14.03.2019, 10:02
Қараулар: 674
ӘЗИЗАНЫҢ ӘДЕМІЛІК ӘЛЕМІ

ӘЗИЗАНЫҢ ӘДЕМІЛІК ӘЛЕМІ

Жаратқан сұлулықты дарытпаса да, сол сұлулығыңызды сатып та алуға болады. Табиғи бейнесіне көңілі толмай, көріктінің көріктісі  атанамын деген желеумен пластикалық хирургияның көмегіне жүгінгендер аз емес. Әсіресе,  ботокспен әжімін тегістету, ерінді қалаған формада үлкейту, көзді бақырайту, т.б,  процедуралар бүгінде ынта қылғанның бәріне қолжетімді саналады. Шашты қойып, кірпік жалғап, татуаждың арқасында қарлығаш қасты болу екінің бірінің қолынан келеді. Артық қыламын деп тыртық қылып, айнаға қарауға жүрегі дауаламайтын жағдайлар да орын алып жатырғанын сіздер де жақсы білесіздер.  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз  Әзиза Жасталапова «Әр жанның әдемілікке деген құштарлығында тұрған еш әбестік жоқ. Бастысы бұл құштарлық  рухани дертке  ушықпаса болғаны» дейді. 

Осыдан бес-алты жыл турасында ауылымызда сұлулық салоны ілеуде біреу-тұғын. Той-домалақ, мерекелік жиындарға қыз-келіншектер хал-қадірінше әсемденуші еді. Қайсыбір жылдары қалыңдықтардың шаш үлгілерін жасату үшін  Орал қаласына  арнайы барып, қайтар жолда қалалық шеберлердің еңбегін зая кетірмес үшін қаққан қазықтай тігінен отырып келетінбіз деген әңгімелерді де құлағымыз естіген. Бүгін де бұл жағдай  едәуір  ілгеріледі, сән әлеміне қадам басқан аруларымыз жыл сайын көбейіп келеді.  Сұлулыққа жаны құмар сондай жандардың бірі – ауылдасымыз Әзиза Жасталапова. Негізгі мамандығы психолог бола тұра ол мектептегі екі жылдық қызмет өтілінен соң сүйікті ісін дамытып, бірізге қоюды мақсат етіпті. Осыған дейін үйінің бөлмесінде не тапсырыс түскен жерге аяқтай барып, қызмет көрсетсе, қазір жаңа ғимаратты жалға алыпты. Біз барған күні қабырғасын декоративті гүлдермен безендіріп, қажетті құрал-жабдықтарын  жайғастырып қойыпты. Кейіпкеріміздің айтуынша шашты әсемдеуге деген құлшыныс студенттік кезінде оянған. Құрбыларының шашын бұйралап, тегістей жүріп, ол қолының ептілігі барын байқайды. Мұның алдынан өткен құрбылары да мақтау сөзден құр қалдырмады. Сөйтіп, Ақтөбе қаласындағы  белгілі хайр-стилист Наталья Тумакаевадан тойға арналған шаш үлгілерін жасауды меңгеріп, Оралдағы «Bella Vita»  сұлулық салонына қосымша қызметке тұрады. Кейін «Diamond»,  «Dolce Vita» секілді сән үйлерінде де тәжірибе алмасты. «Қазіргі таңда сән индустриясы үздіксіз дамып келеді, біліктілігіңді арттырып, шеберлігіңді шыңдап отырмасаң, тұтынушылардың көңілінен шығуың екіталай» дейді Әзиза шебер. Бүгінгі күнге шейін бірнеше курсты оқып тауысқан. Соның ішінде шаш қию, маникюр мен педикюр жасаудан алған ілімі қоса бар.  Сәт санап құбылатын сұлулық әлемінің қатаң ережесі жоқ.  Кеше ғана  сылқымдар  ерекше ұнатқан  тырнақты қос түрлі түске бояу, түрлі (стразы) моншақтармен безендіру, т.б. тренд үлгілері біртіндеп жойылып барады.

– Бүгінгінің бикештері неғұрлым қарапайымдылықты, табиғилықты қалайды. Тіпті, бетке мейкап жасау барысында бояуларды аз мөлшерде қолданамыз. Сайқындық әпке-сіңлілерімнің талғамы өскенін байқаймын. Бұрын мейрам кездері тұтынушылар жиілесе, қазір тырнақтарын әрлеп, шашын боятып, өздеріне күтіммен қарайтын болыпты, -дейді   кейіпкеріміз.

Сұлулық шеберханасының иесі Әзизаның негізгі игергені психолог деп айтып өттік. Сұқбат барысында және айтқаны «Сұлу боламын деп  бетіне  түрлі эксперимент жасаушылар дер кезінде тоқтай алмаса, өзіне көңілі толмай, рухани кеселге ұшырауы кәдік. Үсті басын тап-тұнақтай қадағалап, ұқыпты жүру – тұлғалық бейнесіне деген қамқорлық, құрметі. «Әдемілік әлемді құтқарады» демекші,  айнадан көркем жүзін көрген сайын  әйел заты   нұрланып, жадырап шыға келеді.  Күн сайын  әдемі жүру көңіл күйді көтеріп қана қоймай, одан сайын бақытты сезінуіңізге септігін тигізеді» деген кеңесін айтады.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ