28.02.2019, 11:09
Қараулар: 992
ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ

«Қасымда – грузин журналисі Отар Назадзе. Футболға байланысты дүниені дереу сатып ала береді. Бөлмесінің өзі кішігірім музейге айналған. Ауылда футбол жайлы мыңға тарта кітабы барын, дүниежүзіндегі ең ірі жарыстардың арнаулы значоктері содан табылатынын басқа грузин жігіттері де айтты. Біздегі Шора Сарыбаев секілді құныққан, беті бері қарамайтын «науқас» коллекционер». Осылай деп қазақ спорт журналистикасының атасы атанған Сейдахмет Бердіқұловтың жазғаны бар еді. Ағамыз тілге тиек еткен «науқас» коллекционерлер біздің өңірде де аз емес. Солардың бірі – «Сайқын» шекара бақылау бөлімшесінің қызметкері Нұрбек Иманбаев.

Футбол десе ішер асын жерге қоятындардың нағыз өзі – Нұрбек. Ғаламтор атаулыны білмей ер жеткен бозбалалар үшін ермектің төресі далада доп тебу болса, бүгінгі кейіпкеріміз де ала таңнан кеш қарайғанша ала допты серік етіп өсті. Есейе келе допты тәп-тәуір меңгере  түсті.  Кез келген футбол жанкүйерлерінің теледидардан  ала доп бәйгелерін қалт жібермеуі заңдылық қой. 1986 жылы футболдан әлем чемпионатын тамашалағанда әйгілі Марадоннаның шеберлігіне ерекше тәнті болады. Жасыл алаңда өзгеге ұқсамайтын ойын мәнерімен дараланып, жасындай жарқыраған аргентиналық аяқдопшының әр қимылын жіберместен бақылаған Нұрбектің футболға деген ынта-ықыласы осылайша арта түсіпті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ аталмыш спорт түрінен үйірмеге ұдайы қатысып, кәсіби тұрғыда шұғылдануға бел шешеді. Біртіндеп «Ақбидай» спартакидасы, т.б. сол секілді  ауылішілік ойындарда төбе көрсетсе, студент атанған жылдары да спорттан қол үзбеді. «Аққайнар», «Мирлан» әуесқой командалары құрамында шабуылшы позициясында жарқын өнерімен танылды, 2006-2009 жылдары Ж.Досмұхамедов атындағы колледжде дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы ретінде де шағын футбол бәсекесінде шеберлігін айналасына мойындата білді. Десе де, оның кәсіби футболдағы спорттық ғұмыры бүгінде шекара бекетіндегі қызметімен алмасты. Бірақ, әскерилер арасында да спортқа жаны жақын әріптестерімен доп қуалайды, өз білгенімен бөлісіп жүр.

Айта кетелік, экс-футболшы кейіпкеріміз де жоғарыда айтып өткеніміздей «науқас» коллекционерлердің санатында. Өйткені, ол 1990 жылдан бері футболға қатыстының бәрін жинап келеді. Оған сұқбаттасуға барған күні көзіміз жеткен. Әр жылдары жарық көрген әдебиеттер, анықтамалар, журналдар, футбол билеттері, бағдарламалары, белгілі ойын командалар жанкүйерлері тағынатын мойынорағыш, вымпелдер, футболкасы, т.б. футбол атрибуттары, значоктері тізімдің осылай жалғастыра беруге әбден болады. Айта кетелік, Нұрбек Иманбаев ұлдары Нұртілек пен Нұрәлемге футбол әліппесін кішкентайларынан үйретіпті. Тұңғышы қазір 11 жаста. Үш жасынан-ақ ол допты әрлі-берлі аяғымен теуіп, машықтаныпты. Айрықша қызығушылықпен доп ойнап жүрген балдырғанның бейнетүсірілімін «Ақжайық» футбол лигасындағылар ютуб желісінен көріп қалып, қабілет-қарымын жоғары бағалапты. Тіпті «Ақжайықтықтар» Нұртілекті қалаға әкеліп, футболға баулыңыз деп кеңес берген екен. Десе де кейіпкеріміз тәуекел ете қоймаған көрінеді. Нұртілек алты жасында «Галактикалық футбол» аталатын спорттық би қимылдарын үйреніп, оны да ютуб желісіне жүктеп жіберіп, алматылық «Қайрат»  футбол академиясы мамандарын  таң-тамаша етеді. «Қайраттықтар» да өздеріне шақыртты. «Академияның ережесі бойынша шәкірттердің жасы 13-ке толуы керек екен. Біздің ұлымыз небәрі 11 жаста. Алайда, мамандар баламның дарынын байқап көрелік дегесін Алматыға барғымыз келеді» деп жоспарымен бөлісті әкесі. Егер ютуб желісінен «Нұртілек Машанов, Сайқын» деп іздесеңіз жас өреннің сол кездегі доппен әдіс-тәсіл жасаған өнері мен алты жасында көрсеткен «Галактикалық футбол» атты спорттық би қимылдарын көруге мүмкіндігіңіз бар екенін қаперлеріңізге берелік.

«Ұлым ұлы істерді еңсерсін, жер-жаһанға есімі жайылған футболшы болсын» деп армандайтын әкенің  ұлына жан-жақты қолдау білдіре алғаны көз қуантты, көңілді сүйсінтті. Олай дейтін себебім, түрлі себептерге жүгініп, балаларының тәрбиесіне ғана емес, болашағына немқұрайлы қарайтын әкелер арамызда аз емес. Ал, біздің кейіпкеріміз кәсіби спортшыны қазірден тәрбиелеп келеді. Керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтынатын ас мәзірін де қатаң бақылайды екен.

Футбол әлемінде «Алтын доп» дейтұғын бәсі биік жүлде бар. Жыл сайын дүниенің түкпір-түкпірінен  бақ сынасатын футболшылар сол «Алтын допты» иеленсем деп барын салады. Нұртілектің де арманы сол екен.

– Сүйікті футболшым Роналду. Сол сияқты мықты футболшы атанғым келеді. Қазірден әкеммен бірге жаттығып жүрмін. «Алтын доп»  кубогын жеңіп алу – үлкен арманым,-дейді.

Міне, осылай деп көкейдегі арманынан сыр шерткен Нұртілекке біз де «мақсатың орындалсын, биік белестерді бағындыра бергің» деп тілегімізді білдірдік.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар