18.02.2019, 15:03
Қараулар: 772
М-С.БАБАЖАНОВ БІЛІМ ҰЯСЫНА – 10 ЖЫЛ!

М-С.БАБАЖАНОВ БІЛІМ ҰЯСЫНА – 10 ЖЫЛ!

Ауданымыздағы іргелі білім ошағының бірі  М-С.Бабажанов атындағы мектеп ұжымы  он жылдық мерейтойын атап өтті. Мектеп ұжымы он жылдағы бағындырған белестері мен бүгінгі күнгі тыныс-тірлігін көрсету үшін аттай бір аптаны арнады. Осы бір аптада ашық есік күндері өтіп, түрлі тәрбиелік шараның басын қайтарды. Тіпті облыстан келген комиссия назарына ұсынған жұмыстарын да сәтті қорғап шықты. Жұмыс аптасы мәдениет үйінде әуелеген әдемі кешпен түйінделді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында бой көтерген білім нысаны өткен жұма күні он жылдық мерейтойына арнап, сәні мен салтанаты келіскен концерттік бағдарламасын сайқындық ағайынға тарту етті.  Білім мен тәрбиенің  жаршысы бола білген бабажановтық ұстаздар үшін  бұл мерейтойдың мәні ерек, он жыл бойына  қатталған өзіндік сара жолымен қымбат.  Аз да, көп те емес уақытта  талай оңды іс атқарылды, қанша түлек түледі. Аталмыш орынның білікті педагогтері алты «Алтын белгі» мен бір «Ерекше аттестат» иегерлерін баптап шығарды. Бабажановтық қарлығаштары бүгінде  еңбек етер елеулі жасқа жетіп, ел аумағында түрлі қызмет атқарып жүр. Облыстық, республикалық сайыстарда оза шапқан шәкірттер де осал емес. Биылғы оқу жылында мектеп  табалдырығын 365 бала аттаса,  26 қарлығаш  алтын ұяларымен қоштаспақ. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлапты»  дегендей, мектеп ұжымы он жылдықтың  құрметіне арнап ашық есік күнін, аудан мектептерінің тарих пәні  мұғалімдері қатынасқан тарихшылар слетін, өлкетанушылық және қолөнер көрмесі, READx, «Merry English», «Ғаламтордың пайдасы мен зияны» тақырыбында  пікір-талас, «Қызық екен» интелектуалды ойынын, волейбол жарысын т.б  шаралар легін оздырғанын да айта кетелік.

Дүйім жұртқа өнерлерін паш еткен бабажановтықтар кешінде әуезді ән де айтылды, мың бұралған  би, күмбірлеген күй де төгілді, тауып айтқан жайдарманшылар әзілі де көңілді жадырата түсті. Концерттің шымылдығы  сыңғырлаған қоңырау үнімен үндескен сахналық  қойылыммен түріліп, трионың орындауындағы «Айналдым елім» әнімен, заманауи музыканың ритміне үйлесе қимылдаған биші өрендердің өнерімен жалғасты.  Одан әрмен,  «Бұлбұлым» әнімен әсем дауысты  Айсамал Әжіғалиеваның, «Ол менің анам, әкем»  деп тамылжыта шырқаған Эмиль Темірбекұлы мен Динара Ахметованың жарасымды дуэті, вокалды инструментальды ансамбльдің сүймелдеуімен  «Қуанышым», «Қайдасың?» деп  ән салған Фархат Мұқатов пен Дидар Омаровтардың, «Өмір туралы толғауын» арнаған Шынар Иманғалиеваның  өнерлері де тыңдарманға ұнады. Жас домбырашылар Құрманғазының  «Балбырауынын», Балаймасаның «Қыз ақжелеңін» тарту етсе, мұғалімдерден құралған бишілер тобы  «Балбырауын», «Сыған» билерімен көпшілікті тәнтті етті. Кеш жайдарманшылардың ойынымен тартымдырақ бола түсті. Әсіресе, бастауыш сыныптың ұл-қыздарының риясыз ойыны  залда отырған ағайынды  күлкіге қарқ қылды.  «ыаывавпварапрШықпаңыздар мұғалімнен жоғары» деп  тыңдарманға терең ой тастаған  көркем сөз  шеберлерінің толғауы, ерлі-зайыпты Руслан Жақатов пен Нұргүл Елеусіновалардың «Ата-аналарға арнауы», хордың  орындауындағы   «Алғашқы ұстаз», «Как молоды мы были»  шығармалары да жүрекке жете білді. Мерекелік шараның тізгінін ұстаған  Фархат Мұқатов пен Руслан Жақатов, Бұлбұл Құбаева мен Гүлнәр Ғабдоллиналар   жүргізушілік қырларымен танылды.

Шара соңында сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева аталмыш білім ордасының ұжымына ақ тілегін білдіріп, аудан әкімі атынан шәкірт жүрегіне жол тапқан бірқатар ұстаздарға, нақтылай кетсек, Алмабек Жанғалиевке, Айгүл Қадымоваға, Гүлнәр Ғабдоллинаға, Күлән Хайроллиналарға алғысхаттар табыс етті. Сондай-ақ, білім беру бөлімі атынан  Нұрсұлу Сәлімова мектеп мерейін арттырып жүрген Айгүл Ибрашеваға, Клара Нұрғалиеваға, Гүлнәр Дәулетияроваға, Әйгерім Тұралиеваға, Мнаура Әлішеваға, Арайлым Иманғалиеваларға марапаттарын ұсынды.

Білім бәсекесінде бәстеріңіз биіктей түссін, бабажановтықтар!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар