8.02.2019, 16:54
Қараулар: 790
Спортшы ұстаздардың жетістік жолы насихатталды

Спортшы ұстаздардың жетістік жолы насихатталды

 

 

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бастамасымен «Жетістік жолы» жобасы аясында ауылымыздың Жәңгір хан атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Рафаэль Денгизбаев пен Рахим Қожағалиевпен кездесу өтті. Кездесуге қос ұстаздың шәкірттері де қатысты.

Баскетбол ойынының шебері Р.Денгизбаев дайындаған командалар облыстық ойындарға қатысып, бірнеше мәрте оза шауып, бәйге алды. Соынмен бірге Рафаэль ағамыз тоғызқұмалақты да жетік меңгерген. Ол баулыған тоғызқұмалақшылар облыстық, республикалық чемпионаттарға қатысып, чемпион, спорт шебері үміткері атанып отыр.

Р.Қожағалиев – қазіргі кезде жастарымызды пауэрлифтинг спорт түріне бағыттап, бірнеше шәкіртін облыстық, республикалық чемпионаттарға қатыстырып, үлкен жетістіктерге жетелеп жүрген жас ұстаз. Р.Қожағалиев сонымен қатар гір тасын көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінің хас шебері десек те болады. Кездесуімізге келген жас спортшыларымыз да құр емес. Олар Р.Қожағалиевтің шәкірттері, пауэрлифтингтен облыс, республика чемпиондары және спорт шебері үміткерлері.

Кездесу барысында спортшылар өздерінің өмір жолдарын, спортқа деген қызығушылықтарын және үздіксіз, үзіліссіз жаттығулар ғана жеңіске әкелетінін айта отырды. Өздері шұғылданып жүрген спорт түрлерінің құпияларымен бөлісіп, сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынынан шеберлік сағатын өткізді.

Кездесуге қатысқан белсенді жастар сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдіріп, спортшылармен танымды сұқбат құрды.

 

Г.СӘРСЕНҒАЛИЕВА,

Хан ордасы ауылы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар