25.03.2019, 0:43
Қараулар: 528
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Аудан орталығында айтулы күн айрықша аталып өтті. Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне жиылған жұрт «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылған көрмені тамашалап, аудандық мекемелер әзірлеген ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

Күйшілер аллеясында қаз-қатар сән құраған киіз үйлер жанында қазан-ошақ құрылып, ет асылып, адамдар бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, осынау мерекенің шырайын кіргізді. Алаң ортасында құрылған алтыбақанның маңына жиылған жастар ән шырқап, асық ату сияқты ұлттық ойындарды дәріптеді. Саябақ ішіне құрылған сахнада «Жаса, Наурыз, дәстүрлі!» атты театрландырылған көрініс қойылып, көрермен жүрегіне жол тартты. «Сары жайлау», «Наурыз», «Сәулем-ай» әндері нақышына келтіре орындалса, «Үлгілі орда гүлдері» би ансамблінің бишілері әсем билерін тарту етті. Қазақтың қара домбырасы да атаулы күнде үнсіз қалмады. Аудандық балалар саз мектебінің шәкірттері xалық әндерін әуелетті. Қойылым соңы гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс сынды ұлттық ойындармен ұласып, білектілері бағалы сыйлықтар алып, жүлдемен тарасты.

Әділет ӘБДІРОВ.

Бөкей ордасы ауданы.