28.02.2019, 11:15
Қараулар: 885
БӨКЕЙЛІК ӨРЕНДЕР «БӘРЕКЕЛДІ!» ДЕГІЗДІ

БӨКЕЙЛІК ӨРЕНДЕР «БӘРЕКЕЛДІ!» ДЕГІЗДІ

Бөкейлік балғындар ақпан айын ойдай олжа, үлкен жетістікпен аяқтап отыр.

Ақпанның 22-сінде облыстық «Ғылым әлемін ашамыз» атты облыстық көрме-байқауын өтті. Бес секция бойынша өткен бұл шара оқушылардың жер мен ғарышты зерттеуге қызығушылығын арттыру, жаратылыстану-математика, астрофизика, ғарыштық технология ғылымдары  бағытындағы зерттеу жұмыстарына тартуды  мақсат етті.

Аталмыш байқауда аудан намысын қорғаған Дастан Сатуов (жетекшісі – Ә.Махимов) «Зымырандық техника, инфрақұрылым және экология» секциясы бойынша І орын,  Азамат Насыров (жетекшісі – Н.Мұстафин) «Ғарыштық аппараттық және модельдеу» секциясы бойынша ІІ орын иеленіп, жұмыстары өзгелерден озық шықты.

Дәл осы күндері аудандық саз мектебінің шәкірттері де Орал қаласында  өткен жас музыканттардың 52- фестиваль-конкурсына қатысып, аудан атын өнер саласында аспандатты. Конкурсқа қатысқан жас өнерпаздарымыз  классикалық және  замануи өнердің үздік үлгілерін орындап, бап пен бақты сынға салды. М.Мәметова мектебінің оқушысы Арсен Серіков (жетекшісі – С.Әжіғалиева) домбырада орындаудың шын шебері екенін көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Осы мектебінің тағы бір оқушысы Нұрдәулет Қайсағали  (жетекшісі – А.Зайнуллин) домбырадан, М-С.Бабажанов атындағы мектептің оқушылары Жансая Әміржан қобыздан (жетекшісі – Ж.Қабденғалиева), Нұрсәт Сұлтанияр домбырадан (жетекшісі – С.Әжіғалиева), Рада Манасова мен Зарина Сүлейменовалар  қобыздан (жетекшілері – З.Дүйсенғалиева) ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Алпыс  домбырашы, қырық қобызшы, жалпы саны 132 өнерпаз  қатысқан облыстық өнер аламанында жеңімпаздар тұғырынан көріну оңай емес.

Өнер мен ғылым додаларында топ жарған бөкейлік балғындар мен жетекшілеріне жеңіс құтты болсын, алар асу, бағындырар биіктеріңіз әлі де алда дейміз.

   Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар