26.03.2019, 10:10
Қараулар: 1203
ҚОҚЫС ТАСТАУҒА ДА САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК

ҚОҚЫС ТАСТАУҒА ДА САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК

Жаздың күні болатын қоқыс салатын контейнерден жаңа ұзаған едім. Көрші апай ауласынан шықты. Қолында пакет емес, шелек. Аузы ашық екен, ішінде жуынды су, картоп қабығы, балық қабыршықтары, ішек-қарны, не керектің бәрі бар. Сол шелекті әкелді де, контейнерге лық еткізіп, төге салды. Қарап тұра алмай, «апай, кісі аямайды екенсіз. Контейнерді төңкере салатын техника жоқ, екі-үш адам көтеріп, тазалап жүр ғой. Мынауыңыз адамның үстін былғайды ғой. Сол жұмысшылардың бірі сіздің күйеуіңіз болса қайтер едіңіз?» дедім. Апайым ұялған жоқ. Қайта, «менің күйеуімнің қайда жасайтынын білмейтін бе едің?» дегендей жазғыра қарағандай ма қалай?..

— Құдайға шүкір, күйеуім қоқыс жинап жүрген қара сирақ жұмысшы емес. Үсті лас болмайды. Сенің шаруаң неге шашылып тұр? Сенің де күйеуің салқын кабинетте компьютердің алдында отыратын ақсаусақ емес пе?-деп қарап тұр.

­­- Тек бір контейнерді емес, ауылдағы пәлен контейнерді тазалайды. Обал емес пе? Малмаңдай боп, жуындыға малшынып жүрсе, қарап тұрып мен жиіркеніп тұрмын,-деп мен де қалыспадым.

  • Жиіркеніп тұрсаң, тұрма. Кім қандай қоқыс төгеді деп аңдып тұрсың ба? Бар, балаңды бақ. Төксе, төксін. Тегін істеп отырған жоқ. Сол үшін ақша алып отыр.
  • Ақша алады. Бірақ, еңбектеріне тұра ма? Тиын алады ғой.
  • Тиын алса, тағдыры сондай,- деді де, үйіне қарай тайып отырды.

Мұндайға не дерсің? Тек бұл апамыз ғана емес, «қоқыс шашылса, жинайтын адам бар» дейтіндер баршылық.

Тазалық біле білгенге иманның жартысы. Ел жүрер жерге, сая болар ағаш түбіне, ағын суға дәрет сындырғандар, тек жеке басының емес, айналасының тазалығына мән бермегендер Алланың қарғысына ұшырайды делінген екен хадистерде.

Білек түріп, айналаны жинап кетпесек те, қоқыс төгуге де сауаттылықпен, сол қоқысыңызды Қаратау қылмай, шыбын сасытып, қолаңса «аңқытпай», тазалық жұмыстарын жасап жүргендердің еңбегіне сыйластық танытайық!

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар