13.03.2019, 16:31
Қараулар: 1212
АНАЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

АНАЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Бөрлі ауылдық мәдениет үйінде аудандық «Асыл ана – 2019» атты көп балалы аналар байқауы өткізілді. Оған  әр ауылдық округтен 11 үміткер қатысты. Бақ сынаған аналардың өнері мен білім-білігін аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, Бөрлі ауылының әкімі Меңдібай Қитанов, Бөрлі ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Мұқашева, аудандық демалыс орталығының директоры Жоламан Сисенғалиев бағалап, қазылық еті.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген асыл аналарымыз сайыс барысында да қолөнершілік дағдыларын байқатып, ұлттық салт-дәстүрлерді қалай дәріптейтіндерін байқатты, төл тарихымыздан қойылған сауалдарға да мүдірместен жауап берді. Көне киім үрдісі мен қазіргі заманауи стильді үйлестіре отырып, қазақы нақышты кеңсе киімдерінің үлгілерін  ұсынды.

Сайыс нәтижесінде бөрлілік Өмірбақыт Нанаева жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені иеленді. Бірінші орынды ордалық Нұрсұлу Нұрсейітова қанжығасына байласа, екінші және үшінші орындарды сайқындық Данагүл Меңжанова мен бөрлілік Гүлнәр Ақсисенова және мұратсайлық Гүлмира Сапарова өзара бөлісті.

«Жақсының жақсылығын айт» деген, жарыстың шашбауын көтеріп, бағалы сыйлықтарымен, яғни, үйбикелеріне аса қажет кір жуатын машина, бесік, электр пештері, т.б. тұрмыстық бұйымдарды ұсынып, демеушілік білдірген Бөрлі ауылының шаруа қожалық жетекшілері Дәурен Мұқашев («Арай» ШҚ), Мерболат Мұсағалиев («Жаннат» ШҚ), Нұрболат Темірғалиев («Жөндеуші» ШҚ), Әділ Ғабдушев («Атырау» ШҚ), Боранбай Қатепов («Қадырман» ШҚ), Ержан Зейнешов («Мирболат» ШҚ), Алтай Қитанов («Қуаныш» ШҚ), Айбарша Бейісова («Асыл» ШҚ), Жасқайрат Ғалиматов («Шафхат» ШҚ) мен өзге де атқамінер азаматтарына айтар алғысымыз шексіз. Ал, белгілі әнші, сазгер Роза Әлқожа бір ауыз сөзімізді жерге тастамастан мырзалық танытып, сонау Астананың төрінен «Мен сыйға тартқан орамал» брендінің орамалдарын қатысушы аналарымызға тарту етіп, арнайы жіберді.

Мейрамгүл МҰХАМБЕДИЯРОВА,

әдіскер.