8.02.2019, 16:48
Қараулар: 784
ҚЫЗЫЛША ДА ҚАУІПТІ

ҚЫЗЫЛША ДА ҚАУІПТІ

 

Қызылша – кең таралған жіті инфекциялық ауру. Оған көбінесе балалар шалдығады. Бүгінде  қызылша ең жұқпалы аурулар қатарында. Бұл инфекцияға шалдығу тәуекелі 100% -ды құрайды, яғни, бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпенің мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.

Ауру бірден бөртпе ретінде пайда болып басталмайды. Алдымен дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу секілді тұмауға ұқсас белгілері байқалады. Алғашқы белгілері пайда болған соң, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысындағы ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер көріне бастайды. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейе түседі. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.

Негізінен ауру  ауа-тамшы арқылы пайда болады. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі.
Ескеретін жайт, ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырған балада туғаннан 3 айға дейін шалдығу болмайды, өйткені осы уақытта оның  қанында қызылшадан сақтайтын анасының қарсы денелері сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда  өмір бойы кез-келген жаста ауруға шалдығу қаупі сақталады.

Тез арада емдеу үшін бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Және аспирин ішуге болмайды. Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін беріңіз. Қызылшаның арнайы емдеу препараты жоқ. Науқасқа витаминдерге бай тағамдар, көкөністер, жемістер, шырындарды көп мөлшерде ішу қажет. Егер баланың іші өтсе, регидрационды су беріңіз. Қызылшаның алдын алуда тиімді  де сенімді шаралардың бірі – егілу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді.  Қызылшаға қарсы вакцинаны ойлап шығару – бұл медицина ғылымының үлкен жеңісі деп есептелінеді.

Ерлан ЖҰМАҒАЛИЕВ,

аудандық денсаулық сақтау

 басқармасының жетекші маманы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар