14.03.2019, 10:12
Қараулар: 510
ӘЗИЗ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ӘЗИЗ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов мереке қарсаңында ақ жаулықты әжелер, көп балалы аналар мен еңбегімен еленген нәзік жандыларды арнайы қабылдады. Салтанатты шараға келгендердің осалы жоқ. Өз алдына бір төбе. Таратып айтсақ,  Зәуреш Әшенова «Еңбек ардагері» медалі иегері,  Зейнеп Әбдірахманова  көпбалалы ана, Ленин орденді, «Күміс алқа» иегері. Ауданның қой шаруашылығын өркендетуге ат салысып, кезіндегі аты дырдай, бәсі биік облыстық атқару комитетінің, бүкілодақтық комсомолдар одағының «Құрмет» грамоталарының екі-үш мәрте иегері болған. Ордалық  Бибігүл Қуанғалиева, бөрлілік Айгүл Өтегенова, саралжындық Ақтілек Еслямова, ұялылық Бәтес Әкімғалиева шәкірттерінің жетістігімен аудан, облысқа аттары танылған ардақты ұстаздар болса, саралжындық Нұрсұлу Ғайниева, бөрлілік Лида Сұлтаниярова алғыс арқалаған ақ халаттылар қатарынан. Бәтес апамыз жас балғындарды саз өнеріне баулып жүрген мұғалім ғана емес, бес бірдей бала өсіріп отырған алтын құрсақты ана. Ал бисендік Мейрамгүл Айтасова мен Алмагүл Ұзақовалар, мұратсайлық Гүлдария Қарабаева, ұялылық Ботагөз Ерғалиевалар жас та болса, көп балалы ана атанып, іс тігіп, тоқыма тоқып, қосымша табыс тауып отырған ырысты жандар. Мұратсайлық Бағила Берқалиева  да тек мәдениет үйінің майталман маманы ғана емес, ұлт демографиясына үлес қосқан ардақты ана. Ал ордалық Венера Елемесова жас та болса, іскер басшы, білікті маман ретінде танылып, саланың үздігі атанған жан.

Осындай әзиз жандарға аудан басшысы, мекеме басшылары игі тілектерін арнап, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Бұл шараға аудан мекемелерін басқарып отырған әйел адамдар да қатысты.

Өз тілшіміз