26.03.2019, 9:58
Қараулар: 997
ҚАР КЕТТІ, БОҚ ШЫҚТЫ…

ҚАР КЕТТІ, БОҚ ШЫҚТЫ…

Қарашадан бастап, қара жерге қар түсті. Күл-қоқысты алысқа апаруға ерініп, үйден қадам аттап, төге салдық. Қар жауды, боқ жасырындың турасы мағынасында орын алып, біраз «дүние» қар астында бұғып жатты. Енді көктем келіп, қар кетті. Қар кетіп еді, боғымыз шықты.

Облыс орталығының шеткі аймақтары көң-қоқыс полигоны, жуынды төгілетін аумақтың жақындығынан иіс қолқаны алып, тұншығудамыз деп дабыл қағып жатты. Ал, біз ауылда тұрып-ақ, сол қолқаны қабатын жаман иіске тұншығатын боламыз. Бұған көң-қоқыс полигонының жақындығы емес, өзіміздің салғырттымыз, салақтығымыз кінәлі.

Тұрғындардың тазалыққа атүсті қарайтыны жалған сөз емес. Сайқын көшелерін ерінбей араласаңыз, әрбір бесінші үйдің алдында төгілген күл-қоқысқа кезігесіз. Қала берді ауыл шетінде орналасқан қоқыс полигонына жетпей түсіп қалған қалдықтар далада шашылып, жел тұрса ауылға қарай көшеді. Бұл бір жағынан халықтың салғырттығы десек, екінші жағы әкімшіліктің тұрғындарды тазалыққа шақырудағы дәрменсіздігін көрсетеді.

Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиев:

­­– Жалпы ауыл ішінің тазалық жұмыстарына, соның ішінде көше тазалығына халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 15 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылады. Ең төменгі жалақы алатындарына қарамастан, ең ауыр  тірлікті атқарып жүр. Күннің ыстық-суығына қарамастан, өздеріне тапсырылған міндетті орындап, ауылдан апта сайын он екі тонна қоқыс шығарады. Тазалық сақтау, тазалау жұмыстарын жүргізу тек осы адамдардың мойнындағы жүк сияқты. Мекеме қызметкерлері болмаса, былайғы жұрт сенбілікке де шықпайды. Сенбілікке шығып, саябақ, мекеме алдын, орталық көшелер бойын тазаламай-ақ қойсын, өз үйлерінің айналасын жинауға ерінеді. Әкімдік дәрменсіз. Біз тек ескерту айтамыз. Бір аптада қайта айналып барып, қараймыз, ескертуімізге құлақ аспаған жағдайда аудандық ішкі істер бөліміне мәлімдеме түсіреміз. Іс-шараны солар қабылдайды, -дейді.

Жасалған ескертуден кейінгі учаскелік полицейдің атқаратын жұмысы қалай өрбитінін білмекке Сайқын ауылының учаскелік полициясы аға лейтенанты Алтынбек Назиевты сөзге тартқан едік.

– Ауызша ескерту жасалған тұрғын толық қадағалауға алынады. Шығарылған қалдықтар уақтылы тазартылмаса, хаттама толтырылып, тиісті жұмыс жасалады. Қоқысты көшеде, қоғамдық орындарда тастаған жағдайда ҚР Конституциясының 434-бабына сай бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Ал, үй жайлар мен қора маңында үйілген қоқыс ескерту жасалғаннан кейін тазаланбаса, 505-бапқа сай жеке тұлғаларға – 20  АЕК мөлшерінде (теңгеге шаққанда 50500 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (75 750 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (101 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (252 500 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қоршаған орта тазалығы барлығымызға ортақ. Демек, әр ауыл тұрғыны айналасының тазалығына өз үйіндей қараса, артық шығын дағ артық жұмыс та болмас еді,-дейді ол өз сөзінде.

Теміржолдың арғы бетінде орналасқан қос моланың тасасында төгілген мал терісі, бас-сирағы, ішек-қарыны, буаз малдан шыққан төлдің денесі мен кешкі астан қалған қу сүйекті еріксіз күрсінесің. Марқұмдар рухына көрсеткен құрметіміздің көрінісі осы болса, басқаға не айтарымыз бар? Мал моласын жан моласымен шатыстырған ауылдастарым үшін ұялдым.

Көң-қоқыстың арнайы жиналатын, шығарылатын орны бар. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бар. Сайқыннан екі шақырым жерде. Бұл  полигон аумағы заңды құжатта нақты белгіленсе де, кержалқаулардың кесірінен ауылдан шықпай жатып, басталып, резеңкеше созылып кете барыпты. Шеті аудандық ветеринариялық станциясы мекемесіне тірелген. Мекеме директоры Алмабек  Құрмашев:

– Жел тұрса қоңырсыған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Полигонға апаратын жолдың екі жаны төгілген қоқыстан сүріндіреді. Сенбілік кезінде қызметкерлермен бірге қоқысты жинап бағамыз. Таяқ тастам жерге баруға ерінетін кей ауылдастарымыз көзден таса жерге қалдық-шығарындыларын тастап кете береді. Соның салдарынан ауылдың экологиясы ластанып, ауада түрлі инфекциялар пайда болатынын түсінбейді ғой. Түсініп білсе әр кім өз денсаулығы үшін белгіленген қағиданы бұлжытпай орындар еді,-деп налиды Алмабек Манарбекұлы.

Полигонда не бар демеңіз, бәрі бар.  Диван, шамадан, кәрзеңке, картина, картон, велосипед, теледидар, тоңазытқыштардың қаңқалары дейсіз бе, көз сүрінеді. Қалауын тапса, қоқыс та кіріс әкеледі. Ал, біздің ауданда қоқысты өңдеу жолға қойылмаған. Ғаламторға көз салсақ, бір тонна қағазды қайта өңдесе, 16 ағашты аман сақтауға болады екен. Қағаз өндірісі үшін жылына тонналаған ағаш кесілетінін есептесек, бұл қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес болар еді. Бүгінде әлем бойынша жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикті жеп қоюына байланысты және пластикпен улану салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр. Ал, біз күніне қанша пластиктен жасалған бұйымдардың қалдығын тастаймыз? Бір тонна пластмасса қалдықтарын қайта өңдеу энергияның 95%-ын үнемдейді екен. Жалпы қоқыстың 1/3 бөлігін пластик қалдықтар құрайды. Пластик заттарды қайта өңдеу жүргізілсе, қоқыс полигондары мөлшері 40%-ға азаяды екен.

Қалдықтар полигонын айтпағанда ауыл ішінде, үй, ғимарат алдында орналасқан қоқыс жәшіктерін дұрыс қолдануды меңгере алмай жүрміз-ау.

Табиғатты ортақ үй дейміз. Сол ортақ үйімізді сіз де, ол да, мен де аяусыз көң-қоқыспен толтырып, көзін аштырмасақ, обалы кімге? Ғайыптан тіл бітіп сөйлеп кетпес, араша сұрамас, бірақ салдары өзімізге түрлі ауру боп келетінін естен шығармағанымыз абзал.

Әділет ӘБДІРОВ

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар