14.03.2019, 9:58
Қараулар: 546
ҮЛГІ ҚЫЛАР, ӨНЕГЕ АЛАР ЖАН ОСЫ

ҮЛГІ ҚЫЛАР, ӨНЕГЕ АЛАР ЖАН ОСЫ

Қазірде қазақ әйелдерінің іскерлігі мен адамгершілік қасиеттері туралы жиі айтылатын болды. Өйткені қазақ қыздары қай салада болсын белсенділікпен танылып, өзінің қоғамдағы рөлінің ауқымын ұлғайтып, елеулі тұлғаға айналуда. Сондай іскер жандардың бірі – ауылдасым, кәсіпкер, аяулы жар, асыл ана, ибалы келін – Әспет Ахтарова.

Әспетті де кәсіпкерлікке әкелген сонау тоқырау заманның қыспағы еді. Әспет 1988 жылы Бисен ауылының азаматы Жанболат Ахтаровпен отау көтеріп, Имаш ата мен Уәсилә әженің шаңырағына келін болып түскеннен жұмысшылар кооперациясы тарағанша сонда сатушы болған еді.

– Сонау тарихта қалған тоқырау жылдары тек мені ғана емес, елді сынаған қиын кез еді ғой. Төрт перзентім болса-дағы оларға тиесілі жәрдемақы тимей қалып, отбасымызбен көп таршылық көрдік. Өз еңбегімнің арқасында, там-тұмдап сауда жасай бастадым. Басқұншақтан жаяу-жалпылап, дорбаланып жүрген де кездерім болды. Көп қиындық кездесті. Бәріне қайсарлықпен төзіп, бастаған ісімді тастамадым,- дейді Әспет апа.

2009 жылдан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, дендеп қолға алады. Адал еңбегінің арқасында саудасы жүріп, бүйірі майлана бастайды. 2015 жылы «Асыланбек» сауда дүкенін ашып, ауыл тұрғындарына ұсынатын тауарларының түрін көбейтіп, тұрмыстық заттар, киім-кешекті көптеп сата бастайды. Кейіпкеріміз осы кәсіпкерлікке баруына көп жағдай жасап, ақыл-кеңесін аямай, үнемі қасынан табылған Рысты қайын апасына дән риза. 2017 жылы «Жыл адамы» аталымына ие болғаны, облыс әкімі А.Көлгіновтің қабылдауында болып, алғысхат иеленгені, өткен жылы аудандық әйелдер форумында аудан әкімі Н.Рахымжановтың «Алғысымен» марапатталғаны, жалпы, әр жетістігін өзін қолдап, қолпаштап отыратын отбасының арқасы деп біледі.

Үнемі күлімсіреп жүретін Әспет Рамазанқызының жүрегінің түбінде жан қиналысы жасырынған. Анасы 37 жасында көз жұмған екен.

– Бұл қаза маған өте ауыр тиді. Қыз бала үшін ананың орны елден ерек қой. Қатты қиналған, сағынған сәттерімде анамды аңсадым. Бір ауыз сөзіне зар болдым. Үйдің шырайын келтіріп, тұрмысымызды жайландырып қоятын анам Қымбат Наурызғалиева ауыр науқастан дүние салғанда не бары 12 жасар қыз едім. Анамды бойын дендеген ауру ғана емес, артымнан ерген бес бірдей інімнің бірінен соң бірі шетінегені жүрегін тілгілеп кетті-ау деймін. Сөйтіп отбасымызды еркек кіндікті бала тұрақтамай, әкем Рамазан Нұрғалиев сіңлім Ләззат екеуімізге пана болып қалды.

Темірден түйін түйген ұстаз жұбайының қазасынан соң екі қызын алып, Астрахан қаласына қоныс аударуды  шешеді. Бірақ Әспет өз қалауымен нағашысы Болат Наурызғалиевтің қолында қалып, тәрбиеленеді. Ордадағы М.Горький атындағы орта мектептің 8 сыныбын аяқтап, Волгоград қаласындағы тігін училищесін тәмамдайды. Жас ісмер Орал қаласына жұмысқа орналасады. Осылайша Әспет бойжеткен бисендік Жанболатпен көңілі жарасып, туған аймаққа қайта оралады. 18 жасар жас келіннің ана жылуын сезбегенін естігендіктен де шығар, оның үлкен енесі Уәсила, өз енесі Қабира, қайын апасы Рысты қамқорлықтарына алып, қыздарындай тәрбиелеп, әлпештеп, білмегенін үйретіп баққан. Етегін жинап, еңсесін көтерген шақта ортаншы ұлы Асыланбек 17 жасында қайтыс болған. Жеті күндік садақасын беріп жатқанда, әкесі Рамазан да о дүниелік болған. Алла пенделеріне көтере алатындай сынақ жібереді деп, тағдырдың жазғанына бағынып келеді. Кейде «Кімнің төрт құбыласы тең тұр дейсін?» деп те өзін жұбатып қояды. Басқасына шүкіршілік етіп отырған Әспет апаның көз қуанышы, көңіл алданышы, балдай тәтті немересі Еңлік 3-сыныпта оқиды. Ең бастысы, «жақсылықтар алда ғой»,-деп болашаққа сеніммен қарайды.

Әспет қайырымдылық акцияларынан, мейірімділік шараларынан еш уақытта тыс қалып көрген жоқ. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға үнемі көмек қолын созып келеді. Соның бір айғағы ата-анасыз қалған бүлдіршінді екі жылдан бері қысқы киімдермен, мектеп формасымен қамтамасыз етіп келеді. «Мектепке жол» акциясының белсенді мүшесі, мәдениет үйінде өткізілетін шаралардың тұрақты демеушісі. Кейіпкеріміз жыл сайын 15 адамды аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жаздырады. Өзінің сөзінше, қайырқомдық қасиеті анасынан, еңбекқорлығы мен табыскерлігі әкесінен дарыған.

Жанболат аға екеуінің тұңғыштары Бекболат дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Мерхат БҚМУ-дан шет тілі мамандығы бойынша біліп алып, қазіргі таңда Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі, Асила бұйырса, ҚазМҰҰ-ды  қызыл дипломмен аяқтағалы отыр. Өмір-өзенде күш-жігерімен, іскерлігімен елге таныла білген Әспет апа сүйікті жар, аяулы ана, іскер әйел.

Иә, өмірде әйелдің көтерер жүгі қашанда ауыр. Тіршілік нәзік жаратылыс иесі әйелден көп күш-жігер талап етеді. Осы тұрғыда Әспет апамыз жанұя шырағын жаққан жандар үшін үлгі қылар, өнеге алар жан.

 

 Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

штаттан тыс тілші,

 Бисен ауылы