18.02.2019, 12:33
Қараулар: 1666
БҰРЫМДЫ АРУ

БҰРЫМДЫ АРУ

Аудан апталығы жариялаған «Бұрымды ару» байқауының екінші үміткері – хан ордалық Гаухар Сәрсенғалиева. Гаухар замандасымыз «шашты тәңір сыйы» деп таниды екен.

 

Айтса айтқандай, әрі қалың, әрі ұзын шаш екінің біріне бұйырмайды. Шаш туралы бұрымды келіншек былай дейді:

– Бұрымды келіншек атануыма  анамның еңбегі зор дер едім. Өйткені, ол кісі кішкентайымнан  «қазақ қыздары бұрымымен әдемі» деп жиі айтатын.  Шашыма қайшы тигізбей, өсіргенімді қалады. Бойжете келе сәнге енген карэ шаш үлгісін жасатқым келіп, анамнан рұқсат сұрадым. Белден төмен түскен қолаң шашты шорт кестіруге ол кісі қимаса керек, бірден келісім бере қоймады. Ұзақ ойланып барып, көңіліңді жықпайын деп шашымды қидыруға рұқсат етті. Алайда шашым тым қалың болғандықтан карэ үлгісі маған жараса қоймады. Сол кезде қатты өкінгенім бар.  Содан бері анамның «қазақ қыздары бұрымымен әдемі» деген сөздерін терең ұғынғандай болдым. Шашымның ұзындығы 1 метр 38 см.  Ұзын шашты күту оңай емес. Аптасына бір рет жуамын және ыстық емес, жылы сумен ғана шашты жуған дұрыс. Соңынан 2-3 рет шаямын. Бұл гигиеналық процедураны бірнеше рет қайталасаңыз шашыңыз кепкен соң жылтырап тұрады. Шашыма фен жолатпаймын,  өйткені бұл құрал шаштарды шамадан тыс кептіріп жібереді.  Сусабынды да шашымның типіне байланысты таңдаймын, әрі сусабын маркасын жиі аустырмаймын. Екі ай сайын шашымның ұштарын қидыртамын. Мен шашыма химиялық бояуларды жағып көрмеппін.  Ертеден-ақ әйел заты шаштарына ұқыптылықпен қараған ғой. Шашты тәңірдің сыйына балаған. Науқастанып қалған баласын өз шашымен аластапты дегенді естиміз. Үлкен әжелеріміздің «бір тал шаштарыңды да  далаға тастамаңдар, құстың аузына іліксе бас сақинасына ұшырайсыңдар» деп ескертулері де бекер емес деп ойлаймын. Сондықтан да әйел баласына, әсіресе, жүкті не емізулі баласы бар келіншектерге орамалсыз жүрмеулерін талап етулерінде үлкен мән жатыр. Шашқа байланысты түрлі деректерді оқып жүремін. Мәселен, шашты неғұрлым жиі жайып жүрсеңіз, соғұрлым бойыңыздағы әйелдік энергетика жойылады екен. Күш-қуатты сақтау үшін шашты түйіп, не өріп қойған дұрыс екен. Тараған кезде түскен шаштарды жинап алып, аяқ астына тапталмайтын жерге салған абзал. Және де жүкті әйелдерге шашты қидыруға болмайды дегенді бәрі де біледі. Сөзімді  Абай атамыздың мына өлеңімен түйіндейін:

«Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақтамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең, мұндай түрін», — дегеніндей, сіңлілерімнің де бұрымды ару атанып, табиғи көріктерін сақтап жүрсе екен деп тілеймін.

Гаухар СӘРСЕНҒАЛИЕВА.

Түсініктеме

Мықты