14.03.2019, 9:55
Қараулар: 526
ЖАРЫҢ ЖАҚСЫ БОЛСА, ЖАРТЫ БАЙЛЫҚ СОЛ БОЛАР

ЖАРЫҢ ЖАҚСЫ БОЛСА, ЖАРТЫ БАЙЛЫҚ СОЛ БОЛАР

Кез келген үйдің ұйытқысы ­­­­­­­­­­­– әйел заты. Ер адам шыңарауда тұрса да, шыңға шықса да жақсы әйел жанынан табылуы керек. Бұл өмір өнегесі һәм қағидасы. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз Абат аға мен Жаңылғаным апа қиын-қыстау, қысылтаяң шақта да қатарына үлгі болған, қол ұстасып, қатар тұрып, тағдыр сынағына төтеп берген жұп. Кейіпкеріміздің  Жаңылғаным атын көпшілік білмеуі де мүмкін. Ол Сайқын жұртына Женя деп танылған жан.

Бұларды танитын екі адам болса, соның бірі Жаңылғаным апамызды «мейірім тұнып тұрған жақсы адам» десе, екіншісі «Абаттың сүйіктісі де, сүйенері де, мейірбикесі де болып отырған жақсы жар» дейді. Біз  де жақсы атымен жария болған осы аға-апамызды «Шуақты шаңырақ» бетінің алғашқы кейіпкерлері болсын деп ұйғардық.

Жұрт айтқан жақсы сөздің текке айтылмағанына біз де көз жеткіздік.  Апамыз шынымен де жүрек жылуынан шуақ шашып жүретін жайсаң жан екен. Әңгімеміз «ә» дегеннен жарасып-ақ кетті.

− Ағаң Жәнібекте оқыды. Мен Сайқында оқыдым. Алғаш рет сол Жәнібекте өткен волейбол турнирінде кездестік. Ол кезде мен 10-сыныпта оқитын едім. Ағаңның биге икемділігі, спортқа жақындығы ұнады. Қызығушылығымыз бір жерден шықты десе болады. Мен де спортқа белсенді болдым, гимнастикамен айналыстым. 1966 жылы танысып, тоғыз жылдай сөйлесіп жүріппіз. Әскерге шығарып салып, күтіп алдым. Кейін қосылдық,- деп отбасының қалыптасу тарихынан сөз бастады кейіпкеріміз.

Айтса, айтқандай, биге икемді бұл жұптың ұл-қыздары да бекзада өнер биден алыс емес. Кіші қызы Лаура кәсіби биші. Астанада жеке би мектебін ашқан. Ал күйеу баласы Ерсайын да ел мойындаған хореграф. Үлкен күйеуі Дидар да биден ауылы алыс емес, той-томалақтың бел ортасында жүреді. Екі ұл да әскери қызметті қош көріпті. Жасланы доғарыстағы полиция қызметкері болса, Артуры Астанада әскери қызметте. Келіні Әсел де осы шенділер қатарынан. Эльмирасы ­аудандық «Нұр Отан» партиясының қызметкері.

− Абаттың маған жұртқа жаны ашып тұратыны, бауырмалдығы, достыққа адалдығы ұнады. Ағаңның қиқарлығы да, қисықтығы да бір басына жетіп артылады. Төремін деп тыңдамай қоятын кездері болды. Өтті ғой бәрі,-дейді Женя апамыз жұбайы туралы. −Абат шашпа болмаса, баяғыда-ақ байып кетер ме едік. Дүние қумадық. Мансабым өссін деп маңдайы терлемеді. Алматыдағы құрылыс техникумын қызыл дипломмен бітіріп келді. Ол кезде техникумның қызыл қатырма қағазының өзі құнды еді ғой. Комсомол хатшысы болды. Қайын ағамның үйінде тұрдық дедім ғой. Сол кезде әкімдіктен үй берілгенде «басымда баспанам бар ғой» деп, екі рет бас тартыпты. «Солай ма?» деп сұрасам, мойындап отыр. «Қарт анасы бар жұмыстасыма жолымды бердім. Шеретті күтіп жүре берсе, анасы қашан қолын жылы суға малып отырады? Далада қалмаспыз» деп қарааап тұр. Ұятты жиып қойып, әкімдікке барып, жағдайымды айттым, үйдің жайсыздығын, төбенің тозығы жетіп, су кетіп тұрғанын көрсетіп, дәлелдеп, осы отырған үйімізге қол жеткіздім. Өзім барып сұрамасам, құдай білсін, қашанға дейін баспанасыз жүретінімізді?!.. Қолы ашықтығын айтайын, 1990 жылдары сұрағанға соңғы астықты беріп жіберетін, «мамаңда бар ғой» деп. Анам байғұс соңғы астығын маған береді екен сол кезде. Абат маған, мен анама арқа сүйеп, тоқыраудан да аман өттік. Меңдібай ата деген көршіміз болды. Жалғызілікті адам. Үйінде он бес тазысы болатын. Сол кісінің киімін әкеп маған жудырады да, өзінің көйлегін қоса беріп жіберетін еді. Осы ақкөңілдігі үшін Алла тағала осы күнге дейін аман алып келе жатқан болар деп ойлаймын.

«Ене мектебінен өткен шығарсыз? Өзіңіз қандай енесіз?» деп сұрадық.

− Енем Нұрманат марқұм көп балалы ана, ақ жүрек адам болды. Ағаң он екі ағайынды болды да, енемнің қолына тұрғам жоқ. Алғашқы жылдары қайын аға-абысыныммен тұрдым. Енем ұл балаларына қаншалықты қатал болса да, келіндеріне соншалықты жұмсақ болды. Үнемі бізге болысып отыратын еді. Мен де екі келін, екі күйеуге ене болып отырған жайым бар. Әнебір талапшыл, ысқырып тұрған енемін дей алмаймын. Қолымдағы келінім Гүлшаттың түскеніне он үш жыл болды. Жаман болса, осынша уақыт бір шаңырақ астында отырмас па едік? –деп жауап қатты Женя апамыз.

Төрт бірдей немере сыйлап, ата-енесінің қабағын бағып отырған Гүлшат та сөзге араласып:

  • Осы шаңыраққа келгеніме он үш жыл болды. Он үш жылда не үлкенімен, не кішісімен сөзге келіп, дауыс көтеріп көрмеппіз бір-бірімізге. Мұның бәрі тәрбиенің бастауы енемнің арқасы деп білемін,-дейді. Келіні осылай десе, енесі қалыс қалмады.
  • Гүлшат келген соң екі қыз бірдей іле-шала тұрмысқа шықты. Қыздарымның кеткені білінбей қалды. Бұл аты келін демесең, қызымдай жақын боп кеткен Гүлшатымның ақылдылығынан. «Қартайған сайын науқас адамға тыныштық керек, бала балалық шағында аттай шауып ойнамаса, несі бала? Бөлек шықсаңдар қайтеді?» десем, қабақтары түйіліп, ренжіп қалады бұлар. Біреулер бірге отыра алмай әуре болса, біз бірімізді біріміз қимай жүрміз,-дейді.

Бұл отбасының сыналған тұсы 1996 жылдың желтоқсаны еді. Абат ағамыз 42 жасында инсульт алып, бес жылдай төсекке танылып қалады. Балалардың алды енді мектеп бітірген кез. Бес-алты айлап жалақы көрмейтін, басына тартса, аяғына жетпейтін қиыншылық кезі. Нақ осы кезде Жаңылғаным апамыз бір отбасының асыраушысы да, алға сүйреушісі де, анасы да, әкесі де өзі болды.

  • Ол кезде аудандық ауруханада педиатрдың медбикесі боп жасайтын едім. Ауруханада 38 жыл медбике боп жұмыс жасадым. Жұмыс уақытынан басқа атқаратын патронаждық міндетім бар. Серікбай деген ауылдасымыздың төрт бірдей баласы болды. Ата-аналық міндетін дұрыс атқармайтын, балаға қарамайтын еді. Ақыр аяғында ата-аналық құқықтарынан айырылып, балалары жетімдер үйіне тапсырылды. Оқуға барғанымда сұрастырып көргем, екеуі шетел асып кетіпті. Патронаждық қызмет барысымен сол Серікбайдың үйіне барып, балалардың тамағын беріп, киімдерін жуып, түнге дейін жүріп қалатынмын. Оған қоса Аюповтардың егіздері болды. Соларға барамын, әйтеуір үйге түн қараңғылығында бір келетінмін. Ер адам ауырса, баладан бетер болады екен. Бабын табуың керек. Төсекте жатқан адамға мен жұмысты сылтау қылып, үйден қашып жүргендей көрінетін едім. Ренжіп, балағаттап жататын еді. Бәрі артта қалды ғой. Орнынан тұрды, соған шүкіршілік айтамыз. Қауқылдасып әңгіме айта алмаса да, орта толтырып, қалқиып отырғанының өзі көңілге медеу ғой, -дейді апамыз.

Сол жатқаннан ағамыз бес жылдан кейін басын тіктеп, төсектен тұрды. Ілдебайлап көшке ілесті. Бүгінде апамыз Ақтөбе, Астана асса да, жағдайы келсе, жігітін жанынан тастағысы жоқ. Абат ағамызды төсектен тұрғызған жұбайының жылы қабағы мен қамқорлығы десе де болады. Жарың жақсы болса, жарты байлық сол болар деген бабалар тәмсілін осындай жанұялар ұқтырары анық.

Біз ат басын бұрған жанұяның жан жылуы осындай. Еш боямасы жоқ. Шынайы. Осы бір шаңырақтың шуағы бәрімізге де жұғысты болсын дейміз.

Ұлпан ЖАКИНА