14.03.2019, 10:16
Қараулар: 821
МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов пен Сайқын ауылы әкімі Мейрамбек Аққалиев жетпісінші көктемін қарсы алған Сайфетден Қожантаевті құттықтап, алғысхат пен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Сайфетден Қожантайұлы 49-дың 10 наурызда Орда ауданына қарасты Ноғайбай елді мекенінде дүниеге келіпті. Соғыстан кейін өртең кездің ұрпағы еңбекпен ес жиды, еңбекпен бойын тіктеді. Еңбегі еленіп,  үш мәрте  аудандық партия конференциясына делегат болды. 1974 жылы облыстық социалистік жарыстың жеңімпазы танылды. Аудандық партия комитетінің мақтау грамотасымен және аудандық «Книга Трудовой Славы» куәлігімен марапатталып, 1980 жылы Жоғарғы Кеңестің бұйрығымен «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

Еңбекте оза шауып, өзгелерге үлгі болған ағамыз отбасында жұбайы Райхан жеңгемізбен 47 жыл тату-тәтті өмір сүріп, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде сол ұл-қыздарынан төрт немере, төрт жиенінің қызығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Қабылдауға ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, Сайфетден ағамызды ортаға алып, өткен күндерден сыр шертті. Мерейтой иесі бастан кешкен қызықты оқиғаларын еске салып, үзеңгілестерімен әңгіме-дүкен құрды. Мерей жасын елеусіз қалдырмаған кеңес төрағасы мен ауылдық округ әкіміне, замандастарына алғысын білдірді.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ