,  шілде айынан бастап, «Жастар жылына» орай жас толқынға көмек еселене түсетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, жылдың екінші жартысынан бастап 14-29 жас аралығындағы 500 мың теңге көлемінде грант беретін жоба іске асады екен. Осы ретте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев грант иелеріне сәтті қадам тілеп, жастарымызға облысымызда «Жас проджект» жобасы жүріп жатқандығын жеткізіп, оның өзіндік шарттарын түсіндірді.

Қайтарымсыз қаржы алғандар мен қаржыны ұсынып отырған орталық, кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы меморандумға қол қойды. Жаңа бастамаға жәрдем болар қайтарымсыз қаржының қайыры молынан болсын деп тарасты қатысушылар.

Раушан БАҚЫТОВА.

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар