20.02.2019, 16:51
Қараулар: 705
БҰРЫНҒЫНЫҢ БҰРЫМДЫСЫ

БҰРЫНҒЫНЫҢ БҰРЫМДЫСЫ

Аудандық басылым бұрымдылар арасында байқау жариялады. Осы жоба барысында газетіміздің байырғы оқырмандарының бірнешеуі қатарынан «қазіргі сары қарын бәйбіше, өмір көргеніміз бар, үйретеріміз көп деп жүрген ұлағатты апа-енелердің арасынан бұрымдысын іздеп көріңізші. Шаштарын бояп, бұрымдарын қырқып тастаған апа-әжелердің арасынан шашы ұзынын қолына шам алып, қасына ит алып іздесең де таппайсың» деген еді. Расымен де қызық көрінді. Бүгінде бастарына кимешек киген не орамал салған, ұзын етекті әжелер тек суреттен ғана табасың. Жүрген жерімізден, барған ауылымыздан бұрынғының бұрымдыларын іздей жүрдік. Назарға іліккен бірінші адам Меңдіғаным Өтешева апамыз болды.

Меңдіғаным Өтешева – Бисен ауылының тұрғыны. Жастайынан өсірген шашын әлі күнге дейін күтіп-баптап, қимаған екен.

Ол – үйінде үш қыздың ортаншысы, бұрынғының бұрымдысы, қазіргі ақжаулықты әже. Анасының бұрымына еліктеп, 10-сынып оқып жүргенде кезінен өсірген. Сол кездерде таныстары шашының ұзындығы мен өруіне таң қалып, қызығатын-ды. Бірақ, ол кездегі қолаң шаш, бүгінде жұқарған. Қазіргі шашының ұзындығы 105 см. Мәселен, Меңдіғаным Мұратқызының бұрымы көп күтімді қажет етпейді екен.

– Жалпы, бұрым деп әйел адамдардың өрілген ұзын шашын айтады ғой. Алғашында шашымды өсіремін дегенде анам қарсы болған. Ол кезде тым қалың еді. Соған қарамастан өсірдім, тез өскіш. Жас күнімде шашыммен қанша әуреге түссем де қайғырмайтынмын. Кейін өрілген шаш арқамда ауыр тартып, төмен қарай тартып тұратындықтан, төбеме жинап, ұстатып қоямын. Ал, шашыма көп күтім қажет емес. Алдымен, үкіметтің сусабынымен жуып, артынан айранның көк суымен немесе жұмыртқаның ағын бөліп алып, қанжылым суға салып шаямын. Ол шаштың қалыңдап өсуіне, сусылдап, жалтырап тұруына, қайызғақ түспеуіне көмектеседі. Міне, басқа ештеңе қолданбаймын,-дейді Меңдіғаным апа.

Айталық, кейіпкеріміз осы күнге дейін шашына бірде-бір бояу тигізбеген. Тіпті, әрбір түскен шашын жинап, өріп, сақтап қойыпты. Алдағы уақытта төрт жасар Кәусар есімді тұңғыш немере қызының шашын өсіру – аяулы әженің арманы. Қазіргі таңда отағасы Ерболат аға екеуі екі ұл тәрбиелеп өсіріп, кенже ұлының қолында немерелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде.

Айша ҚҰРМАШ