14.03.2019, 10:23
Қараулар: 834
ZHASPROJECT – ЖАСТАРҒА СЕРПІН, ҮЛКЕН ІСКЕ БАСТАМА

ZHASPROJECT – ЖАСТАРҒА СЕРПІН, ҮЛКЕН ІСКЕ БАСТАМА

Бір миллион теңгелік қайтарымсыз қаржы. Мұндай қаржыны оқымайтын, жұмыс жасамайтын, жұмыс жасаса да, табысы аз жастарға Дүниежүзілік банк ұсынып отыр. Биылғы жылы алты өңірдің жастарына осындай мүмкіндік ұсынылуда. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін азайту және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беруді мақсат еткен бұл жобаға бөкейлік жастар да ат салысып, миллионға үміткер бола алады. Аталған жоба бойынша жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың қызметкері Айымбек Егінғалиевті сөзге тарттық.

– Жобаға кімдер үміткер бола алады?

–  Жобаға жасы 14-29 жас аралығындағы кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы өтінім бере алады. Жоғары білімі жоқ, жұмысы жоқ жастар, жұмыс жасап жүрсе де, табысы төмен жастар қатыса алады. Мектеп оқушылары жобаға қатыстырылмайды. Конкурста арнайы білімі жоқ жастардың осал топтарына ерекше басымдылық танытады.

– Талап, тәртібі  қандай?

–  Жобаға қатысу үшін үш немесе бес адамнан құралған топ құрып zhasproject.kz сайтына тіркелу қажет. Тіркеу барысында қойылатын сұрақтарға нақты жауап беріп, өзінің жобалық өтінімін сауатты түрде жаза білуі басты назарға алынған жөн. Тағы бір маңызды жайт, жобаға тіркелгеннен кейін қатысушыларды алмастыру жүргізілмейді және топ мүшелерінің бірі жобадан дәлелді себептерімен шыққан жағдайда құрылған топ жұмысын тоқтатады.

– Жобаға үміткер болу үшін не істеуім керек?

– Жоба бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналарға, мүгедек жандарға алты ай көлемінде тегін қызмет көрсетуге міндетті боласың.

– Жоғары білімі, жақсы табысы жоқ жастар үміткер бола алады екен. Мектептен кейін, ешбір орта көрмеген ауылдың жасы үміткер болғысы келеді. Бірақ, қолынан не келетініне, игеріп әкететініне сенімсіз болса, қандай бағдар бересіз?

– Волонтерлік бастамалар көтеруіне: қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетуіне болады. Экологиялық сенбілік ұйымдастырып, абаттандыру жұмысын жүргізуіне де болады. Аула клубтарын ұйымдастыру, құс фермасын, омарта жұмысын қолға алу екі жастың бірінің қолынан келетін жұмыс. Тек ниет болса. Талаптанып, тәуекел етіп келген жастарға қолдау бар, бизнес жоспарын дайындауға, кейін кәсібін дамытуға да қолдау көрсетіледі.

– Грантқа ие болдым делік, әрі қарай қалай өрбиді?

– Грант ұтып алған жағдайда бір миллион теңгеге дейін қайтарымсыз сыйақы беріледі. Алғашқы жарты жылдықта құрылған топтың әр мүшесіне жоғары білімі бар болса, 60 мың теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы тағайындалады. Жоғары білімі жоқ болған жағдайда шәкіртақы мөлшері – 40 мың теңге. Оған қоса жобаға қатысушылар үш кезеңнен тұратын оқыту тренингіне қатысады. Шағын кәсібіңді қолға алып жұмыс атқарғаннан кейінгі алты ай толған соң  мерзімі тоқтағаннан кейін өзің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп ақылы түрде жұмысыңды жалғастыруға болады. Немесе мүлде тоқтатсаң да өз еркіңде. Ал, грантты ұтып алып жоба жұмысын алғашқы алты айда жүргізе алмасаң, берілген сыйақыны кері қайтаруыңа тура келеді.

– Конкурсқа қатысуға өтінімдер қашан жүргізіледі және жеңімпаз қалай анықтамақшы?

–  Әлеуметтік жобаларды іріктеу бойынша гранттық конкурстың басталуы 15 наурыздан-15 сәуірге дейін жалғасады. Қатысушылар іріктеудің үш кезеңінен өтеді. Бірінші кезеңде тапсырылған құжаттардың дұрыстығы тексерілгеннен кейін екінші кезеңге жіберіледі. Екінші кезең комиссиялық бағалау. Үшіншісі – компьютерлік іріктеу. Содан грант иелері анықталмақ.

– Жалпы жобаға қатысуға талап білдірген жастар бар ма?

–  Қызығушылық танытып жобаға қатыссам дегендер көп. Бірақ нақты топ құрып, құжаттарын дайындап жүрген әзірге 23 үміткер тіркелді. Бұл тек аудан орталығындағы көрсеткіш. Бұған дейін еліміздің өзге облыстарында жұмысын бастаған аталған жоба ағымдағы жыл бойына Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына қоса, Астана мен Алматы қалаларында жұмысын жүргізбекші. Бұл жеке кәсібін ашып, өз-өзін жұмыспен қамтимын деген жастарға бір-ақ рет берілетін мүмкіндік.

– Уақыт тауып, түсінік бергеніңе рақмет. Бастаманың нәтижелі болуын тілейміз.

Әділет ӘБДІРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар