14.03.2019, 10:34
Қараулар: 13
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ БЕ?

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ БЕ?

Ұлыстың Ұлы күні – мың өліп, мың тірілген қазақтың «өліп-тірілген» ұлттық мейрамы. Тек қазаққа емес, түбі бір түріктің ортақ мейрамы. 1926 жылы наурыз мейрамы діни мереке ретінде танылып, тойлауға тыйым салынған. Содан алпыс екі жыл бұғатта жатқан ұлт мейрамы 1988 жылы халықпен қайта қауышты. Іргелес көршілеріміз Қытай қаңтардың соңғы аптасынан бастап, екі аптаға шекараны жауып, жаңа жылын тойлайды. Ал Ресей жаңа жылдары Рождествоға ұласып он шақты күнге демалады. Өзбектер «Мустакилик байрамы» деп, түркімендер «бейтараптық күні» деп, өз елінің тәуелсіздік күндерін шекараны жауып, тойлайды.

Ал біз Тәуелсіздігіміз бен Ұлыстың Ұлы күнін қалай тойлаймыз? Атадан мирас болған мейрамның парқына жетіп жүрміз бе? Наурыз тойынан не күтесіз? Нені ескеру керек дейсіз?

Осындай сауалмен оқырмандарымыздың жасы үлкені мен кішісін «мазалап көрген» едік.

Ноқаш ҚАДИМОВ, зейнеткер:

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ІЗГІЛІК МЕЙРАМЫ

– Мен ес білгелі Ұлыстың ұлы күні деп 14 наурызды тойлап келдік. Қазіргі көрісу айт. Бұл күн шынымен мереке еді. Көптен көрмей қалған ағайын бас қосып, айттап келіп, кішігерім той болушы еді. Ол кезде мұндай кездесудің жөні бөлек. Қазіргідей ұялы телефон жоқ.  Көрмек түгілі жақын адамыңның дауысын есту бір мұң болатын. Негізі, Наурыз – ізгілік мейрамы. Жаңа жылда шыршаны кесіп, үйге әкелсе, наурызда тал егіп, бұлақ көзін аршиды, айналаны тазартады. Тазарып, жаңарады. Ренжіскен адам татуласады. Жаңа жыл отбасылық мейрам болса, наурыз ауылдың, тұтас халықтың мейрамы. Бір-біріне тілек тілеп, айттап барып, мәре-сәре болған ағайын, ақ ұсынып, бауырсақ, кәмпит таратқан аналар, бір үйден бір үйге топ-тобымен көшіп жүретін балалар шын мәнісінде мерекелік ауан қалыптастырады емес пе? Бір тілек тілеп, бір тайқазаннан наурыз көже ішетін бұл мейрам бірлікке, ұйымшылдыққа үндейді. Осы ізгілік мейрамында адами қайырымдылық, ізгілік істер көптеп жасалса, наурыз айында жыл бойы жақсы жұмыс жасаған кәсіпорын, зауыттар салықтан босатылып, тәртібімен түзелгенін көрсеткен жазаланушыларға рақымшылық жасалып, мемлекет тарабынан үлкен шаралар қолға алынса, мерекенің мәні артар еді. Халық асыға күтер еді.