28.02.2019, 11:49
Қараулар: 587
ХҰСНИ ӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТТІ ШЫРАҚШЫСЫ

ХҰСНИ ӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТТІ ШЫРАҚШЫСЫ

«Сынықшылық – қазақ емшілігінде төтенше дамыған. Ол қарапайым, оңай әрі тез жазатын, тән азабын тартқызбайтын ғылыми жүйесі күшті, ұзақ уақыт сыннан өтіп, тұрақтанған ғылым есептеледі».  Қытайдың Алтай аймағының азаматы, әйгілі сынықшы Мәулітшәріп Қабаұлы қазақ халқына  тән сынықшылық қасиет туралы осылай деп көлемді еңбек жазған екен. Әлемнің белгілі этнографтары сынықшылық, оташылық өнердің тек қазақ пен үндіс халқына тән екенін айтады. Қазақ халықының адамзат өркениетіндегі орнын айшықтауға ниет еткен «Ұлттық код» арнаулы бетінің бүгінгі кейіпкері – ордалық Руслан Ділешев.

Ордалықтар үшін сынықшы Руслан Ділешовтың есімі жақсы мәлім.  Бұл кісінің көмегіне  тек ханордалық ағайын ғана  жүгінеді десек жаңсақ айтқандығымыз болар еді. Өйткені, сүйегін зақымдап Ресейден де, Орал, Алматы т.б қалалардан да ат арытып келетіндер көп. Тіпті, қала орталығына жол түскенін  естіген жамағат  алдын ала хабарласып, жолын тосады екен.  Біз де ағаның  сынықшылық қасиетін естіп келдік. Әсіресе, шығып не тайған сүйектерді  аяғының күшімен  орнына дәл түсіріп беріпті дегенді  аңыз ғып айтқандардың әңгімесіне риясыз таңғалып, өзінен сұрап білсек деп ниеттенген болатынбыз.

Руслан ағамызға сынықшылық қасиет  нағашы жұртынан тамыр тартқан екен.  Өз айтуынша арғы аталары Жанасбайдан сынықшылық қасиет беріліп келеді. Сол Жанасбай қарияның бір ұлы мен  қызы болған десе-ді. «Кім менің қолыма бірінші болып су құяды, соған қасиетімді дарытамын» дегенде алғашқы болып разылығын алған қызы екен.  Осылайша, қызынан тараған  ұрпағына ғана сынықшылық қасиет беріліп келеді. Бертін келе, Молдағали, Ерғали, Өте, Құбаш есімді төрт ағайындының ішінен Молдағалидың ұлы Ділешке, Ділештен Айтжанға сынықшылық қасиет қоныпты.  Бұл кие нағашы атасы Айтжаннан кейіпкерімізге берілген. Руслан Ділешов әңгімесінің әлқиссасын  өзін тәрбиелеп өсіріп, сынықшылық патиқасын берген  Айтжан қария туралы бастауды жөн көріп, ол туралы біраз сыр шертті:

«Кішкентайымнан  Айтжан атамның жанынан бір елі қалмайтынмын.  Маған оның ем жүргізгені, кісілермен сөйлескені, іс-қимылдары, бәрі-бәрі қызық еді. Өзі де мені үнемі қасынан қалдырмайтын.  Өте байсалды, сөзге сараң, іске мығым, жаны  жомарт еді. Өзіне науқас кісінің келе жатқанын  алдын ала біліп, сезетін. Мазасызданып, тыпыршып үйде отыра алмайтын. Келушінің сүйегін орнына салып, тисіті ем-домын жасаған  соң ғана жайдарланып шыға келетін. Қазір өзім де тура атам секілдімін. Арқалы адам болған соң небір құбылыстарды көріп, біліп жүрді. Бірде далада жүргенімізде  әп-сәтте құйын басталып, тек атамның жанына үйірілді де бас киімін ұшырып әкетті. Бас киімін іздейін деп оқталғанымда тыйып тастады. Атамның қолынан шипа іздеп сонау Мәскеуден де келетін. Мына бір әңгімені тарқатып айтайын. Ол кезде оқушымын. Есімін ұмытып тұрғаным, Тамбов қаласынан қыз баланы ата-анасы әкелді. Жамбас сүйегін қатты зақымдапты. Уатылып қалған екен. Ондағы дәрігерлер ота жасаса да құлан таза айығып кететініне күмән келтіреді. Құдайдың құдыретімен, олар  Айтжан атам туралы естіп, ауылға ат арытып жетеді ғой.  Атамыз сынған жамбас сүйегін қайта құрап, бір айдың ішінде аяғынан тік тұрғызды.  Содан орыс қызы Мәскеуге барып, қайта медициналық тексерістен өтсе  дәрігерлер таңқалыстарын жасыра алмаған екен. Тіпті, сондағы бір профессор  ауылға атамды іздеп келіп, Мәскеудің төрінен жұмыс ұсынды. Барлық жағдайды жасап береміз деді. Айтжан атам ауылдан жыраққа кетпеймін, елімді тастамаймын деп шорт кесті. Айта берсең, мұндай таңғажайып оқиғалар көп. Ауылдас ағамыздың аяғын трактор жаншып, салдарынан  сүйектері сынып, еті шіри бастапты. «Ажалдың алқымнан алғаны осы шығар» деп тіршіліктен күдер үзген сәтінде  атама қаралайын деп ниет етіп келмесі бар ма?! Оны да томыр деген өсімдіктің үгіндісімен емдеп, жазып алды. Айтжан емдепті, аяғынан тік тұрғызыпты деген әңгімелерді оның шарапатын көргендер әлі де айтып жүреді екен. Орайы келіп тұрғанда бір аңыз айтайын. Өзім аңыз десем де көрген көздер  шын дүние деп сендіреді. Біздің әулетте сынықшылардың қолданатын арнайы дәрісі  болған десе-ді. Оны Молдағали атамыз ағып жатқан ыстық бұлақтан құйып алыпты-мыс. Сол мезетте бұлақ көзден ғайып болады. Соңғы болып сол қасиетті дәріні  Сағира әжеміз қолданған деседі. Егер жөнсіз ашуланса, әлгі дәрі бұрқ-бұрқ қайнайды екен. Ем алуға келген адамдарға пышақтың ұшымен ғана тіліне тигізіп берсе керек,-дейді кейіпкеріміз түп аталары туралы әңгімесін түйіндеп.

Руслан ағамызға оралсақ, сынықшылық қасиеті небәрі сегіз жасында біліне бастапты. Бойындағы тылсым күшті бала Руслан аса сезіне қоймаса да атасы біліп, киесін игерсін деп өзінің қолдарын сипалатып, қаратады екен.

–Сол кездері Сағи, Хазірет дейтін аталардың басына тәу ететінбіз. Мен де бардым. Бала кезімде куә болған атамның жанынан үйіріліп өтетін құйын мені жанап өтті,  қатты шошындым. Сөйтсем, бұл құйын бойыма даруы тиіс қасиетімнен белгі бергені екен,- деп қасиет қонған ерте кезді бір еске алды.

Сөйтіп, сегіз жасар Руслан сынықшылықтың қасиетін  аса түсіне қоймаса да  атасының нұсқауымен ем жасауға көшеді.

1992 жылы Айтжан Ділешев мәңгілік сапарына аттанады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сынықшылық қасиетін  Руслан ағамызға  аманаттап кетеді. Бұл кезде ол 15 жаста еді.  «Атам қайтпастан бұрын маған патиқасын беріп, киелі жолды адалдықпен жалғастыруымды тіледі. Алғаш рет Баян есімді әженің шыққан қолын қара терге малынып салып бергенім есімде. Үлкен жауапкершілік екенін сонда анық түсінгендей едім» дейді еске ала.

Адам – Алла тағаланың ең теңдессіз жаратылысы. Әр мүшеміз белгілі бір заңдылықпен өз қызметін атқаратыны белгілі. Тері, бұлшық етімен қапталған сүйектерді ешқандай заманауи құрылғысыз және отасыз  орнына бітістіріп, салып беретіндігі көпшілікті таңқалдыратыны сөзсіз. Руслан ағамыздан осы туралы сұрағанымызда «Алдыма келген науқастың  қай жері ауырса, мен де дәл солай бірге қиналамын. Сынған не шыққан сүйегін орнына түсіргенде ғана жеңіл сезіне бастаймын» дейді.

Сынықшының айтуынша, жамбас және иық сүйектерін салу – қиынның қиыны. Әдетте  сынған сүйек үшін бір ай, шығарып алған сүйектерге жеті күн мерзім береді. Сол аралықта  аса ұқыптылықпен күтінген абзал. Әйтпесе, ойнамалыға айналады. Зақымдалған жерге жиналып қалатын сарысу сынықшының жұмысын еселетіп жібереді. Көп жағдайда бұл  аяқ-қолын ауыртып алса да  уақыт созып, дер кезінде келмеуінен орын алады. Сарысуды  жылқы майымен уқалап, жұмсартып алып қана ем жасауға кіріседі. Ашық жарақатпен келгендерді бірден дәрігердің қарауына жібереді. Десе де шұғыл әрекет ету керек  жағдайлар да болып тұрады екен.

– Мұратсайлық жас баланы ауыр жарақатпен әкелді. Аяғының жіліктері сынып, қан тоқтаусыз ағып жатыр. Шошынып қалған әкесі ұлын көлікке салып бірден маған әкеліпті. Біраз алысып, жіліктерін орнына салдым. Қан тоқтады. Менен шығып, оны Орал қаласына алып кетті. Сондағы хирургтер ренгтген түсірілімін жасаса, сүйектерінің дәл түскенін айтып, қуаныпты.

Үш жыл бұрын Руслан ағамыздың жүрегіне ота жасалды. Ұзақ уақыт дәрігерлердің бақылауында болды. Кеуде тұсына ауыр салмақ түсіруге мүлдем болмайтынын ақ халаттылар кесіп айтса да, жандары қиналып, әбігерге түскен адамдардың бетін қайтаруға дәті шыдамайды. Сөйтіп, сүйектерді аяқтарының күшімен салып беретін. Көзіңізге елестетіп көріңізші… Қалайша таңқалмасқа?!

Нағыз сынықшы  қылған еңбегі үшін ешкімнен  ақы дәметпейді. Ал, берілген ақшаны арақ, темекі секілді харам дүниелерге жұмсамайды.  Бұл –сынықшы Ділешевтер ұстанатын қатаң қағида. 1994 жылы мектепті аяқтаған соң бірден Атырау қаласына жұмысқа аттанып, Яшков дейтін дәстүрлі ем жүргізетін маманмен танысады. Сөйлесе келе екеулеп, кеңсе жалдап ем жүргізетін болып шешім қабылдайды.  Текті атаның тәрбиесін сіңіріп өскен  ол қаралушы кісілерден ақы дәметпейді, кім не берсе соны қанағат етеді. Алайда, бөлмелес әріптесіне бұл қылығы ұнамаса керек-ті. Кейіпкеріміз сынықшылар кодексін бұза алмайтынын айтып, өз жөнімен кете барады. Тіпті, әскерде жүрген уағында ол  сынықшы екендігі туралы ешкімге тіс жармапты. Құпиясын елге оралғанша ләм-мим деместен іште сақтайды. Егер сынықшы екенін айналасындағылар біліп қойса,  ол  нағыз әскери өмірді бастан кешірмес еді.  Жоғарыдағыларға жағып, сарбаздық өмірі жеңіл өткенін қаламады.

1999 жылы ағамыз Гүлзада есімді арумен бас қосты. Қазіргі таңда Бихан, Ерхан және Жанерке есімді ұл-қызы бар. 2002  жылдан Орда ауылдық № 29 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарып келді. 2017 жылдан бері зейнеттік демалыста.

Руслан ағамыз ұрпағының да бабадан берілген қасиеттен құр болмайтынына бек сенімді. Атасынан берілген аяни түстен ұққаны – адамзатқа жақсылық жасайтын хұсни қасиет жалғасты болады.

Бергенді қанағат тұтып, ақшаға құнықпау арқалы біткеннің тек ардақтысына қонар қасиет десек артық айтқандық емес. Әйтпесе, атадан қонған арқа бар деп шарт қойып, ақша кесіп, ауру қабылдап отырған талай емшінің сіз де естіген шығарсыз.

Біз бүгін алдына барған арқалы ағамыз, атақты сынықшы Руслан ағамыздың бұл тұрғыда бәсі биік, абыройы үстем.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар