14.03.2019, 10:53
Қараулар: 509
ШЫҢЫРАУ ШЕДЕНОВ

ШЫҢЫРАУ ШЕДЕНОВ

Нарынның тумасы, экономика ғылымынң докторы, үш мәрте академик атанған Өтеғали Шеденовті нақ осы шыңырауға теңер едім. Білімінің тереңдігі, жан-жақтылығы, адами болмысы туралы айта берсең түбі көрінбес шыңырау іспеттес.

Сонау соғыстың өртең кезінің түлегі бұл. Орда ауданы, Батырбек ауылдық кеңесінің Алғабас колхозында дүниеге келген. Әкесі Қадырғалидың сүйегі Сталинград даласында қалса, анасы мұғалима Рысханым сол Сталинградқа азық-түлік, киім-кешек тасимын деп жүріп, аяғын бомба жұлып, көп қан жоғалтып, қайта қатарға тұрмаған екен. Сөйтіп, ағамыз не бары төрт жасында тұл жетім қалады. Дала академигі атанған нағашы атасы Тоғжанның қолында тәрбиеленеді. «Қазақтың қазақтығы дала сырын ұғынуында, табиғаттың тамыршысы болуында» дейтін атасы шөптің иісіне қарап, ыққан малды тауып алатын жершіл ғана емес, ауылдағы көп істің иінін шешетін ақылгөй адам болған. Шіліңгір шілденің қабағын бағып, ертеңгі қыстың алағай-бұлағай, ақ көйлекті құдағи-боранына болжам айтып, әр өсімдіктің сырын, қасиетін білетін атасы кейіпкеріміз үшін үлкен мектеп болды.

Ал әпкесі Жұмаш Өтеғали ағамызды қолөнерге баулыған екен. «Еңбек етсең, ырысты боласың» деп жоқтан бар жасауға, тиянақтылыққа үйретіпті.

Осындай тәрбиемен өскен ағамыз мектепте зеректігімен танылды. Ұстаз біткен «азамат Шеденов» деп құрмет танытыпты. Орыс тілін жетік меңгергенге жол ашықтығын жақсы ұғынған ол аяғындағы туфлиін сатып, 34 сомға Н.Сауранбаевтың сөздігін алған екен. Шеденовтың талапшылдығы, зеректігі кейін ҚазГУ-ге түсіп, студент болған кезінде де анық байқалды, ортасында «профессор» атанды. Ғылым жолына түсіп еді, шыңына жетті. Экономика ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР әлеуметтік ғылымдар академигі, Халықаралық Еуразия экономика академиясының академигі атанды.

Қатарластары, жай ғана қатарластары емес, атынан ат үркитін ғалымдар, тілшілер Өтеғали Шеденовті экономиканың екінің бірінің кәлласына сыймайтын теориясын шебер ұқтыратын лектор, талапшыл ұстаз, ізденісі еш толастамайтын ғалым, жидашы, ауыз әдебиетінің білгірі деп таниды. Үзеңгілесі Ғарифолла Көшенов Өтеғали ағамыздың ішкі тәртібі мықты екенін, әр күні ғана емес, әр сағатына дейін жоспарланып тұратынын айтады. Ал студент кезінен достары ағамыздың сұрмергендігі, ұқыптылығы мен тазайындығына сөз жоқ деседі.

Бұған қоса ағамыздың өлкетанушы мен ақындығы, сазгерлігі тағы бар.

Құм Нарынның наласы мен тарихы, осы қасиетті топырақтан түлеп ұшқан атақты адамдардың еңбектері мен өмірдерегі – Өтеғали ағамыздың сүйікті тақырыбы.

Ағамыз «Азғыр-Нарын ажары», «Телқоңыр» атты кітаптарында осы тақырыптарды қаузаған. Он екі құмнан тұратын Нарынның қойнауындағы елді мекен тарихы, қасиетті орындар, Бекмұхамед халпе, Жәңгір хан мен ұрпақтары туралы деректер берілген. Ағамыздың осы еңбектерінен Бисен Жәнекешевтің Бекмұхамед халпеге қамқорлық жасағаны туралы, қарақшылар талауына түскен Кенебай үңгірі сияқты тылсым мекен туралы оқып білдім.

Ө.Шеденов экономист ретінде сауатты сараптама жасап, дәйекті болжам айта білетін ғалым. Сонау 1999 жылы «Хабар» арнасына берген сұқбатында: «Теңге мен доллар әзірше екеуі тең дәрежеде емес. Әрқайсысының мұңы бөлек, ойы басқа. Өнеркәсібімізді, оның ішінде кіші, орта бизнесімізді жандандырсақ, несие қаржыларын соларға бағыттап, әр түрлі  меншікте дұрыс қолдана білсек, теңдікке сонда келеді», «Ең бірінші кезекте ауылшаруашылығын көтеруіміз керек. Кіші болсын, үлкен болсын, шама келсе, соған оңды жағдай жасаған жөн. Ол үшін белгілі бір тәртіп орнату керек. Қазір біз тауарларымыздың бәрі дерлік шикізат күйінде татымсыз арзан бағаға кетіп жатыр. Біз сол тауарды өңделген күйде шығаруға тиіспіз. Шетелден алатын көмекті ақшалай алмай, ноу-хау, ғылыми ұйымдастыру жетістіктері-жаңа технологиялар, еңбек өнімділігін арттыратын құрал-жабдықтар түрінде алсақ, абзал» деген екен. Экономист Шеденов өзінің ғылыми жұмыстарында банк пен несие саясаты, аймақтық экономика туралы кеңінен талқылап, тереңінен қаузаған.

Ө.Шеденов Нарын наласын, Азғыр азасын жүректен өткізіп қабылдаған адам. И.Часниковтың «Эхо ядерных взрывов» атты еңбегін арқау ете отырып, радиациялық ауытқушылықтар, радионуклидтер туралы дабыл қағып, туған топырағының тағдырын тиісті деңгейде көтеріп, аталмыш екі еңбегінде Нарын мен Азғырдың жылнамасын жиып берген.

Шыңырау білімді Шеденов азаматтық ұстанымын анық танытып, түрлі тақырыптар бойынша сөз қозғапты. «Жарқын болашақ – жастарда» атты мақаласын мысалға алсақ. Аты жалпылама, ұраншыл болса,  білім саласында күрмеуі қиын келелі мәселер: орыстандыру саясаты, ұстаз мәртебесі, мектеп жағдайы, Тіл мен ҰБТ туралы айтып, өзінің азаматтық ұстанымын білдірген екен.

Ағамыздың жұбайы Бэла Ахметова туралы әңгіме өз алдына бір төбе. Кейкі батырдың ұрпағы Бэла жеңгеміз де бейбіт күннің батыры болған адам. Сонау 1972 жылдары физика саласы бойынша мемлекеттік сыйлықты иеленген. Ядролық реакциялардың көлеңкелі эффектілері тақырыбындағы еңбегі ғылымда ашылған жаңа соқпақ болды. Қос ғалым бастаған сара жолды бүгінде ұрпағы жалғап отыр.

Міне, мен таныған шыңырау білімді Шеденов осындай. Сырттай ғана кітаптарын оқып отырып түйгенім бұл.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым ағамызға сіздей шыңырау ұлтқа керек, аман болыңыз дейміз.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ