14.03.2019, 19:48
Қараулар: 537
«БІР ЖАСЫҢМЕН!»

«БІР ЖАСЫҢМЕН!»

Наурыздың 14-і күні Бөкей орда ауданы орталығындағы күйшілер аллеясында сайқындық халайық көрісу күнін салтанатты түрде атап өтті. Аллеяда сахна, ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Бұл жолы көше тұрғындары жиналып бір топ болып, ата дәстүр, ұлт өнегесі бойынша сынға түсті.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз алды:

– Көрісу айт, амал күні – қазақтың басын біріктіретін, кірлеген көңіл тазарып, алдағы күнге ырыс тілейтін игілікті күн. Ендеше, айт құтты болсын! Айттан айтқа аман жетейік,-деп тілек айтты.

Аудандық мешіттің найб-имамы Манас Қабасов құран оқып, өткен күнге тәубе айтып, алдағы күнге ақ жол тіледі.

Бұдан соң көшеаралық сайыс басталды.  Әр көше түрлі дәстүрден көрініс көрсетті, ән әуелетіп, би билеп, өнерлерін сынға салды. Б.Жәнекешев көшесінің аға буыны белсенділіктерімен ерекшеленді. Көңілді сазбен өрілген жырларын оқып, көшелерін таныстырды. Бар саланың маманы тұратын көше деп мақтанышпен көрсетті. Жәнекешов көшесін басқаларынан ерекшелеп тұрған да осы жырлары болды. Көше ақсақалы Тілеген Арыстанбековтің батасы да мазмұнымен ерекшеленді, жұртшылық сілтідей тынып, тыңдады десек артық айтқандық емес.

Көшелер тіккен киіз үйлер бас сұққандарды құр жібермей, ақтан дәм татқызып, қойын-қонышын тәттіден толтырды. Орда көшесі тіккен киіз үй жанында сарқ-сарқ қайнап, қызыл бауырсақ қазанда пісіп жатты. Бұл көше тіккен киіз үй безендірілуімен де көш бастады.

Шара нәтижесі бойынша бірінші орынды Орда көшесі иеленсе, екінші орынды Жәнекешов пен Әзірбаев көшелері, ал үшінші орынды екі құрама топ өзара бөлісті.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар