18.02.2019, 16:00
Қараулар: 11
ДИРЕКТОРЛАР БАС ҚОСТЫ

ДИРЕКТОРЛАР БАС ҚОСТЫ

Аудан мектептерінің директорлары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшылары «Edu progress» дискуссия алаңында басын қосты. Аталмыш шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, орынбасары Лариса Қайырғалиева қатысты.

Шарада аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов білім беру саласындағы түрлі реформалар мен бағдарламалар педагогтарға артылар жауапкершілікті еселеп, жаңашылдықты талап ететінін тілге тиек етті.

Өз кезегінде білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев саладағы өзгерістер мен былтырғы жылдан қол жеткізген жетістіктер жайын баяндады. Оның айтуынша, күрмеуі шешілмеген мәселелер әлі де бар. Мәселен, мектепке дейінгі ұйымдары қызметкерлерінің, нақтырақ айтсақ, аудан бойынша төрт бөбекжай директорының 2-уінде, төрт әдіскер мен 63 тәрбиешінің 49-ының ғана дипломы атқаратын қызметіне сәйкес келеді (қалғандарында аталмыш білімі жоқ). Сондай-ақ, келесі жылдан бастауыш мектептердің контингенті 15 оқушыға дейін болуы, егер өзгерістерге сай оқушы саны толмаса тиісті білім ошақтарының (ішінде 7 орталық бар) жабылуы мүмкін екендігін қаперлеріне берді. Биылғы оқу жылының екі тоқсан қорытындысы бойынша ауданның білім сапасы 53,49% құрағанын, білім алушылардың оқу жетістіктерін сырттай мониторингілеу барысында М.Бегалиева, А.Құсайынов, Т.Масин, Ш.Жексенбаев атындағы мектептер жақсы нәтиже көрсеткенін де жеткізді бөлім басшысы. Мектептерде  үш тілде бірдей оқыту бойынша жол картасы жасақталып, 2019 оқу жылынан Қ.Сағырбаев, А.Құсайынов, Жәңгір хан, Т.Масин атындағы мектептердің 8-сыныбында химия, информатика, биология сабақтары  қос тілді кітаптар арқылы өткізіліп жатқандығы, М.Мәметова мен Қ.Сағырбаев атындағы мектептерде пилоттық негізде «Футбол сабағы» да сәтті іске асырылғаны айтылды. Сала басшысы бұдан да басқа оқушылардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, медициналық  қадағалау, патриоттық-құқықтық тәрбие беру бағытындағы атқарылған және атқарылуы тиіс шараларға тоқталды.

Келесі болып мінберге шыққан Қ.Сағырбаев атындағы мектеп директоры Ерлан Ермекқалиев «Мектептегі көшбасшылық пен басқару» тақырыбында сөз алып, мектеп ұжымын басқарудың тиімді әдістері, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктермен және ата-аналармен тығыз байланысты жандандыру, ұжымның жұмыс нәтижелігін бақылау, т.б. турасында ой тарқатты. Аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Мереке Махимов жаңа инновациялық әдістерді меңгеріп,  Sonу Pro, After effects, 3Д визуализация, автомобиль спорты және картинг, бөлшектерді дайындау және өндіру цехы  секілді бағыттарды дамыту үшін  ауыл жастарына замануи технологиямен қамтылған құрылғылардың қажеттігін алға тартты. Осы орайда аудан басшысы  техника тілін меңгеруге талпынған бөкейлік өрендердің қолдаусыз қалмайтынына сендірді. Балаларды тәрбиелеуде мектеп ұжымы мен ата-аналар арасындағы диалогты күшейту арқылы жаңаша бағытты ұстана білген мәметовалықтардың оң нәтижелерін сол ұжымның басшысы Асылхан Аманғалиев айтып берді. Мәселен, ата-аналар жиналыс кезінде дөңгелек үстел басында мектептегі әр мәселені бүге-шүгесіне дейін өзара талдап, ақыл-кеңестерімен бөлісіп, шешімін табуда бірігіп әрекет етеді. Мамандық таңдауға, еңбек етуге ынталандыруда «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Ақылды дүйсенбі» сияқты шараларды  ұдайы өткізудің маңызы зор деді ол. «Ертөстік» бөбекжайының басшысы Нұргүл Зайноллина тәрбиеленушілердің жас ерекшіліктерін ескере, оларды дамыту жұмыстары бес білім беру салалары «Денсаулық», «Қарым-қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бағыттары бойынша оқу қызметтері жүйелі жүргізілетінін айтты. Инклюзивті білім берудің артықшылығы туралы педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің меңгерушісі Айнаш Атаева жан-жақты түсіндірді. Бүгінде бұл мекемеде 21 тәрбиеленуші бар. Былтырдың өзінде төрт оқушы оңалтылып шықса, бір оқушы қосалқы бағдарламадан жалпы орта білім беретін бағдарлама бойынша мектепке ауыстырылды. Алдағы уақытта да оқыту мен тәрбиелеуде ата-аналармен біріге жұмыстануды ширату, церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың өмір салтын қалыптастыру, арнайы мамандардың шығармашылық қабілеттерін арттыру секілді ауқымды жұмыстар тұраламай, жүйелі жүзеге аса бермек. Күні кеше облыстық делегация құрамында Германияға барып келген аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да сол елдегі білім жүйесіндегі артықшылықтар мен ерекшеліктерін фото-бейне түсірілімдері арқылы бөлісіп, әңгімелеп берді.

Арайлым Есмағұлова