14.03.2019, 10:47
Қараулар: 502
АЛТЫБАҚАН ҚҰРЫЛЫП, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ОЙНАТЫЛСА…

АЛТЫБАҚАН ҚҰРЫЛЫП, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ОЙНАТЫЛСА…

Райымбек Құрманғазиев М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп тәлімгері:

– Негізінде біздер орыстың рождествосын өзіміздің Наурыз тойымыздан артық тойлайтын сияқтымыз ғой. Желтоқсанның ортасынан асқан-ақ, көшелерде түрлі афишалар ілініп, дүкендерде жылтырақ шамдар жаппай сатылымға шығарылады. Бұл жаңа жыл алдындағы қарбалас. Неге ұлыстың ұлы күнін солай қарсыламасқа? Наурыздың 22-сін күтпей, көшелерде алтыбақан құрылып, күндіз ашық алаңда аударыспақ, асық ату, теңге ілу сынды көне ойын түрлері дәріптеліп, кеш түсе ақсүйек, бастаңғы ойындары ұйымдастырылса қандай жақсы?! Тек бұл үрдіс бір-екі күндік емес, одан әрі созылса жөн болады. Әйтпесе, түске дейін мәдениет үйімен әр мекеменің қызметкерлері ұйымдастырған шағын концерттік бағдарламаны тамашалап «сол-ақ па?», «осыны да міндетсінеді» деп менсінбеушілік танытып тарасатындар да табылады. Айтулы күнге тек мекеме қызметкерлері ғана емес барша ауыл болып атсалыссақ, нұр үстіне нұр болады емес пе?