14.03.2019, 10:44
Қараулар: 12
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ЖАЙ ҒАНА ҮШ КҮНДІК ДЕМАЛЫС ІСПЕТТІ

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ЖАЙ ҒАНА ҮШ КҮНДІК ДЕМАЛЫС ІСПЕТТІ

Амантай Хамзин – тарихшы-өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

Біле білсеңіз жеті ондыққа созылған орыс бодандығының салдары әлі де сезіліп тұрады. Осы түркітектес халық үшін жаңа жыл саналатын Наурыз мерекесін тойлаудағы салтқа қарап қарның ашады. Бабаларымыз жаңалықтың бастауы санаған мереке бүгінде ескіліктің нышанындай болған дәстүрлерді сахнадан тамашалап, мейрам емес, демалыс деп қабылдайтынымыз өкінішті-ақ. Әсіресе, жастардың Наурыз мейрамына деген көзқарасы тіптен бөлек. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, алайда олардың ұлтымызға деген патриоттық сезімі дәл осы мерекеде тапсырма болса, ұлттық киім киіп, не ұлттық тағам дайындаумен шектелетіндей. Тіпті соңғы кезде өз еркімен ұлттық киіммен мерекеге шығатындарды сирек кездестіреміз. Ал, тауар айналымында заманына сай ұлттық нақышты арқау қылған талай киімді байқап жүрміз, тек оны киюге көпшіліктің зауқы жоқ. Осының өзі көңілге кірбің түсіреді. Негізі мейрам халықтық қой, әр адам бұл мейрамда барымен бөлісіп, бір-біріне жылылық сыйлауы керек деп ойлаймын. Шын ниетімен істелген әр іс берекелі болады емес пе. Теледидардан түркілердің осы мейрамды тойлауын тамашалап, осындай үрдіс қандастарымызда байқалса деп тілейміз.

Елімізде көп жылғы үзілістен соң 1989 жылы алғаш наурыз тойланғаны белгілі. Сол жылы аудан орталығындағы мерейтойды фотообъективіне іліктірген Исатай Лайықовтың суреттері әлі күнге сақталған. Ол деген тарихи сәт. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге рұқсат жоқ заманда елдігімізді көрсеткен уақыт. Міне, сол кездегі жұртымыздың жүрек түкпіріндегі шырағы жанған еді. Ал, бүгін ше? Тәуелсіздік туы төбемізде желбіреп тұрса да төл мерекеміздің мәнін дұрыс ұғына алмай жүргендейміз. Ендеше оны әр адам өзінен бастап, ұрпағының құлағына құя берсе, берекеміз артып, елдігіміз нығаяры сөзсіз.