28.02.2019, 11:20
Қараулар: 26816
ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

«Жастар – жаңашылдықтың бастауы». Нақ осы атаумен аудандық мәдениет үйінде Жастар жылының ашылуына арналған жастар форумы өтті. Бұл шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, орынбасары Лариса Қайырғалиева және өзге де мекеме, бөлім басшылары мен қатар әр ауылдық округтен жиылған жастар өкілдері, ауыл ақсақалдары да  қатысты.

         Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Исатай Құрмашев осы шараның модераторы ретінде  келген қонақтарға қош келдіңіз айтып, алғашқы сөз тізгінін аудан басшысына ұсынды. Нұрлан Сағынтайұлы аталмыш форумның маңыздылығына тоқталып, озық ойлы, білімді де білікті жастардың мемлекеттің алға қарыштауына өз үлестерін  қоса беретіндеріне сенім білдіре, ашық алаң аясында еркін пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін жеткізді.  Биылдан бастап аудан көлемінде  тұңғыш рет «Жас project»  жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл әлеуметтік бағдарлама  жастар корпусын дамытып,  жұмыссыздар санын азайтуға бағытталған. Осылай деген аудандық «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Жоламанов  басқа да атқарылатын шаралар жөнінде мәлімдеді. Аудандық туризм және экология орталығының маманы Нұргүл Халиуллина «Ауыл – ел бесігі» жобасына сай ауылды көгалдандыру үшін 1500 түп ағаш отырғызуға қолдау көрсетуін сұраса, бөрлілік жастар үшін Жастар саябағы керектігін М.Бегалиева атындағы орта мектеп мұғалімі Тұралы Дүйсенов айтты.  Ханордалық  әкімшілік іс-қағаздарын жүргізуші  Жантөре Бисенғалиев те өнерлі қыз-жігіттердің басын қосар шығармашылық ордасы  қажеттігін алға тартса, саралжындық шәкірт Асхат Өтеуғалиев  дәстүрлі өнерді насихаттауда термешілер байқауының мәні зор деді. Бисен ауылдық округі «Салтанат» балабақшасының тәрбиешісі Бекзат Машанова Елбасының сарабдал саясатының арқасында баспанаға қол жеткізгенін қуана айтса,   мұратсайлық  Айшат Өтепқалиева ауылдың спорт әлеуетін көтеруге шақырды,  ұялылық жас маман  Жансерік Айжұманов этнофестиваль секілді мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Түсініктеме