20.02.2019, 12:17
Қараулар: 731
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ

Ақпанның 19-ы күні өткен аудан әкімі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның алғашқы отырысы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға арналды.

Комиссия төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов былтырғы түскен қар мөлшері биылғыдан 1,5 есе аз болса да, кейбір үйлерді су басу қауіпі туындағаны айта келіп, биылғы көктемге дайындықты үдете түсуіміз керек деді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы Тұрарбек Апақаев өткен жылы өз саласында атқарылған істерге тоқталып, алдағы міндеттерге де көңіл бөлді. Қойылған сауалдарға жауап беруден тосылған төтенше жағдайлар бөлімі бастығына комиссия төрағасы хабарламаға қатысты ескерту жасады. Сонымен қатар қар күрт еріген шақта Бисен ауылдық округіне қарасты Мак, Қарағаш тұсындағы грейдерлерді судың шайып кету қаупі жоғары екендігін, аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисанов айтқан Бисен ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің жертөлесі суға толатынын ескеріп, тиісті шаралар қабылдауға тапсырмалар берді. Отырыста сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев қазіргі таңда елді мекендерден 1500 м3 қар шығарылғандығын мәлімдеп, су тасқынының алдын алу жұмыстарына бір миллион 314 мың теңге қаражат бөлініп отырғандын жеткізді. Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиевтің айтуынша, округте 19 учаске мен екі тұрғын үй қауіпті нысандарға жатқызылып, олардың алдын алу шаралары қолға алынған. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Света Рамазанова су тасқыны кезінде өз тараптарынан талап етілетін шараларды тілге тиек етіп, осы уақытта мал молалары да назардан тыс қалмау қажеттігін ескертті. Отырыста мал қыстағының өту барысы да сөз болып, ол жайындағы толық мағлұматты аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин хабарлады. «Бөкей ордасында мал қырылып жатыр» деген әлжелідегі желдіртпе сөзді жоққа шығарған Сүйінбек Жексенбайұлы қорымызда әлі де төрт мыңдай рулон шөбіміз бар, аудандағы жағдай бірқалыпты деді.

Мәселелерді белгілеген комиссия отырысының соңында хаттама шығарылып, тапсырмалар берілді.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ