20.03.2019, 17:02
Қараулар: 1087
«ЕЛБАСЫНЫҢ ЕЛДІКТІ МҰРАТ ЕТКЕН САЯСАТЫ ЖАЛҒАСТЫ БОЛҒАЙ»

«ЕЛБАСЫНЫҢ ЕЛДІКТІ МҰРАТ ЕТКЕН САЯСАТЫ ЖАЛҒАСТЫ БОЛҒАЙ»

Чарльз ҚОЙШЫБАЕВ, ауданның құрметті азаматы, зейнеткер:

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тапсырғаны мәлім болды. Осы ретте оның қазақ елі үшін төккен тері, әсіресе, жерлестеріме көрсеткен қолдауы туралы айта кеткеніміз жөн деп есептеймін.

Бөкейліктер Елбасының 1997 жылы Хан ордасы ауылына өз тапсырмасымен салынған Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанатына қатысқанын ұмытпаған шығар. Сол жылы Орал қаласында Н.Назарбаевтың облыс сайлаушыларымен өткен кездесуіне ауданнан барған 17  делегаттың бірі мен болатынмын. Сол кездесуде ауданымыздың Капустин-Яр, Азғыр полигондарымен жақын орналасқандығы мәлімделіп, сол себепті тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетуді сұраған хат табыстадым. Онда «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновтің зерттеулері де тіркелген еді. Міне, содан бері Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, біздің ауданның мүгедектеріне төрт-бес мың теңге жәрдемақы төленіп келеді. Әрине, бұл осынша көп емес, дегенмен жиырма жылдан астам уақыт тоқтаусыз төленіп келеді. Сонымен қатар Жаңақала ауданы орталығында оңалту орталығы салынды. Оның бөкейліктерге деген қамқорлығы тек мұнымен шектелмеді. Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен биылдың өзінде Сайқыннан 175, Хан ордасына 21  шақырым тасжолдың құрылысы басталмақ. Елдің әлеуеті жыл санап өсіп келеді. Ол да осы сарабдал саясаттың арқасында жүзеге асып келе жатқан игі істер. Шындығын айту керек, сонау Кеңес одағы деген алпауыт одақ тарап, иесіз қалғанда, елдің еңсе тіктеуінде осы азаматтың еңбегі орасан. Мұны ешкім де ешқашан жоққа шығара алмайды. Тек осы игі бастаманың, Елбасының елдікті мұрат еткен саясатының жалғасты болуын тілейік.