8.02.2019, 16:43
Қараулар: 749
БАЛАЛАР САУЛЫҒЫ БЕЙЖАЙЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

БАЛАЛАР САУЛЫҒЫ БЕЙЖАЙЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

 

Сәбилер денсаулығы мен күтімі туралы жас аналарға ұдайы түсінік жұмыстары жүргізіліп отырады. Түрлі жағдайлар, оқыс жайттар туындаған жағдайда қолға алынатын шаралар мен алғашқы көмек барысы түсіндіріледі. Сәбилер денсаулығына қатысты кеңестерді жиі жариялап, аналарға жиі ескертіп тұрғанның еш артықтығы жоқ.  Мәселен, нәресте сусын іше алмаса немесе еме алмаса, жағдайы нашарлап, қимылдауы азайса, дене температурасы әдеттегіден салқын сезілсе, алақандары мен табандары сарғайып кетсе, қызу түспесе, жөтел пайда болып, тыныс алуы жиілеп, қиындаса, іші өтіп, нәжісінде қан пайда болса және іші өтіп, әрі сусынды нашар ішкен жағдайда міндетті түрде ақхалаттылардың көмегіне жүгінген жөн.

Бала жайсыз сезінгенде жиі емізу қажет және оның уақытын ұзарту керек. Ал, егер бала емумен қатар өзге де сұйықтықтар ішетін болса, оған сорпа, күріштің суын, айран, биолакт немесе таза су беру керек. Диареясы бар, яғни, іші өтіп жүрген балаға қосымша жоғарыда аталған сұйықтықты көп беріңіз, оған қоса регидрон, таза, қайнатылған су да ем болады. Оны диарея толығымен тоқтағанға дейін жалғастыру керек.

Екі  ай — бес жас аралығындағы балалар үшін аса қауіпті белгілері: сәбидің  ембей немесе тамақ ішпей қалуы, емгеннен кейін, я әр тамақтанғаннан соң көп мөлшерде құсуы, құрысудың пайда болуы, нәрестенің ессіз қалуы және летаргия болып табылады.

0-5 жастағы балалар жіті респираторлық ауруларға, анемия мен өкпе қабынуына, туа біткен кемістік, оқыс оқиғаларға жиі ұшырайды.

Ана мен бала денсаулығына мейлінше көмек жасалып жатса да, әлі де сәби өлімі көрініс табуда. Сандармен сөйлесек, 2017 жылы Сайқын және Мұратсай ауылынан 0-1 жас аралығында 2 шақалақ, 1-15 жас аралығында 2 бала дүние салды.  ­Өткен жылы Орда мен Саралжыннан тағы да 2 сәби өлімі тіркелді.

Аудан бойынша 0-18-жасқа дейінгі 4258 бала болса, оның  4129-ы, яғни, 98,03%-ы тексерістен өтіп, 336 науқас анықталды. 189-ы күндізгі стационарлық,  24 бала үйден стационарлық ем алды. Жұқпалы ауруға шалдыққан  16 бала да стационарлық ем алды. Қазіргі таңда оның 150-ы (44,64%-ы) сауықтырылды.

Тарқатып айтсақ, өткен жылы 0-18 жас аралығындағы 4212 бала профилактикалық тексеруден өтуге тиісті еді. Сайқын ауылындағы №1учаскесіне тіркелген 1146 баланың 1136-сы қаралған, Мұратсай ауылында № 2 учаскесі бойынша жоспарланғаны – 300,  қаралғаны-261, Бисен ауылында № 3 учаскеде  жоспарланғаны 629, қаралғаны-818, Орда  ауылында № 4 учаскеде жоспарланғаны-852, қаралғаны-749, Бөрлі ауылында № 5 учаскеде жоспарланғаны — 407, қаралғаны 391, Саралжын ауылында № 8 учаскеде жоспарланғаны — 346, қаралғаны — 643, Ұялы ауылында №9 учаскеде жоспарланғаны — 383, қаралғаны -245. Көрініп тұрғандай, бірқатар учаскеде тексерілгендер саны жоспарлағандардан аздау. Қай ауруды да ерте бастан емдеген жқн. Сондықтан жоспарлы тексерістен уақтылы өтіп, балалар денсаулығын жауапкершілікпен қарайық.

 

Ақлима ИШАНОВА,

аудандық аурухананың балалар дәрігері.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар