28.02.2019, 14:24
Қараулар: 1078
МҰЗ ҮСТІНДЕГІ СПОРТ АЛАМАНЫ

МҰЗ ҮСТІНДЕГІ СПОРТ АЛАМАНЫ

 

 

Өткен аптаның бейсенбісі Мұратсай ауылдық округінде өткен   «Ұлпа қар-2019» спорттық шарасымен айшықталды. Айта кетелік, бұл қысқы дода биыл алтыншы рет өтіп отыр

Мұратсайлықтар қарлы маусымды асқан қуанышпен қарсы алады десек артық айтқандық емес. Қытымыр қыстың өзі мұратсайлықта үшін «Ұлпа қар»  атты қысқы ойындарымен қызықты, көңілді. Өйткені дәл  осындай кезеңде  Мұратсай көлінің беті тартысты аламан алаңына айналып, спортсүйер қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ең алғаш рет  1998 жылы  бастау алған аталмыш сайыс әр төрт жыл сайын, яғни,  2002, 2006, 2011, 2014 жылдары өткізіліп келген-ді. Биылғы шара да Елбасының рухани жаңғыруды негіз еткен мақаласына сай ұйымдастырылып, оған жасы да, жасамысы да түгел көзайым болды, күн райының суықтығына қарамастан өз командаларына  жанкүйерлік таныта білді.

Көл бетіне беттеген бойда қардан соғылған үйшіктер мен түрлі жануардың, т.б. мүсіндерін көріп, құдды қар патшалығы дәуіріне тап болғандай әсер алғанымыз рас. Қаз-қатар тізілген «қар сарайларының» иелері де қонақжайлық танытып, тамашалаушыларға ыстық шәй ұсынып жүр. Бұл да спорттық мерекенің шырайын аша түскендей. Айтпақшы, бұндай туындыларды А.Құсайынов атындағы орта мектеп-бөбекжай кешенінің шәкірттері жасап шығыпты. «Жалын», «Самұрық», «Ғажап ел», «Қарлы ел», «Нарын» болып өзара бөлінген құсайыновтық спортшы өрендері  аққала тұрғызу, қар мүсіндері, шанамен эстафеталық жарыс, нысанаға қар лақтыру, коньки тебу, шаңғымен кедергілерден өту, биатлон, музыкалық қойылым секілді сайыстарда бақ сынасты.  Нәтижесі келесідегідей: ең әдемі аққала тұрғызған   «жалындықтар»  деп танылды, «Қарлы ел» мен «Ғажап ел» топтары екінші, үшінші орынды бөлісті. Ертегі мүсіндерін жасап көзге түскен самұрықтықтар жеңімпаз атанса, «Нарын» (ІІ) мен «Қарлы ел» (ІІІ) де сыйсыз қалмады. Шана эстафетасында «Ғажап ел» тобының асығы алшысынан түссе, қарлы елдіктер мен нарындықтар да жүлдегерлер сапынан бой көрсетті. Ән салып, үйлесімді би өнерін көрсеткен «Жалынның» жалынды өрендері бірінші орынды иеленді. Нысанаға қар лақтырып, мергендігімен көзге түскен Нұрхат Жұмагелді («Ғажап ел»), Сәбина Сансызбайлар («Қарлы ел») қарсыластарына есе жібермеді. Ал мұз айдынында коньки теуіп, жарқын өнерімен танылған «Ғажап елдің» мүшесі Нұрхаят Ғалым мен нарындық Шаттық Сәрсемәлінің бәсі биік болды.  Оқушылар арасындағы биатлон сайысында «Ғажап елдің» ойыншысы  Дамир Сағынғали, «Жалынның» спортшысы Арайлым Әбдірахманова жүзден жүйрік шықса, «Нарыннан» Нұрхан Нұрлан мен «Самұрықтан» Нұрзада Рақымғали, «Қарлы елден» Нұрдәулет Файзхан, «Нарыннан»  Аяулым Қайыровалар екінші және үшінші орындарды місе тұтты.

dav

Биылғы «Ұлпа қар» ауқымдылығымен ерекшеленді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен ересектер арасындағы шайбалы хоккей, шаңғы, биатлон, әуесқой балықшылар жарысы қоса өткізілді. Мұратсайлық спортшылар мен Сайқын, Бисен, Орда ауылының  мықтылары сынға түсті. Мұз бетінде конькимен еркін сырғанап, шайбаны қырағылықпен қарсыластың қақпасына дәл бағыттай білген сайқындық ардагер хоккейшілеріміз жеңісті уыстарынан шығармады. Бұл ойында аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди, төрт бірдей гол соғып, шеберлігін байқатқан Ақылжан Ғұмаровтар үздік ойыншылардың көшін бастаса, мұратсайлық Абзал Дүйсенғалиев «Үздік қақпашы» атанды. «Жеңіске деген ынтасы үшін» алғысхат бисендік командаға берілді. Биатлон ойыны да барынша тартысты өтті, сайқындық  Ернар Хамзин жеңімпаз деп танылса,  Берік Қарағойшин мен  Нұрбол Қуанғалиевтер екінші және үшінші орындарды місе тұтты. Балықшылар сайысында қармағы майланып, олжалы болған сайқындық Қуанышбек Еркінәлиев бірінші орынға жайғасса, Ринат Машотов пен Ерлан Сайхаденовтер жүлделі орындарды өзара бөлісті.

 Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар