28.02.2019, 9:51
Қараулар: 501
СЕКСЕН ЖАС ҚҰТТЫ БОЛСЫН, САРДАР АҒА!

СЕКСЕН ЖАС ҚҰТТЫ БОЛСЫН, САРДАР АҒА!

Нарынның тумасы, ақын-журналист Ғарифолла Көшенов сексенге толды. Ғарифолла Көшенов – журналистиканың жалына жабысқандардың жанына жақын есім. Облыстық «Орал өңірі» газетінде отыз жылға жуық қызмет жасаған ағамыздың ізбасарларына деген қамқорлығын, сонау Алматыда отырса да төл басылымының әлі күнге дейін әр санын жібермей оқитынын Есенжол аға Қыстаубаевтар аңыз қылып айтады. Кекілін жел қайырған талай талапкердің талпынысын құптап, қолдап, елге танылуына септігін тигізді. Облыстағы қалам ұстаған қауым Ғарифолла Көшеновті Ұстаз аға, Сардар аға тұтады. Сексен жас мерейтойына да туған жердің тілегін арқалап, Алматы асқандары сол ыстық ниеттен болса керек.

Ағамыздың еңбегі тек басылымда емес, әділет пен қаржы саласына мықтап сіңген. Осы бір екі саланы қазақыландырып, тілін жатық қып сөйлетуде Көшенов көшелі де, келелі іс тындырды. Мықты аудармашы екенін танытты.

Анасы Әруәштің ақ сүтімен берілген ақындық Ғарифолла ағамызды айтыскер танытты. «Жетібайдың жаман баласы» адуын ақын Тайыр Жароковтың назарына түсті. Ақындығын ел мойындады. «Сүмбіле салқыны», «Қоян жылы» ғұмырбаяндық кітаптары сөз сүлейінің сүбелі еңбегі екені даусыз. Сәкен Иманасов сияқты сөз қадірін білетіндер «Ғарифолла Көшенов деген ақын бар-тұғын. Ұйқастары балталасаң бұзылмайтындай берік болатын. Өлең жазуды қойып кетті» деп әлі күнге дейін іздеп отыратыны тектен тек емес.

Сіз келдіңіз сексенге,

Өткенді адам екшер ме?

Қуанамыз, беу, аға,

Дауысыңыз жетсе елге!

Өмір мынау бақ екен,

Өткел де көп сан өтер.

Нар ұлы боп Нарынның,

Аман-сау жүр,

Ғарекем!

Аман-сау жүр,

Ғарекем! –деген ақын Ғайсақаңнан (Сейтақтан) асып, не айтамыз?! Айналаңыз аман, ел тыныш, жазарыңыз көп, көреріңіз тек жақсылық болсын дейміз ел атынан.  Еліңіз әр кез тілекші!

Редакция ұжымы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар