20.03.2019, 16:57
Қараулар: 973
«БӨКЕЙ ОРДАСЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫН КӨП КӨРГЕН АУДАН»

«БӨКЕЙ ОРДАСЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫН КӨП КӨРГЕН АУДАН»

Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков:

Біздер, бөкейордалықтар, өзімізді Сіздің дара, сыртқы және ішкі саясатыңызды тұрақты, сенімді қолдаушылардың санатына жатқызамыз. Аудан тұрғындары әрқашанда есіміңізді зор құрметпен, ілтипатпен атайды. Себебі, Сіз қилы-қилы кезеңдерде бабалардың билігімен, сындарлы саясаттарға төтеп беріп, Тәуелсіздігімізге тәбәрік   болған Орданың тарихына зор құрмет көрсетіп, оның терең тарихын, жаңғыруына қолдау көрсеттіңіз. Еліміз тәуелсіздік алғалы екі рет Ордада болып, есіміңіз аудан тарихына  алтын әріппен жазылды. Сіз соңғы рет 1997 жылы мамыр айында 19 ғасырдың мемлекет және қоғам қайраткері Жәңгір хан кесенесінің ашылуына қатыстыңыз. Жиынға қатысқан жүздеген тұрғынмен қол алысып, жарқын жүзіңізбен мамырдың мамыражай шуағындай қуанышқа бөледіңіз. Одан кейін Ордада Ресей орыс географиялық қоғамының мүшесі, күміс медалінің иегері, этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Бабажановқа және күйші, сазгер, ұжымдасып домбыра тартудың негізін қалаушы Дәулеткерейге де сіздің нұсқауыңызбен кесенелер тұрғызылды. Екі-үш жыл өткеннен кейін сіз Ресейдің Астрахань облысында 19 ғасырда қазақтың өз жерін, Еділ мен Жайықтың арасын бейбіт жолмен өзіне қайтарып алған Бөкей ханға да кесене тұрғызып, оның ресми ашылуына  қатыстыңыз. Сондай-ақ кесенені ашуға сол кезде Ресейдегі екінші тұлға сол кездегі беделді көрнекті мемлекет қайраткері, премьер-министр Черномырдин қатысты. Бұл оқиғаның өзі Қазақстанның және сіздің есіміңізді, даңқыңызды дүние жүзіне паш етті. Сіз Ордадағы өлкетану мұражай кешенін ұйымдастыруға да зор қамқорлық жасадыңыз. Сіздің ауданымызға деген  қамқорлығыңыз шексіз. Сіз жуырта облысқа жасаған іссапарыңызда да біздің ауданға ерекше назар аудардыңыз. Сіз өз сөзіңізде «Бөкей ордасы  – Ресейге ең жақын шекарадағы аудан. Ордаға туристер апарамыз дейміз, жол жоқ болса қалай барады? Сондықтан Бөкей ордаға асфальт жол салдырту керек, қаржы бөлуді үкіметке тапсырамын»  дедіңіз. Бұл қамқорлығыңыз бізді зор қуанышқа бөлеп, сізге деген зор құрметіміз бен шексіз алғысымызды бұрынғыдан да арттырды. Түреннен жол салып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп қиындықты еңсеріп, елдің іргесін бекітіп, еңсесін тіктедіңіз. Еңбегіңіз өлшеусіз.