14.03.2019, 10:19
Қараулар: 711
САРҚЫЛМАЙТЫН ЖЫЛЫЛЫҚ, «АНА» АТЫ ҰЛЫЛЫҚ

САРҚЫЛМАЙТЫН ЖЫЛЫЛЫҚ, «АНА» АТЫ ҰЛЫЛЫҚ

Аудандық мәдениет үйінде нақ осы тақырыпта мерекелік концерт өтті.

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов сөз алып, нәзік жандыларды мейрамымен құттықтап, қоғамдағы, ұлт тәрбиесіндегі аналар роліне тоқталды.

– Ана бақытты болса, ел бақытты. Ананың қайғысы, мәселесі – әр кезде қоғам қайғысы, қоғам мәселесі. Ел басына күн туса, аналарымызды белді буып, шептің алдына шыққан. Шығып та жүр. Ер азаматпыз, мықтымыз десек те, ананың алдында, әйелдің жанында әлсізбіз. Әйел қанша нәзік болса да, сол нәзік жанның жылуына, мейіріміне, қамқорлығына зәруміз. Әлемді ұстап тұрған аналардың жылуы мен мейірімі, әйел затының әдемілігі, -деп сөз алды.

Аудан әкімі көп балалы аналар ұялылық Ботагөз Ерғалиеваға, мұратсайлық Гүлдария Қарабаеваға, бисендік Алмагүл Ұзақоваға «Күміс алқаны» табыс етті.

Ресми бөлім мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты. Аталмыш шарада былайғы күндері галстук тағып, кабинетте отыратын мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары да, ауруханада науқас қабылдап, мектепте бала оқытатын  дәрігер, мұғалім азаматтар да сахна төрінен табылды. Тек ер азаматтар емес, балабақша, мектеп қабырғасындағы ұл балалар былдыр тілімен, балғын үнімен аналарына жыр оқып, әдемі әндерін тарту етті.

М.Насыров, Қ.Мусин мен М.Қалыбаевтардың орындауындағы «Гүл сыйлайық, әйелге» атты әнімен ашылған мерекелік бағдарлама жігіттер ансамблінің орындауындағы серпінді күймен, жігерлі бимен, әуезді әндермен жалғасты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры Жұбан Ғұмаров танымал ақындардың жырларын оқыды.

Ер азаматтардың вокалды-инструменталды ансамблінің орындауындағы жерлес ақын Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған «Анашым» әні, Р.Рождественскийдің «Не надо печалится» әндері де көрермен жүрегінен орын тапты. Аудан әкімі, әкім орынбасары мен мекеме, мектеп басшылары  гитара, барабанда ойнап, жеке дауыста ән салып, өнерлерімен тәнті етті.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар