28.02.2019, 10:40
Қараулар: 10
АУДАН ҮНЖАРИЯСЫ ҮЗДІК ТАНЫЛДЫ

АУДАН ҮНЖАРИЯСЫ ҮЗДІК ТАНЫЛДЫ

Бас редакторлар Теректіде бас қосты. Бұл «Жайық Пресс» медиахолдингінің бастамасымен қолға алынған шара. Көшпелі клубтың бірінші мәжілісі өткен жылдың күзінде Қазталовта өткен еді.

Аудан  басшысы Әділ Жоламанов алғаш болып сөз алып:

– Теректі – сонау замандағы Тақсай ханшайымына, Марабайдай жырауға мекен болған қасиетті топырақ. Тағылымды тарихы бар, ашылмай жатырған, танылмай қалған тұстары, ақтаңдақ беттері әлі де көп. Ауданның жетістігі мол болса, кемшін тұстары да, әлі де шешілмей жатқан түйткілді мәселелері де баршылық.  Астанадан арнайы келген Қайнар Олжай ағамызға, Атыраудың Индерінен келіп отырған Жанай Амантұрлин ағамызға орта толтырып, ат арытып келгендеріңіз үшін айтарымыз алғыс қана. Қайнар ағамызды сырттай жақсы танитын едік. Мықты публицист деп танимыз. БАҚ-тың айналасында жүргендердің бәрін де танимыз деуге болады. Облыстық қос газетті былай қойғанда, аудандардың газеттерін қарап тұру – әдетім. Бұл тәжірибе үшін қажет. Біреуіңізді енді көріп жатырсам да аты-жөндеріңізден, жазған дүниелеріңізден сырттай қанықпын. Баршаңыз да қош келдіңіздер!-деді.

Теректі аудандық басылым редакторы Нұрзия Сисенғалиева басылымның бүгінгі тыныс-тірлігімен таныстырып, аудан басшылығының қолдауына ие екендерін баса көрсетті. Аудандық басылымда бірнеше сын мақала жазылғанын, газет көтерген мәселенің аудан әкімдігі назарынан тыс қалмағанын айта келіп, басшылықтың көзі қарақты болса, сынды қабылдай білсе, газеттің де беделі соншалықты биік болады деп тұжырымдады.

Мәжілісте сөз алған медиахолдинг бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай редакция жұмысы мен қаржы қоржынына қатысты мәселелерді тілге тиек етті. Аудан газеттерінің облыс тарихында тұңғыш ұйымдастырылған «Өрімтал» фестивалінің өрендерімен байланыс орната алмай отырғанын  баяндады.

Ал аудандармен жұмыс бөлімінің басшысы Тоқтар Кенжеғалиев аудан газеттерінің мазмұны мен сапасына тоқталып, кемшін тұстарын жіліктеп, үлгілісін көрсетіп берді. Нақ осы шарада аудандық басылымдардың әр жанр бойынша үздіктері анықталды.

Топжарғандар марапатқа ие болды. «Үздік сұхбат» аталымында «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газеті (Ә.Орынбасардың «Нағыз қазақ осындай» мақаласы), «Үздік сараптамалық мақала – 2018» аталымында Жәнібек аудандық «Шұғыла» (Г.Төреғалиеваның «Еңбек нарығы: екі қолға бір күрек табыла ма?» мақаласы), «Орыс тіліндегі үздік сараптамалық мақала – 2018» аталымында Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» (Н.Берендяевтің «Соцсети – несвободная свобода» мақаласы), «Үздік сын мақала – 2018» аталымында Ақжайық аудандық «Жайық таңы» (Б.Қаленовтің «Келісімшарт жасалса, кісі ақысы желінбес еді»), «Орыс тіліндегі үздік сын мақала – 2018» аталымында Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» (М.Пирогтың «Общественный транспорт: «старая песня» о главном» мақаласы), «Үздік публицистикалық мақала – 2018» аталымында Тасқала аудандық «Екпін» (Ә.Бекешеваның «Ана сағынышы» мақаласы), «Үздік танымдық мақала – 2018» аталымында Сырым аудандық «Сырым елі» (Б.Ширмединұлының «Жеті күнде жасалған трактор немесе madе in Kogeris» мақаласы), «Орыс тіліндегі үздік танымдық мақала – 2018» аталымында Шыңғырлау аудандық «Серпін» газеті (Е.Киваның «Чингирлауский путешественник» мақаласы үшін), «Үздік әлеуметтік мәселе – 2018» аталымында Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» (Н.Ғаббасовтың «Оңалту орталығы оңалмай тұр немесе ем алушылар неге алаңдаулы?» мақаласы), «Әлеуметтік желідегі үздік басылым парақшасы – 2018» аталымында Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» (желтоқсан айында «Фейсбук» желісіндегі жазбалары 21 526 оқырманды қамтығаны үшін), «Аудандық басылымының үздік сайты – 2018» аталымында Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» (сайт жұмысын үздіксіз жүргізгені үшін) басылымдары топ жарды.

«Үздік аудандық басылым – 2018» аталымын аудандық «Орда жұлдызы» газеті талассыз алды. Бұл – құрамы жасарып, жаңарған ұжымның тырнақалды табысы. Медиахолдинг табыс еткен марапаттың ұжымға үлкен серпін бергені анық.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар